Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Кентау қаласында грантқа таласқан бір топ әйел жаппай төбелесті

583 мың теңгенің грантын алу үшін жұмыспен қамту бөлімінің басшысына 50 мың теңге беру керек, – дейді олар.

Кентау қаласында грантқа таласқан бір топ әйел жаппай төбелесті
фото: видеодан скриншот

Кентауда грантқа таласқан әйелдер әкімдік алдында қырғын салды. Төбелестің туындауына шенеуніктердің ақшаны әділ бөлмегені себеп болған деп хабарлайды Paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасынан бизнес бастауды үйрететін курс оқып, сол арқылы мемлекеттен бір жолғы берілетін қайтарымсыз қаржыны ала алмай қалған әйелдер қала әкімдігіне келген. Бірақ шенеуніктер шықпаған соң, ашулы топ ғимаратты басып кірмек болып, күзетшілерден ары өте алған жоқ.

Олардың айтуынша, кәсіпкерлер палатасынан арнайы курс оқып, бизнеске бір мәрте берілетін қайтарымсыз қаржыны  атқамінерлер тамыр-танысы мен қалталыларға берген.

Ешкім еріккеннен келіп тұрған жоқ! Әділдік керек! Шықсын! - дейді олар. 

Шулағандардың екпінінен қорыққан болуы керек, шенеуніктер шығып, әйелдерді ішке кіргізбекші болған еді, бірақ қырсыққан топ жиналысты сыртта жасасын деген талап қойды.

Әйелдердің сөзінше, бизнес-бастау үшін берілетін 583 мың теңге тым әділетсіз бөлініпті. Шын мұқтаждар шетте қалып, жарты миллион теңге қалталыларға берілді дейді.

583 мың теңгенің грантын алу үшін жұмыспен қамту бөлімінің басшысына 50 мың теңге беру керек, – дейді олар.

35 грантты тек бизнесі, жағдайы, үйі бар адамдар ұтып алған. Мына біз сияқты мұқтаж адамдар, менің жолдасым мүгедек, балам мүгедек, пәтерден пәтерге көшіп жүрміз, үйіміз жоқ. Бақытжан ағай соны біліп тұрып, менің құжатымды қарамаған. Тек өз таныстарына беріп жатыр дегенді естіп жатырмыз, – дейді Әйгерім Нұржанова. 

Жиналғандар қаланың жұмыспен қамту бөлімінде де былық көп екенін айтады. Мәселен, бөлімдегілер бұл кісінің құжатын былықтырып, салдарынан гранттан қағылыпты. Ал сол грантты қалаған адамға бөлетін шенеуніктің өзі тізімге кіргізу үшін ақша сұрады дегенді жеткізді ашулы топ. 

Өзімізден жеке шығып 50 мың теңгеден сұрады. Бақытжан Айтбаевтан әділдік сұрап, үкіметтен қайта аламыз ба десек, біздің өзімізден 50 мың теңгеден бересіздер ме деп сұрады, – дейді Ақжарқын Жауынбаева. 

Гранттан қағылған топ шенеуніктермен сөйлесіп тұрғанда қайтарымсыз ақшаны алғандар да келе қалды. Олар “бәрі әділ өтті" деп шулаған еді. Бірте-бірте даусы күшейіп, ақыры ақша алғандар мен дымсыз қалған әйелдер жұдырықтасып тынды.

Біраз уақытқа созылған төбелестен бет тырналып, қан шықты. Шаш жұлысқан әйелдерді маңындағылар әзер жүріп ажыратып алды. Ақша ала алмай жүргендер қос топтың ашуына шенеуніктер кінәлі дейді. Бірақ атқамінерлер “бәрі әділ бөлінді" деп отыр.

Мысалы, ережеде қалталы азаматтарға берілмесін деген сөз жоқ. Екіншіден, оны біз барынша әділ қарадық. Бірінші – атаулы көмек алатын тұрмысы төмен отбасыға, көп балалы отбасыға. Мен ешкімнен ақша сұраған жоқпын. Жала жауып жатыр, – дейді Кентау қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Айтбаев. 

"Жала жапты" деген бөлім басшысы енді өзіне қатысты айтқан әйелдерді сотқа бермекші. Ал шенеуніктің кесірінен гранттан қағылдық деген топ жұмыспен қамту бөлімінің мамандарынан бастап басшысына дейін тексерсін деп, прокуратура, жемқорлыққа қарсы күрес органдары мен облыс әкіміне дейін шағым түсірмекші.