Өз болашағының жарқын болуын қалаған кез-келген мемлекет жастар мәселесіне ерекше мән беріп қарайды. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жастардың теріс діни топтар мен жат ағымдардың арбауына ілініп кетпесі үшін «Жастар және дін» тақырыбында түсіндіру жұмысын жүргізді.
Тақырыпты тарқатпас бұрын Қазақстан Республикасындағы жастар қатарына кімдер жататындығын анықтап алайық. Қазақстан Республикасы «Жастар саясаты туралы» заңының І тарауы, 1-бабының, 3-тармақшасында: Жастарды Қазақстан Республикасының 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар құрайды делінген. Қазақстанда 19 млн. халық болса, оның 5 млн.-ы жастар. Осы жастардың жартысынан астамы қалаларда, жартысынан азы ауылдарда өмір сүреді екен. Жүргізілген «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының нәтижесі бойынша Қазақстанның 92% жастары өздерін діндар адам ретінде санайды. Оның ішінде ислам дініндегілер – 76,6%, православие – 15,4%, католицизм – 0,8%, протестантизм – 0,2%, иудаизм – 0,1% құрайды. Жалпы алатын болсақ, еліміздегі 19 млн. халықтың 26% пайызы осы жастар.
Жастар қай мемлекетте болмасын қоғамды алға жылжытушы белсенді топ болып есептеледі. Елдің болашағы тікелей жастарға байланысты екенін дәлелдеуді қажет етпесе керек. Демек, жастардың дұрыс бағытта жүруі, сауатты болуы, теріс дін, жат ағымдарға ілесіп кетпеуі мемлекет үшін өте маңызды. Мемлекет мүмкіндігінше жастарға жағдай жасауда. Оны тізбелеп айтып жатудың қажеті шамалы. Көзі ашық адам ол туралы біледі. Біздің айтпағымыз осындай мүмкіндіктерді пайдаланудың орнына біздің кейбір жастарымыз жат ағымға ілесіп, теріс діни топтардың сойылын соғып, сөзін сөйлеп кетіп жатқандығы еді. Өздері ғана адасып жатса бір сәрі, олармен қоса әке-шеше, туған-туыс, тіпті, мемлекет те қиындық көріп отыр. Кейбірі адасқанын түсінгенімен, оған дейінгі әрекеттері заң нормаларына сәйкес қылмыстық іске жататындықтан, темір торға қамалып, жазаға тартылатындығы елді алаңдатады.
Соңғы жылдары жастардың әділет үшін күрес, моральдық құндылықтарды іздеуі, дінге бет бұруы өте белсенді. Міне, осы белсенділікті радикалды топтардың идеологтары өздеріне тиімді пайдалануда. Өйткені жастарды радикалдандыру деструктивті топтар үшін ұтымды процесс. Бұл арнайы мамандар анықтап, ғалымдар зерттеген мәселе. Осы тұрғыда Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу» орталығының бас маманы Назерке Мыңбайдың ақпаратын келтіре кетуді жөн көрдік: «Дінге ең көп кіретін 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Сөзімнің дәлелі үшін, мәселен Сирияға кеткен жерлестеріміздің 56% осы аталған жастар екен. Бұдан байқайтынымыз біздің жастарымыз өздерінің потенциалын, қабілетін, күштерін елдің болашағына емес, радикалды топтардың мүддесіне жұмсаған. Осы жерде сұрақ туындайды. Жастарды жат ағымға не итермелейді? Бұл сұраққа екі түрлі жауап бергім келеді. Бірінші себеп – діни сауатсыздық. Мысалы көкейдегі дінге байланысты туындаған сұраққа жауапты арнайы маманданған адамдардан алу керек. Мысалы мешіт имамдары, теологтардың, дінтанушылардың жауабына жүгінген абзал еді, бірақ ол намаз оқитын досының, туысының немесе діни кітапты көп оқитын адамдардан сұрайды. Міне, ең бірінші үлкен қателік осы. Ол адамның діни білімінің қаншалықты екеніне көз жеткізбей жатып, сұрағына жауап іздеу қателіктің алғашқы қадамы. Алған жауапты өзі ғана пайдаланып қоймай, сол ақпаратты келесі адамға айтады. Яғни, ол өзі ғана адасып қоймай, екінші және үшінші біреудің де адасуына себепкер болады. Екінші себеп – интернет желісі. Бүгінгі заман – ХХІ ғасыр интернет технологияның дамыған уақыты. Бастапқыда интернет біз үшін пайдалы еді. Қазіргі уақытта пайдасымен бірге зиянын да тигізіп жатыр. Бұған қоса әртүрлі мессенджерлер бар. Мысалы сіздің мессенджерге кез келген діни уағыз келуі мүмкін. Пәтуа беру, дін тақырыбындағы мәселелер қамтылған аудио, видео дейік. Сіз ол адамның кім екенін, ақпаратты қайдан алып жатқанын білмейсіз. Аудионы тыңдап, видеоны көріп сізде «е-е-е, бұл осылай екен ғой» деген ой туындайды. Бірақ оның анық-қанығына, дұрыс-бұрысына ой жүгіртпейсіз. Міне, бұл да радикалды идеологияның қатарына кетуіңізге бірден-бір себеп және сіз өзіңіздің туысыңыз, досыңыз, жақыныңыз білсін деп әрі қарай таратасыз. Тағы да өзіңіз ғана адасып қоймай, басқалардың да адасуына себепкер болдыңыз. Осы жерде айта кететін жайт, жаңағы сіз таратқан аудио, видео тиым салынған материал болуы мүмкін. Бірақ сіз білмедіңіз. Білмеген жазадан құтқармайды. Таратқаныңыз үшін жауапқа тартыласыз. Сондықтан мұқият болғандарыңыз абзал»- дейді маман. Назерке Мыңбай сөзінің соңын Мағжан Жұмабайұлының «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшіт қанатты, Мен жастарға сенемін!» деген жыр шумағымен аяқтады. Біз де осы түйінге қосылдық.
Иә, бәріміз де еліміздің жастарына сенеміз. Сене отырып, әр қадамын аңдап басып, әр әрекетін байқап істесе екен дегіміз келеді. Бейбіт те тұрақты Қазақстанның қабілетті жастарын бұзуға әрекеттеніп жүрген дұшпан пиғылды, арам ниеттілер көп болып тұрғанын ескертеміз. Себебі, діннің атын жамылып, қоғамда бүлік тудыруды көздейтін, сол жымысқы мақсатына жастардың күшімен жеткісі келетін экстремистік және террористік ұйымдар бар. Мәселен, еліміздегі шетелдік «Ал Каида», «Асбат аль-Ансар», «Боз гурд», «Лашкар -е-Тайба», «Аум Синиреке», «Ан-Нусра фронты», «Таблиғи жамағат» сияқты ұйымдардың 22-сіне тиым салынған. Олардың көпшілігі діни және исламдық террористік ұйымдар. Жау жоқ деме, жар астында дейді дана қазақ. Сақ болайық! Сақтанайық!
Еділ АНЫҚБАЙ