Орал қаласында «Аулаларда тегін спорттық тренермен күн сайын спортпен шұғылданамыз» ұстанымымен «AulaFit» жобасы қолға алынды. Қаладағы шағынаудандар бойынша 9 спорттық алаңда өткізілетін жаттығу шараларын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының тапсырысы бойынша «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруда.
Жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Аида Мектепқалиеваның айтуынша, спорттық бағыттағы бұл жоба қала тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
– Әлемді жаулаған COVID-19 дерті ең бірінші тыныс алу жолдарын зақымдайды. Сондықтан «AulaFit» жобасы спортпен шұғылданып, халқымыздың кез келген ауруға төтеп беруі үшін әзірленді. Бұл жобаға кез келген тұрғын қатыса алады. Жаттығулар таңертеңгі сағат 8.00-де және кешке сағат 18.00-ден кейін, яғни тәулігіне екі мезгіл жүргізіледі. Қатысуға ниет білдіргендер өз аулаларына шығып, тренермен бірге жаттығулар жасайды. Ал біз жаттығулар үшін қажетті спорттық жабдықтармен қамтамасыз етеміз, – дейді А.Мектепқалиева.
Жаттығулар тұрғындардың жас ерекшеліктеріне байланысты өткізілуде. Таңертеңгі сағат 8.00-9.30 аралағында үлкендер үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру», сағат 9.30 бен 11.30 аралығында – балалар жаттығуы жүргізілсе, кешкі сағат 18.00-19.00-де 6-10 жастағы ұл-қыздар, 20.00-21.00-де – 11-16 жастағы жеткіншектер, 20.00-ден кейін ерлер мен әйелдер жаттығады.
Қазіргі таңда спорт алаңдарында жұмыс жасайтын арнайы мамандар күніне 100-ге жуық адамды қамтуда.
Томирис СҰЛТАН