Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Жалақы мен шығынымызды төлесін!": Елордада рестораторлар Үкіметке талап қойды

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, пандемияға дейін елімізде 95 мыңдай тамақтандыру орны болса, пандемия басталған шақта ол 80 мыңға қысқарыпты. Бүгінге дейін соның 10-15 пайызы банкрот болып, жабылып тынған. Ал бұндай қатаң талапты мейрамханалар көтере алмайтынын айтады.

"Жалақы мен шығынымызды төлесін!": Елордада рестораторлар Үкіметке талап қойды
фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтанда бүгіннен бастап қоғамдық тамақтандыру орындарында карантин күшейтілді. Қатаң талапқа көнгісі келмеген рестораторлар Үкіметке жалақы мен шығынды төлесін деген талап қойып отыр деп хабарлайды Paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Енді Ashyq жүйесіне кірмейтін нысандар тек таңғы 7-ден түскі 12-ге дейін жұмыс істейді. Ал жүйеге кіргендері тек түстен кейін 5-ке дейін істейді.

Өйткені онсыз да шығынға батып жатқан сала бұдан былай шетінен банкрот болып, жабылуы мүмкін.

Қоғамдық тамақтандыру орындары, оның ішінде әсіресе, дәмхана, мейрамханалардың негізгі кірісі түнгі 10-нан сағат екіге дейін түседі. Тіпті кешкі 8-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат бергеннің өзінде тауар айналымының 90 пайызынан қағылады. Ал елорда мен Атырау, Шымкент секілді ірі қалаларда кешкі 5-ке дейін ғана рұқсат беру – 160 пайызға шығынға бату дегенді білдіреді. "Мұндай жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес" деген қауымдастық өкілдері Үкіметке талап қойды.  

Егер елде жағдай шынымен қиын болса, онда былтырғыдай локдаунға жабайық. Ал осындай тәртіппен жұмыс істей беретін болсақ, онда бізге ғимаратты жалдау ақысын төлеуге, жұмысшылардың жалақысын, коммуналдық шығындар мен салық төлеуге көмектессін. Әйтпесе мойнымыздағы несиені ешкім тоқтатып қойған жоқ, оны төлеуіміз керек, – дейді ҚР Қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

Қауымдастық өкілінің айтуынша, осындай бір нысанды ашып-жабуға кем дегенде 3 миллион теңге керек. Ал бір күндік жұмысына кемі 215 мың теңге жұмсалады. Осы шығынды Үкімет өтеп берсін деп отыр. Алайда мамандар эпидемиологиялық жағдай ушығып бара жатса да, оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отырмыз дейді.

"Қызыл" статусы бар кісілер көбінде қоғамдық тамақтану орындарында тіркеліп отыр. Оны да ескере кету керек. Дәл қазіргі жағдайда оларға жұмыс істеуге кішкене мүмкіндік беру үшін. Егер эпидемиологиялық жағдай одан әрі ушығатын жағдайда тағы да осы карантин шектеуін күшейту туралы шешім қабылдануы мүмкін, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Санитария-эпидемиология бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнұр Дәулетбаева. 

Анығында карантин талабын сақтауға келгенде жұрттың селқостығы жасырын емес. Мәселен, 100-ден аса адам жиналған той осы өткен демалыста анықталды.

Соңғы үш күнде бас қалада осындай 70-тен аса карантин тәртібін бұзу дерегі анықталған. Қалада 8 мыңдай қоғамдық тамақтандыру орны болса, соның тек 1100-і ғана Ashyq жүйесінде. Рестораторлар қауымдастығы уақытты ұзартпаса немесе шығынымызды өтемесе, осындай жайттар тыйылмайды деп отыр. 

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, пандемияға дейін елімізде 95 мыңдай тамақтандыру орны болса, пандемия басталған шақта ол 80 мыңға қысқарыпты. Бүгінге дейін соның 10-15 пайызы банкрот болып, жабылып тынған. Ал бұндай қатаң талапты мейрамханалар көтере алмайтынын айтады. Сондықтан Үкімет жеңілдік жасап көмектеспесе, жабылу жалғаса беретіні сөзсіз деп отыр.