Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

БЖЗҚ қанша салымшылары қордағы қаражатын сақтандыру компанияларына аударды?

Мәселен тек қаңтар айында зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін сақтандыру компанияларына 9,1 миллиард теңге аударылған.

БЖЗҚ қанша салымшылары қордағы қаражатын сақтандыру компанияларына аударды?
Дереккөз: liter.kz

Қазақстандықтар зейнет жасына жеткен соң, елдегі заңға сәйкес, БЖЗҚ-на аударған қаражаттарына байлайнысты, тиісті зейнетақы мөлшеріне қол жеткізе алады. Биылғы жылдан бастап, ел азаматтарына БЖЗҚ-ғы қаражатты тұрғын-үй жағдайларын жақсартуға, емделуге және инвестициялық пайда табуға пайдаланумен қатар, қосымша зейнетақыны өмір бойы алу мақсатында, оларды сақтандыру компанияларына сала алады. Мақаланың бүгінгі санында БЖЗҚ-ғы қаржыны жұмсаудың дәл осы түрі жайлы айтатын боламыз.

Көп жағдайда ел азаматтары зейнетақы аннуитеті түсінігі жайлы бейхабар болып жатса, жыл санап аталған жүйе бойынша зейнетақыға қосымша төлем алғысы келетін қазақстандықтар саны көбейіп келеді. Сол себепті алдымен зейнетақы аннуитеті жайлы сөз қозғамастан бұрын, оның не екеніне тоқталып өткенді жөн көрдік.

Салымшылармен өмір бойына зейнетақы төлемдерін төлеу туралы келісімшарт жасасқан сақтандыру компаниялары – зейнетақы аннуитеті қызметін жүзеге асыратын компания болып табылады.

БЖЗҚ ұсынған деректерге сәйкес, қазақстандықтар биылғы жылды осындай келісімшарттарды көптеп жасаумен бастаған. Мәселен тек қаңтар айында зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін сақтандыру компанияларына 9,1 миллиард теңге аударылған. Мысалы, тек 2020 жылы осы мақсатта аударылған ақша көлемі 46,3 миллиард теңгені құраған.

Ал, Қазақстан Республикасы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша қазіргі уақытта жалпы сомасы 283 миллиард теңгеге барлығы 61 мың зейнетақы аннуитеті жасалған.

БЖЗҚ мен сақтандыру компаниясынан алатын зейнетақының айырмашылығы қандай?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнеткерге зейнетақы ондағы жинақ таусылмайынша төленеді. Егер жинақтар жеткілікті болса да, зейнетақы төлемдері небары 79 жасқа дейін төленеді, ал одан әрі зейнеткер тек мемлекеттік бюджеттен зейнетақы ғана ала алады. Ал аннуитет шарты бойынша зейнетақы төлемдері жыл сайын кемінде 5%-ға ұлғайған мқлшерде,  зейнеткердің өмірінің соңына дейін беріліп отырады. Сондай-ақ, келісімшартқа зейнеткердің мұрагерлері қайтыс болғаннан кейін белгілі бір мерзім ішінде ай сайынғы төлемдерді алатын опцияны қосуға болады. Сол сияқты зейнетақы аннуитеті бойынша, төлемдерді алуды әдеттегіден 8 жыл бұрын бастауға болады, яғни ерлер үшін бұл 55 жыл болса, ал әйел адамдар үшін бұл жас 2021 жылдан бастап  60 жас болып табылады. Ескере кетер жайт, мұндай төлемдердің мөлшері мен басқа да шарттар БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты болмақ.

Сақтандыру компаниялары қандай мөлшердегі зейнетақы төлемдерін бере алады?

Сақтандыру компаниялары белгілі бір мөлшердегі зейнетақы төлемдерін жүзеге асыра алуы үшін, оған мөлшеріне сәйкес келетін жинақтарды бір рет беру керек. Мысалы, өткен жылы зейнетақы аннуитеті шарты бойынша, ең төменгі зейнетақы үшін аударылатын төлем – 40 441 теңге болды. Ал 55 жастағы ерлер үшін зейнетақы аннуитеті келісімшартын жасасу үшін, ең төменгі сома 11,3 миллион теңгені, ал 51,5 жастағы әйелдер үшін – 15,5 миллион теңгені құрады.

Осы жылдың басынан бастап зейнетақы аннуитеті бойынша ең төменгі сома ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% -на дейін азайды. Осылайша бүгінгі күні бұл сома - 24012 теңгені құрап отыр. Сонымен қатар жинақтарды сақтандыру компаниясына беру үшін жеткіліктілік шегі де төмендеді. Мәселен биылдан бастап 55 жастағы ер адам аннуитетті 6,7 миллион теңгеге, ал 52 жастағы әйел адам аннуитетті 9 миллион теңгеге сатып ала алады.

Мұндай жағдайда жыл сайын 5%-ға артатын зейнетақы төлемі шамамен 71 жаста таусылады. Десе де оған қарамастан, төлемдер одан әрі белгіленген мөлшерде жүзеге асырылып отыратын болады. Бұл ретте классикалық зейнетақы жасына дейін, сақтандыру компаниясынан зейнетақы төлемдерін алушы БЖЗҚ-ға одан әрі де ақша жинай алады, ал осы жасқа толғанда ол бірнеше зейнетақыны: мемлекеттен, БЖЗҚ-дан және сақтандыру компаниясынан ала алады.

Аталған салаға қатысты тағы бір өзгеріс, үстіміздегі жылдан бастап зейнетақы аннуитетін ертерек – 45 жаста да сатып алуға болады. Ол үшін, осы жастағы ер адамдар БЖЗҚ-да 6,1 миллион теңге, ал әйелдерге 7,7 миллион теңге жинауы тиіс. Алайда сақтандыру компаниясы зейнетақы төлемдерін тапсырыс беруші 55 жасқа толған кезде, яғни тек 10 жылдан кейін жүзеге асыра бастайды. Ал осы уақыт аралығында салымшы зейнетақы жинақтарын жеке мақсатта пайдалана алады немесе Қордан зейнетақы алу үшін, БЖЗҚ-ға аударымды одан әрі толықтыра алады.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы - бірлескен аннуитеттерді енгізу болып табылады. Мұндай келісім бір адамның емес, ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстарының қатысуын білдіреді.

Ерлі-зайыптылардың зейнетақы жинақтары қосылады және егер екі сомаға жеткілікті болса, онда екі салымшы да өмірінің соңына дейін зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етіледі. Бірлескен аннуитет, егер бір жұбайында жинақтар жеткіліксіз болса, ал екіншісінде жеткілікті болса, пайдалы болуы мүмкін. Зейнетақы аннуитеттері бойынша төлемдерге Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қаражаты есебінен кепілдік беріледі. Сол себепті тапсырыс берушілер, сақтандыру компаниясы банкротқа ұшыраса, төлемдерден айырылып қалуым мүмкін деп, алаңдамауы тиіс. Себебі, қор атынан кепілдік берілгендіктен, компанияның банкротқа ұшыруы, олардың салымдарына еш әсер етпейді.