Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Елімізде табысын жоғалтқан кинотеатрлар қайта ашылуы мүмкін

Елімізде кинотеатрлар қайта ашылуы мүмкін. Бірақ, көрермен залын толтырмай, санитарлық талап сақталуы тиіс. Қазір Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл мәселені жан-жақты зерделеп жатыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Елімізде табысын жоғалтқан кинотеатрлар қайта ашылуы мүмкін
Google

Кинотеатрлардың жұмысын қайта жандандыру жөніндегі ұсыныс жуық арада өтетін коронавирусты таратпау жөніндегі Үкіметтік комиссияның отырысына шығарылады. Алайда, зал 100 пайыз толтырылмайды. Сонымен қатар, кинотеатрлардың иелері санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қатаң сақтауға міндетті, - деп мәлімдеді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті.

Комитет ұсыныс білдіргенмен, соңғы шешімді Үкіметтік комиссия қабылдайды. Оның үстіне, елдегі эпидемиялық ахуал да назарға алынады. Егер қауіп-қатері сейілмей тұрса, шектеу мүлде алынбауы да мүмкін. Бір жағынан, бұлай мәселе көтермеске де болмай тұр. Себебі, еліміздің кинотеатрлар иелері қауымдастығы 10-15 миллиард теңгеге дейін табыс жоғалтқандарын айтып зар қағып отыр.

Қазірдің өзінде елдегі 92 кинотеатрдың жетеуі жабылып тынған. Тым болмаса, бизнесін сақтап қалу үшін олар қандай талап қойса да келісіп, жұмыс істеуге дайын. Кинотеатрлардың бұл өтініші енді жерде қалмайтын сияқты. Бірақ, бұл – кинозалдарды көрермен 100 пайыз толтырып отырады деген сөз емес. Ал сала өкілдері ең болмаса қашан ашылатынын нақты айтуын сұрап отыр.

Біз үлкен дайындық жасадық. Араға екі орын қалдырып отырғызу, желдеткіш жүйесін тазарту, санитайзер, бетперденің бәрін орындап, тіпті, ауадағы бактерияларды өлтіретін инфрақызыл сәуле сатып алдық. Тым болмаса, бізге нақты қашан және қандай талаптармен ашылатынымызды айтсын. Қазір шығынымызды айтқымыз да келмейді, тек кәсібімізді сақтап қалу қалып тұр, - дейді кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенко.