Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Қазақстанда цифрландыру саласында қандай оң өзгерістер бар?

2020 жылғы байланыс саласын қорытындылайтын болсақ, бұл салада 8,6%- ға (880 млрд теңге) өсім байқалды.

Қазақстанда цифрландыру саласында қандай оң өзгерістер бар?
Дереккөз: 24.kz

Қазақстанда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі саласында соңғы жылдары біршама оң өзгерістер орын алуда. Осыған орай, мақаланың бүгінгі санында осы салада былтырғы жылы қандай жұмыстар атқарылғандығын және алда қандай мақсаттар тұрғандығы жөнінен хабардар ететін боламыз.

2020 жылы бүкіл әлемде пандемия болғанына орай, еліміздің цифрландыру саласы да жедел даму үстінде болды. Себебі офлайн форматтан онлайн форматқа өту кезеңі – елдегі интернет сапасының жоғары әрі жедел болуын қалады. Бұл жөнінде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин былай дейді: "2020 жыл қиын болды. Пандемия цифрландыру қарқынын жеделдетті. Себебі бәрі онлайн режиміне өтті. Осылайша елімізде байланыс пен интернетке қол жетімділіктің маңыздылығы артты. Көргеніміздей интернет пандемия кезінде күллі әлемді құтқарды. Біздің қазақстандықтар да, оны әлем елдері сияқты сезді", - деді министр.

2020 жылғы байланыс саласын қорытындылайтын болсақ, бұл салада 8,6%- ға (880 млрд теңге) өсім байқалды. Атап айтқанда, 5214 ауыл мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Десе бүгінгі күні республика бойынша 1200 ауылда әлі де интернет жылдамдығына қатысты мәселелер туындап отыр.

"2021 жылы біз елдімекендердегі интернет сапасын жақсарту үшін жұмыс істейтін боламыз. Ол үшін 286 ауылды 3G/4G, 80 ауылды спутниктік трансмиссиядан жерүсті инфрақұрылымына ауыстырамыз және 255 ауылды мобильді КЖҚ сапасын жақсартамыз", - деді өзінің есептік кездесуінде министр Бағдат Мусин.

Ведомство басшысының сөзінше, бұған дейін байланыс сапасының ең төменгі шегі реттелмеген екен. Енді байланыс сапасының ең төменгі көрсеткіштері анықталған әдістеме бекітілмек. Мәселен 4G үшін – кемінде 5 МБ/сек, 3G үшін - 1 МБ/сек және т.т. Осыған сәйкес байланыс операторлары сапа параметрлерін сақтамағаны үшін жауапқа тартылмақ.

Сонымен бірге, Бағдат Мусин бүгінде мемлекеттік қызметтерді тек eGov арқылы ғана емес, сонымен қатар басқа платформалар негізінде, мысалы, банктердің қосымшалары арқылы алуға болатынын атап өтті.

"Банк жеке тұлғаны дұрыс сәйкестендіру мәселесіне кепілдік береді. Елімізде екінші деңгейдегі банктардағы қауіпсіздік мәселесі нарықтағы орташа деңгейден әлдеқайда жоғары. Бүгінде халық онлайн-форматта қызмет алу мүмкіндігі туралы оң пікірде болып отыр. Елден тыс жерлерде тұратын Қазақстан азаматтары енді eGov көмегімен некеге тұра немесе бұза алады, баланың тууын тіркей алады, атын, тегін, әкесінің атын өзгерте алады және қайтыс болғаны туралы анықтаманы ала алады. Дайын құжат Қазақстанның шетелдегі елшілігінде немесе консулдығында беріледі. Біз онлайн-форматқа шетелде тұратын отандастарымыздың арасында ең сұранысқа ие қызметтерді енгіздік. Енді қазақстандықтар қажетті құжаттарды eGov арқылы рәсімдеп, тұратын елінен шықпай-ақ ала алады. Қызметтер әлемнің 20-ға жуық ірі еліндегі Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтарының қатысуымен жүзеге асырылды", - деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Бұған қоса, елімізде қағаз және цифрлық құжаттардың тең мәні заңнамалық түрде бекітілген. 20-шы сәуірде "БНАЖ" бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесінің (Е-нотариат) "цифрлық құжаттар" сервисіне қол жеткізуін ұсыну бойынша жұмыстар жүргізілді. Оған сәйкес енді азаматтар Нотариаттық қызметтерді алу кезінде қағаз құжаттардың орнына цифрлық құжаттарды ұсына алады.

"Түпнұсқа құжаттары бар әмиян аса қажет емес, ол үшін смартфон да жеткілікті. Бұл жаңа тәсіл, енді ел тұрғындары оған да үйрене бастайды. Бұл ретт анықтама сұрауды болдырмау үшін, 28 қызмет бойынша қағаз растамаларды алынып тасталды, ал бұл шамамен 33 млн құжат. Жыл соңына дейін цифрлық растау есебінен тағы 6 млн анықтаманы қысқарту жоспарланып отыр", - деп нақтылады министр.

Министрлік ұсынған мәліметтерге сәйкес, цифрлық құжаттар сервисі шеңберінде еGov mobile мобильдік қосымшасында 800 мыңнан астам пайдаланушы пайдаланған цифрлық құжаттардың 15 түрі (жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, туу туралы куәлік, неке қию туралы куәлік, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, техникалық паспорт, COVID-19-ға ПТР тестілеу нәтижесі, студенттік билет, диплом, зейнеткер куәлігі, қандас куәлігі, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, әлеуметтік ID, вакцинация паспорты) жүзеге асырылған. Былтырғы жылы, пандемия күшейген кезеңде Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен байланыс орталығына жүктеме еселеп артқаны баршаға аян. Осыған  орай, азаматтарға арналған корпорация қуаттылығын арттырып, бүгінде олардың қызметін орташа күту уақыты 5 минуттан 100 секундқа дейін қысқарған. Министрлік алдағы уақытта бұл уақытты 30 секундқа дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

"Біз азаматтарға әдемі әуендерді тыңдатып қойып, телефонда минуттар тұрғызып қоюдан  аулақпыз. Сол себепті, азаматтарға ыңғайлы болу үшін, мемлекеттік баж салығын QR арқылы төлеуді енгіздік. Қазір президенттік кадрлық резервтің үлгісі бойынша, Мемлекеттік корпорацияда "таланттар пулы" қалыптастырылды. Олардың міндет і- өзгеріс агенттері атану. Бүгінгі таңда осындай 350-ден астам кандидат іріктеуден өтті", - деді Бағдат Мусин.