Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің...

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы көпшілікке ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырату мақсатында «Din_almaty» инстагарам парақшасында ата-баба жолы мен жат ағымдар ұстанымынның ара жігін ажыратып берді.

Дін –  ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің...

Дін өте нәзік дүние. Дінді қабылдау үшін адамға терең білім керек. Бүкіл әлемде екі ғаламдық мәселе бар. Оның бірі экология мәселесі. Экология  бүкіл адамзатқа қауіп төндіріп тұр. Әлемдік ластану, неше түрлі аурулардың пайда болуы бірінші қауіп болса, екінші қауіп – терроризм. Терроризм де адамзат өміріне, әрбір қоғамға өте қауіпті болуда. Терроризм арқылы бүткіл қоғамды басқа бір бағытқа салып, елді түбегейлі жойып жіберуге болатын сондай бір күшке ие. Соңғы жылдары қой аузынан шөп алмайтын қарапайым халықтың үрейін ұшырып, арасына іріткі салып, неше түрлі бүліктерді шығарып жүрген экстремизм мен терроризм діни сипатта белең алып, мұсылман жұртшылығына жала жауып, қара күйе жағып жүр. Шынайы мұсылмандықты, исламды дұрыс түсінбейтіндер жат ағымның жетегінде кетіп, басқа қоғам, мұсылман емес елдер ислам дегенді естігенде зәресі ұшатындай жағдайға жетті.

Деструктивті топтар исламды озбыр дін ретінде көрсетуде. Бұл қазіргі қоғамның ащы шындығы. Ал шын мәнінде ислам тазалыққа, имандылыққа, сабырлыққа  шақыратын теңдессіз керемет дін. Ислам дінінде мұсылманның бәрі бауыр. Исламда бауырын нақақтан нақақ өлімге қимайды. Исламда адам өлтіру үлкен күнә деп есептеледі. Шын мәнінде исламның асыл дін екенін күллі әлемге дәлелдеп жүрген бауырлар, мұсылман топтар бар. Дегенмен соларға керісінше, мұсылманды озбыр етіп көрсетіп, бейбіт елдің берекесін алған жат ағымдар елдің  тыныштығын бұзуда.  

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Қазақстанда 130-дан астам этностар мен диаспоралар, көптеген дін өкілдері тату тәтті бір шаңырақ астында өмір сүріп жатыр. Осымен-ақ Қазақстан әлемге танымал, үлгі десек болады. Дей тұрғанмен экстремизм мен терроризм Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Терроризм мен экстремизм Қазақстанда да орын алып жатқандығынан жұртшылық хабардар. Экстремизм  мен терроризмнің мақсаты шариғатпен басқарылатын мұсылман елдерін, яғни, халифат құру. Бұл жат ағымдардың мемлекетке, қоғамға тигізер қаупі өте көп. Жат ағымда жүрген қоғам мүшелері өздерінің отбасында діни қарама-қайшылықтан, ойларының сәйкеспеуінен берекесі кетіп, ажырасуға, балалар жетім, әйелдер жесір қалуына себеп болып отыр.

Бұл күнкөрістің, әлеуметтік жағдайдың төмендігінен емес, көзқарастардың бөлек болуынан. Осының бәрі сауатсыздықтан, дінді дұрыс түсінбеуден шығып жатыр. Мемлекеттің басшылығына бағынбай, оның заңдарына қарсы келу шариғатта қатаң сынға алынып, қатаң ескертілген. Қасиетті Құран Кәрімде: Аллаға бағыныңдар, оның пайғамбарына бағыныңдар, араларыңынан шыққан басшыға бағыныңдар дейді. Басшылыққа бағыну шариғатта да үкім етілген. Ал енді өздерінің тұрып жатқан жерінде бүлік шығарып, ақиқатты бұрмалаңдар деген еш жерде жоқ  және олай деп ешкім айтпайды.

Мұсылмандық тазалық пен бейбітшілікті ту еткен, имандылықты, парасаттылықты, кешірім мен келісімді, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рақымды, білім мен еңбекті насихаттаумен қатар ислам жолындағы адамға үлкен жауапкершілік жүктейтінін жан-жақты дәлелердермен келтірген Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы Ақпараттық талдау бөлімінің бас маманы Берденов Сағидулла Саяуышұлы жат ағымдардың мемлекетке тигізетін қаупінің  өте жоғары екенін айта келіп, жат ағымға қарапайым адам қалай тартылады? Олар жастарды тура жолдан қалай тайдырады? Қалай өздеріне баурайды? деген сұрақтардың жауабы ретінде үш қағидаға тоқталып өтті. Біріншіден-дейді – Берденов Сағидулла – жат ағымға алғаш кірген кезде оған идеологтары психологиялық қысым көрсетеді. Сен осы дұрыс жолды таңдадың. Бұл өте дұрыс, ақиқат  жол. Басқа жолды ұстанғандар адасқандар, кәпірлер. Олар бізге бауыр болмайды. Сондықтан сен тек осы жолмен ғана жүруге тиіссің деп психологиялық қысым жасалғаннан кейін адам соның жетегінде кете барады.

Екіншіден, жат ағымға кірген адам өзін қоғамнан алшақтата бастайды. Қоғамдық ортада жүргісі келмейді. Отбасынан да алшақтай бастайды. Өзінің ата-анасын, бауырларын, жақындарын дін жолында жүрмегендіктен кәпірге санап, жат көріп, өзін бөлек ұстайды.

Үшіншіден, бұл ағымдар сол ағымға кіргеннен кейін психологиялық тұрғыдан бір сарынды уағыздар тыңдауға мәжбүрлеп қояды. Бір сарынды дегеніміз, сол ағымға кіргеннен кейін бір ғана уағызшыны тыңдау керек. Осының айтқаны дұрыс. Әлемдегі қай жағынан алып қарағанда да ең мықты, ғылыми тұрғыда дәрежесі өте жоғары ұстаз, шейх деп мойынсұнып, тек соны ғана тыңдасаң, соның ғана пәтусына құлақ ассаң бәрі дұрыс болады дегенді санаға сіңіріп тастайды. Сол уағызшыға ғана байлап қояды. Психологиялық тұрғыдан жат ағымға кірген адам сол уағызшының ғана айтқанын істейтін болып қалады. Ал басқаны тыңдаса, діни идеологиялық тұрғыдан көзқарасы өзгеруі мүмкін екені белгілі. Сондықтан олар уысынан шығармайды. 

Жалпы шариғатта жат ағымдардың болатындығы туралы айтылған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Жақсы мұсылман басқаларға тілімен және қолымен зиян келтірмейтіндер. Қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер. Ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер» деген. Яғни, дінді қорқынышпен, бір адамға қысым көрсету арқылы дінге алып келуге болмайды. Әрбір адам өзінің жүрегімен сезініп, тазалыққа, имандылыққа өз еркімен саналы түрде, дінді жеңіл қабылдауымен келуі керек.

Қазіргі жат ағымда жүрген бауырларымыз ақида және фиқһ мәселелерінде қарапайым сұрақтарды ауыр қабылдап, олай жасауға болмайды, бұлай жасау керек деп көптеген шектеулер айтады. Негізінде бұл дінде дұрыс емес. Жалпы біздің қазақ даласында дін ерте заманнан келе жатыр. Әбу Ханифа мазһабы ерте кезден етек жайған. Ата-бабамыз қымызын ішіп, оразасын ұстап, дәстүрін сақтап, домбырасын тартып, Аллаға  дұғасын жасап, келінге құрмет ретінде сәлемін салғызып, дін мен дәстүрді ұштастырып, тыныш та бейбіт, бақытты, баянды ғұмыр кешкен. Ерте ғасырларда ата-бабаларымыздың арасында діни алауыздық, іріткі салу, бүлік шығару, фитна, ширк, бидғат деген мүлде болмаған.

Қазіргі жастарымыз ата-баба жолымен емес, шетелдік діни ағымдардың айтқанына сеніп, олардың істегеніне еліктеп, өзінің туған бауырын, ата-анасын, ағайынын кәпірге санап, білімге, ғылымға, жақсылыққа ұмтылудың орнына теріс дін жолына түсіп, діни сауатсыздығынан, айналдырған үш-төрт сүрені жаттап алып, сақалды өсіріп, балақты кесіп, елімізде халифат құру керек, шариғат бойынша басқарылу керек деп өзінің жастық өмірін осындай қиын жолдарға бұрып, жастық шағын құрбан етіп жатқандар өкінішке қарай бар-деп түйіндеген басқарма маманы Берденов Сағидулла жастарды дұрыс бағытпен жүруге шақырды.

Иә, өткенін ұмытқан елдің болашағы бұлыңғыр дейді дана халқымыз. Сол себепті дінді, ділді біз өзгеден емес, өзіміздің тарихымыздан, әдебиетімізден, мәдениетімізден іздеуіміз керек. Өзгенің қаңсығына таңсық болған талай тағдыр тәлкекке түсті. Бұл бізге сабақ болса керек. Сол себепті сақтанайық! Сақ  болайық! 

                                                      Еділ АНЫҚБАЙ