Орал қаласы бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4000-ға жуық адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту көзделген. Еңбек нарығының тиімділігін арттыруға, кәсіптік мамандану, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, еңбек қатынастарының әсерлі үлгісін құру, халықтың осал таптарын әлеуметтік қорғауға бағытталған бағдарламаның іске асырылуы туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Наурыз Дәуешев айтып берді.
Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасу мәселесімен 6 573 адам жолыққан. Азаматтар жұмыс іздеуші ретінде тіркеуге алынып, жұмыспен қамтудың жеке жұмыс жоспары жасақталды. Бүгінге дейін бағдарлама аясында 2 776 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Оның ішінде 32 адам еңбек нарығында сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқу курсына жолданды. «1С Есепші», «Электргазбен дәнекерлеуші», «Кондитер», «Тігін және пішу», «Шаштараз», «Электрик Кип и А» және «Фрезерлеуші» мамандықтары курсты аяқтаған 19 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ кәсіп бастауға ниеттенгендерге қолдау көрсетілуде.
– «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында 7 адам несие қаражатын алып, кафе, дүкен жабдықтарын және арнайы техника алуда. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсына 248 адам қашықтан қатысты, оның 201-і сертификатқа ие болды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асырып жатқан немесе іске асыруды жоспарлайтын бағдарлама қатысушыларына өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Бүгінге 94 адам грант иегері атанды. Олар өз өтініштеріне сай грант қаражатын ауыл шаруашылығы саласына, соның ішінде, құс шаруашылығына, мал шаруашылығына, тігін шеберханасын ашуға, кондитерлік өнімдер өндіру, компьютерлік қызмет көрсету, бау-бақша, сантехникалық қызмет көрсету, нан өнімдері, донер дайындау, тағы да сол сияқты кәсіптермен айналысу үшін керекті құрал-жабдықтар алуға жұмсайтын болады, – дейді Наурыз Дәуешев.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша қала аумағында орналасқан мекемелерден түскен бос жұмыс орындарына байланысты 1 225 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, білім беру ұйымдары түлектерінің меңгерген кәсібі бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында 135 түлек жастар практикасына жолданды. Сонымен қатар халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде есепте тұрған азаматтарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін 1219 адам қоғамдық, 64 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген.
Томирис СҰЛТАН