Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Еліміздің аэроғарыш саласының даму қарқыны қандай?

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректері бойынша, космомониторинг деректерін пайдалану арқылы кадастрлық құны 149 млрд теңге болатын 11 мың жер учаскесін мемлекет айналымына қайтаруға, құны 41 млрд теңгеден асатын 3,5 млн гектарды игеруге жол ашылған.

Еліміздің аэроғарыш саласының даму қарқыны қандай?
Дереккөз: newtimes.kz

Қазақстанның ғарыш саласы еліміздің көптеген келелі мәселелерін шешуге, мәселен, кез келген автокөлік жүргізушісі тап болатын навигациядан бастап, орман өрттерімен күреске дейінгі ең заманауи технологияларды пайдалануға мүмкіндік бере алады. Сонымен қатар, ғарыштық технологиялар ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементі болып табылады. Сол себепті материалдың бүгінгі санын осы тақырыпқа арнауды жөн көрдік.

Бүгінде Қазақстанда Ұлттық ғарыштық байланыс, Жерді қашықтықтан зондтау, жоғары дәлдікті навигация жүйелері құрылды. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі үш спутникті қамтиды: жерүсті басқару кешені және ЖҚЗ деректерін түпкілікті тұтынушыларға қабылдау, өңдеу және таратудың нысаналы кешені.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректері бойынша, космомониторинг деректерін пайдалану арқылы кадастрлық құны 149 млрд теңге болатын 11 мың жер учаскесін мемлекет айналымына қайтаруға, құны 41 млрд теңгеден асатын 3,5 млн гектарды игеруге жол ашылған. Космомониторинг рұқсат етілмеген полигондар сияқты қоршаған ортаға төнетін осындай елеулі қатермен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Тек 2019 жылдың өзінде республиканың 17 қаласында 9 268-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталды. Осыған байланысты экологтар мен әкімдіктер жүргізген жұмыстың нәтижесінде 2 768 қоқыс үйіндісі, яғни олардың 30%-ы жойылды.

Космомониторинг ауыл шаруашылығы өндірісін жоспарлаудың тиімділігін арттырады және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты үлес қосады. Айта кетерлігі, сарапшылардың пікірінше, астықты уақтылы жинамау оның 12%-на дейінгі жоғалуына әкеп соқтырады. Осылайша ғарыштық технологияларды қолданудың арқасында 2019 жылы өткен жылмен салыстырғанда жиналмаған алқаптар екі есеге (54,5 мың га) қысқарды.

Сондай-ақ космомониторинг төтенше жағдайлардың жедел алдын алуға және апаттардың салдарын жоюға мүмкіндік береді. Мәселен, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуынан кейін, су басу алаңына күн сайын бағалау жүргізіліп, зардап шеккен үйлердің саны анықталды. Ғарыштық мониторинг деректері KazStSat және KazEOSat-1 қазақстандық спутниктерінен алынды. Қысқа мерзім ішінде "Қазақстан Ғарыш Сапары" мамандары елді мекендердегі барлық үйлер мен құрылыстарды, сондай-ақ су басу аймағындағы ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлерді анықтады. Бұл мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесінде цифрландырылған кадастрлық деректердің болуының арқасында мүмкін болды. Алынған мәліметтер әкімдікке зардап шеккен азаматтарды: елді мекендердегі жылжымайтын мүлік иелерін де, жер учаскелерінің иелерін де белсенді түрде анықтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, былтырғы жылдың 11-ші мамырында өзбек тарапына жалпы ауданы төрт жүз қырық мың шаршы шақырымнан асатын қазақстандық спутниктердің ғарыштық суреттері берілді.

Kazsat ғарыштық байланыс жүйесін дамыту

Қазақстанның ғарыштық байланыс жүйесі екі байланыс спутнигін қамтиды-KazSat-2 және KazSat-3. Олар Қазақстанның телехабар тарату мен байланыс саласындағы қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Олардың көмегімен еліміздің барлық аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелерге (мектептер, ауруханалар, әкімдіктер) байланыс, деректер беру қызметтері және интернет желісіне қолжетімділік ұсынылады. Сондай-ақ соңғы жылдары байланыс спутниктері арқылы шалғай аудандардың тұрғындары үшін интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жүзеге асырылуда.

Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені

2019 жылы ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысы аяқталды. Ал 2020 жылы халықаралық стандарттарды және ғарыш аппараттарын құрастыру мен сынауға дайындығын растау үшін кешеннің операциялық біліктілігін өткізілді. Кешен жобалаудан бастап, спутниктерді құрастыруға және сынауға дейін, сондай-ақ құрауыштарды дайындауға дейінгі жұмыстардың толық циклін жүргізуге мүмкіндік беруде. ҚұСК жүктемесі ең алдымен KazSat-2R спутнигін жасаумен қамтамасыз етіледі, екіншіден, AirBus концернінің тапсырыстарын орындаумен, үшіншіден, ЕАЭО ЖҚЗ спутниктері топтамасын жобалау және өндіру жоспарлануда.

"Байқоңыр" ғарыш айлағын сақтау және дамыту

Байқоңыр ғарыш айлағы – бұл әлемге ғылыми-техникалық прогреске, ал адамзатқа ғарышқа жол ашқан ғарыш айлағы. Дәл осы ғарыш алаңынан ғарыш дәуірінің басталуын жариялаған алғашқы спутник ұшырылды. Қуантарлығы Байқоңыр бұрынғысынша сұранысқа ие болып отыр. Бүгінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының болашағы екі ірі халықаралық жобамен байланыстырылып отыр. Олардың біріншісі - Ресеймен бірлесіп, орта санатты "Союз-5" зымыран тасығышын ұшыру үшін "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру. Екіншісі - Ресеймен және БАӘ-мен бірлесіп "Союз-2" зымыран-тасығыштарын ұшыру және олардың модификациялары үшін Байқоңыр ғарыш айлағындағы №1 ұшыру алаңын реконструкциялау бойынша "Гагарин старты" жобасы пысықталуда.  Бұдан басқа, қазақстандық мамандар ғарыш айлағынан жүзеге асырылатын барлық ұшыруларды экологиялық сүйемелдеуді жүзеге асырады. Тек 2019 жылы әртүрлі зымыран тасығыштардың 13 ұшырылымы болды, 2020 жылы осындай 20 ұшырылым болған. Жалпы Байқоңыр ғарыш айлағы ғарыш саласын дамытудың кешенді бағдарламасының негізгі элементі болады деп жоспарлануда.

Жалпы, цифрландырудың экономикалық тиімділігі 2019-2020 жылдары 802,5 млрд теңгені құрады. Инновациялық экожүйеге 32,8 млрд теңге тартылды және аралас салаларды ескере отырып, шамамен 120 000 жұмыс орны құрылды. Аталған екі жылы министрліктің әр саласы бойынша 170 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.