Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Жаңаөзенде тағы бір компания жұмысшылары ереуілге шықты

Азаттық тілшісі "МұнайСпецСнаб" мекемесінің директоры Ерлан Сәбиевке хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.

Жаңаөзенде тағы бір компания жұмысшылары ереуілге шықты
фото: ашық дереккөз

Жаңаөзенде жалақыны өсіріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен ереуілдер көбейді. Бейсенбіде "МұнайСпецСнабкомпани" мекемесінің жүргізушілері осындай талаппен ереуілге шықты. Жүргізушілер 15 шілдеден бері жұмысқа шықпағандарын айтады деп жазады "Азаттық радиосы".

Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов, Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров, "МұнайСпецСнаб Компани" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Ерлан Сәбиевке жолдаған арыздарын видео арқылы баяндап, әлеуметтік желілерде таратты. Онда жұмысшылар биліктен мекемедегі "заңсыз әрекеттерге" назар аударуды сұраған.

Жұмысшылардың арызында 11 талап жазылған. Арасында төмендегідей пунктер де бар: жалақыны 100 пайызға өсіру, Еңбек кодексінің 22 бабының 1-тармағына сәйкес, өндірістік мұнай, газ, көмірсутек газы және өзге де денсаулыққа зиян келтіретін аймақта жұмыс істегендіктен өтемақы төлеу, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы төлеу, 24 сағаттық жұмыс ауысымын тоқтатып, ең көп дегенде 12 сағаттық жұмыс ауысымын ұйымдастыру, техникаларды жөндеу кезінде жұмысқа шыққан уақытты есепке алу сияқты талаптар бар.

Аты-жөнін атамауды сұраған "МұнайСпецСнабкомпани" жұмысшыларының бірінің айтуынша, қолға алатын жалақы 110 мыңнан аспайды.

Біз жаздың аптабында, қыстық суығында "Өзенмұнайгаз", "Өзенмұнайсервис" мекемесіне тасымалдау қызметін көрсетеміз. Ауыр техникаларды айдаймыз. Тәулік бойы сол арнайы техникадан түспейміз. Қазір 170 адам тұрмыз, - деді әлгі жүргізуші.

Азаттық тілшісі "МұнайСпецСнаб" мекемесінің директоры Ерлан Сәбиевке хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.

"МұнайСпецСнабкомпани" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - "ҚазМұнайГаздың" еншілес компаниялары "ӨзенМұнайГаз" АҚ мен "Өзенмұнайсервис" мекемесіне мердігерлік қызмет көрсетеді. Ол ауыр жүк көліктерін, арнайы техникалар мен жеңіл көліктерді жалға берумен айналысады. "МұнайСпецСнабкомпания" жүргізушілері биыл ақпан айында да тарифтік ставканы көтеруді талап етіп, ереуілге шыққан еді.

Қазір Жаңаөзенде "KMG-Security" компаниясы жұмысшыларының ереуілі жалғасып жатыр. Олар да негізінен жалақы өсіруді талап етіп отыр.