Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Тәуелсіздік жылдары қазақ ғылымында қандай өзгерістер болды?

Мысал ретінде, 1991-2000 жылдар аралығында республикадағы ғылыми қызметкерлердің саны 27,6 мыңнан 14,8 мыңға дейін екі есеге қысқарғанын атап өткен жөн.

Тәуелсіздік жылдары қазақ ғылымында қандай өзгерістер болды?
Дереккөз: newtimes.kz

Қазақ ғылымының бастауы көнеден болса да, соңғы жылдары, әсіресе, тәуелсіздік жылдары еліміз ғылымға айрықша көп көңіл бөліп келе жатыр. Ендеше осы мақалада Тәуелсіздік тұсындағы Қазақстан ғылымы туралы айтпақпыз. Жалпы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстандағы ғылым саласы барлық посткеңестік елдердегідей күрделі кезеңдерден өтті.

90-шы жылдарданбастап кеңестік кезеңнің ең мықты ғылыми әлеуеті мен күш-жігері (ғылымның әртүрлі бағыттары бойынша құрылған ірі ғылыми мектептер, салмақты нәтижелер, жаңалық ашу және т.б.) өз ұстанымын жоғалтып, күрделі мәселелерге тап болды.

Мемлекет аумағында көптеген ғылыми институттар жабылып, зерттеу жүргізуге арналған материалдық-техникалық базаның деңгейі төмендеді. Бұл еліміздегі ғылымның тиімділігінің төмендеуіне, ең бастысы - кадрлардың тұрақтамауына алып келді. Білікті мамандар жалақының тым аз болуына байланысты шетел ғылыми-зерттеу орталықтарына жұмыс істеу бастады. Бұл ретте, елде кәсібі білікті мамандардың жетіспеушілігі байқалды. 

Мысал ретінде, 1991-2000 жылдар аралығында республикадағы ғылыми қызметкерлердің саны 27,6 мыңнан 14,8 мыңға дейін екі есеге қысқарғанын атап өткен жөн.

Осы күрделі дағдарыс салдарын реттеу бойынша жаңа отандық құрылымдарды, ғылым саласындағы ұлттық нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру жөнінде алғашқы қадамдар жасалды. 1992 жылдың өзінде Қазақстан Республикасының «Ғылым және мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаты туралы» Заңы қабылданды.

2000-шы жылдары ғылым саласындағы реформаларды одан әрі жетілдіру және жаңа міндеттерді айқындау үшін Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы және Қазақстан Республикасының «Ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.

Ең озық әлемдік тәжірибелер мен қазіргі заманғы жағдайларды ескере отырып, ғылымды басқарудың жаңа моделі 2011 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» жаңа заңында қамтылды. Бұл модель қаржыландырудың жаңа нысандарын, шетелдік сарапшыларды кеңінен тарта отырып, көп деңгейлі сараптама негізінде ғылыми жобаларды конкурстық негізде іріктеу, сондай-ақ ғылым мен білімнің терең интеграциясын, жоғары оқу орындарының ғылымын күшейту секілді өзге де ғылымды басқарудың жаңа құрылымдарын енгізу туралы толыққанды реформаларды қамтыды.

Ғылымды бұдан әрі реформалау мақсатында 2015 жылы қабылданған «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Қазақстан Республикасының  Заңы қолданысқа енгізілді. Ол ғылыми зерттеулерді практикалық іске асырудың жаңа тетіктерін әзірлеуге, ғылыми зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізуді қамтамасыз етуге тікелей бағытталған.

Қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар ғылыми-зерттеу қызметін кеңінен ынталандыруға бағытталды, бұл дегеніміз жалпы ғылымды қаржыландыруды ұлғайтуды көздеуде.

Бұған қоса, PhD докторантураның жаңа бағдарламалары бойынша ғылыми кадрларды даярлау үшін жылына 2 мыңнан астам гранттар бөлінді, сонымен бірге шетелдік, оның ішінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамалар саны ұлғайтылды. Отандық ғалымдардың материалдық мәселелері де шешілді.

Сонымен қатар, еліміздегі жас ғалымдарды әлеуметтік-материалдық тұрғыдан жан-жақты қолдау мақсатында оларға көптеген пәтерлер берілді, PhD докторанттары үшін стипендия мөлшері 80%-ға ұлғайды, сондай-ақ ғалымдардың ғылыми жетістіктері үшін Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық және ғылымның әртүрлі салаларындағы жыл сайынғы атаулы сыйлықтар мен  ғылыми стипендиялар беріледі (сыйлық мөлшері 150-ден 350 АЕК-ті құрайды).

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті өкілдері 2020 жылы Қазақстандағы ғылыми-зерттеу институттарына техникалық жаңғырту жүргізілгенін атап өтеді. Соның ішінде елімізде ғылыми ұйымдардың базасын жаңарту және оларды нығайту жөніндегі жаңа бюджеттік бағдарлама бойынша 2,8 млрд теңге көлемінде 23 институттың зертханалық жабдықтары сатып алынған.

2021 жылы осы мақсаттарға қол жеткізу үшін 3,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Министрлік өкілдері алдағы уақытта ғылыми институттарды жаңғырту жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

Жас ғалымдар мен республика ғалымдарына елеулі мемлекеттік қолдау көрсеткен басқа да тұлғаларға қатысты гранттардың жаңа түрлері енгізілген, коллаборацияға (3 жылдық грант), қысқа мерзімді (1 жылдық грант).

Бұдан бөлек, ғылым саласының алдында тұрған жаңа міндеттерді шешу үшін бүгінгі күні ғылымды дамыту жөніндегі ұлттық жоба және «Ғылым туралы» Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу пакеті әзірленуде. Ел игілігі үшін іргелі және стратегиялық зерттеулер жүргізетін ғылыми қызметкерлерді ғылыми-зерттеу институттарының базалық қаржыландыру тізбесіне қосу туралы ұсынысты қосу жоспарлануда (бұдан бұрын тізбеге тек инфрақұрылым бойынша шығыстар мен әкімшілік персоналға ақы төлеу ғана кіретін).

Қорыта айтқанда елімізде ғылым саласын дамыту әрі бәсекеге қабылетті елдердің білім деңгейімен теңестіру үшін, барлық жағдайлар жасалуда.