Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

"Болашақ" бағдарламасында тағылымдамалардың жаңа санаты пайда болды

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде 612 стипендиат білім алуда, оның 551-і 19 елде, пандемия ахуалына байланысты 61-і Қазақстан аумағында қашықтықтан онлайн форматта білім алуда.

"Болашақ" бағдарламасында тағылымдамалардың жаңа санаты пайда болды
Дереккөз: 24.kz

Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағайындалатын тағылымдамалардың жаңа санаты пайда болды. Бұл туралы Paryz.kz тілшісі хабарлайды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Онда мемлекеттік хатшы өз сөзінде: «Болашақ» бағдарламасы – бұл тәуелсіз Қазақстанның адами капиталын дамытуға және ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған серпінді жоба» екендігін атап өтті.

Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы аясында, бүгінгі күні шетелде білім алу және тағылымдамалардың арқасында, 11 мыңнан астам қазақстандық азамат өздерінің кәсіби деңгейі мен дағдыларын арттыруға мемлекет тарапынан толық мүмкіндік алды.

Әлемдегі және еліміздегі пандемиялық ахуалға байланысты орын алып отырған қиындықтарға қарамастан, мемлекет тарапынан шетелдегі ең күшті университеттер мен ғылыми орталықтарда қызметкерлер мен мамандарды оқыту үрдісі жалғасуда.

Соның ішінде, комиссия шешімімен «Болашақ» халықаралық стипендиясы магистратура мен докторантурада оқитын, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберілетін 113 үміткерге берілді.

Сонымен бірге, комиссия «Болашақ» бағдарламасы аясында тағылымдамалардың жаңа санатын бекітті. Енді осы бағдарлама бойынша мәдениет және спорт саласының қызметкерлері тағылымдамадан өтуге құқылы болып табылады.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде 612 стипендиат білім алуда, оның 551-і 19 елде, пандемия ахуалына байланысты 61-і Қазақстан аумағында қашықтықтан онлайн форматта білім алуда. Бұған қоса, 421 стипендиат академиялық оқуға және  тағылымдамадан өтуді күту үстінде.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік хатшы  «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі іске асыру, оның ішінде үміткерлерді іріктеу қағидаларын жетілдіру, отандық ғалымдарға жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми ұйымдарда ғылыми тағылымдамалардан өтуді ұйымдастыруға көмек көрсету туралы бірқатар тапсырмалар берді.

Биылғы жылы қанша қазақстандық жас шетелге оқуға аттанады?

Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасынан бөлек, шетелге білім алуды көздейтін жастар саны жыл санап артып келеді. Ел Үкіметі мұны қазақстандық жастардың білім аясын кеңейткісі келетін, алғырлықтарымен байланыстырса, енді бірі ел-жер көру мақсатында, шетелдік ЖОО-ын таңдайды дейді. Осы орайда мақаланың бұл бөлімінде биылғы жылы шетелде білім алғысы келетін жастар жайлы айтатын боламыз.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша биылғы жылы 300-ден астам қазақстандық жастар шетелдің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге ұсыныс білдірген.

Атап айтқанда, Венгрия, Қытай, Польша, Украина, Словакия, Әзірбайжан, Вьетнам университеттеріне оқуға түсуге бірқатар ұсыныстар түскен. Шетелдің жоғары оқу орындарына түсуге ұсынылған азаматтардың нақты саны 330 адамды құрайды.

Олардың барлығы Үкіметаралық гранттар аясында шетелдік жоғары оқу орындарына тегін оқуға бара алады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес барлық елдер арасында Қазақстанға білім гранттарының басым бөлігін Венгрия бөлген – 250. Қытай – 47, Польша – 11, Украина – 10, Әзірбайжан – 8, Словакия – 3, Вьетнам – 1. Гранттар бакалавриат, магистратура, PhD докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша бөлінген.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозова жеке әңгімелесу барысында әрбір үміткерге мамандық таңдауға деген ынтасы, теориялық білімі мен таңдаған мамандығы бойынша қол жеткізген жетістіктері деңгейін анықтау үшін бірқатар сұрақтар қойылатынын атап өтті.

Сондай-ақ, ол үміткерлердің жеке қасиеттері ескерілетінін, білім беру гранттарын тағайындау туралы түпкілікті шешімді қабылдаушы тарап қабылдайтынын жеткізді.

Үміткерлерді тәуелсіз комиссия іріктеген, оның құрамына депутаттар, сарапшылар, инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының доктор ғалымдары кіреді. Негізгі және резервтік тізімге үш критерий бойынша ең жоғары орташа балл жинаған кандидаттар енгізілді, соның ішінде шет тілін білу деңгейі, білім туралы құжаттың орташа балы және әңгімелесу қорытындысы бойынша орташа баға шығатынын атап өткен жөн.

Қазақстандық шетелдік білім беру агенттіктері қауымдастығының (KAEA) деректері бойынша Қазақстанда отандастарымызға шетелдік білім беру мекемелеріне түсуге көмектесетін 100-ге жуық агенттік жұмыс істейді.

Сонымен қатар, KAEA атқарушы директоры Жанна Меңдібаеваның айтуынша, нарықта Ресей мен Ұлыбританиядан келген көптеген агенттіктер, сондай-ақ талапкерлермен жұмыс істейтін жалғыз агенттер бар. Мұндай қызметтерді ұсынатындардың жалпы санын есептеу қиын.

"Қазақстаннан шет елдерде (мектеп-пансионаттарда, университет алдындағы бағдарламаларда, ЖОО-да) қанша студент оқып жатқанын түсіну де өте қиын: ресми органдар мұндай есепті жүргізбейді", - дейді Меңдібаева. Алайда, шетелге оқуға кеткен студенттер саны туралы ақпаратты UNESCO сайтынан табуға болады.

Ұйымның мәліметінше, 84 861 қазақстандық азамат бүгінде өз елінен тыс жерде білім алуда. Олардың көпшілігі Ресейдің оқу орындарында-65 237 адам болса, екінші орында Қырғызстан тұр – 3290. Үшінші орында - 2015 қазақстандық студенттерді қабыл алған Түркия тұр. Сонымен бірге UNESCO, мысалы, Сауд Арабиясында оқитын қазақстандықтар туралы деректер 2018 жылы (184), Египетте – 2016 жылы (69) деп көрсетілген.

M&K білім беру орталығының бас директоры Айгүл Қалдыбаева 22 жыл ішінде 5547 студентті шетелге жібергенін айтады: "1998 жылы мен компания ашқан кезде олардың жетеуі ғана болды. Қазір көп жібереміз. Мысалы, біздің ең өнімді кеңесшілеріміз жылына 50-ден 90-ға дейін студенттерге академиялық бағдарламаларға түсуге көмектеседі",-дейді ол.

Оқуға түсудің ұзақ, күрделі әрі қымбат процесіне қарамастан, қазақстандықтар шетелдік білім беруге қаражаттарын аямайтын көрінеді. Себебі олар жұмысқа орналасу кезінде шетелдік диплом бәсекеге қабылетті әрі табысты мансапқа жетуге көмектесетініне сенімді.