Бүгінде нарықта құрттың түр-түрі пайда болды. Талғамға, дәміне қарап таңдай бер. Бірақ, нағыз табиғи дәмі бар құрттың орны бөлек. Әдетте апаларымыз жасап, ауылдың дәмі ретінде қаладағы ағайындарға беріп жіберетіні санамызға сіңіп қалған. Бүгінде дәл осы ақ құртты Альфия есімді Орал қаласының тұрғыны үйінен дайындайды. Әрі құрт арқылы отбасының несібесін еселеп отыр.
Ерлі-зайыпты Қанағат пен Альфия сүт өнімдерін дайындауды осыдан бірер жыл бұрын бастады. Әрине, қала ортасында мал ұстау қисынға келмейді, мүмкін де емес. Сондықтан олар шаһардың іргесіндегі шаруа қожалықтарынан күнара сүт сатып алады. Тәуекелмен бастаған іс әп дегеннен ізге түсті. Өнімдерді көтерме бағада сатып алатындар да табыла кетті. Әйтсе де, құрт дайындау қаншама еңбекті қажет ететіні әмбеге аян. Қанағат пен Альфия үшін де таң бозара атысымен күн батқанға дейін машақат тірлік. Қожалықтарға барып, 200 литрлік бөшкелермен сүтті алып келуден бастап, оны ысырапсыз ұқсатқанша тыным жоқ.
– Сүтті арнаулы құрылғылармен сауатындардан ғана аламын. Мен үшін сүттің иіссіз, таза болуы маңызды. Дайындалған өнімдерді алатын кезде тұтынушыларымның арасында қалай сауылғанына мән беріп сұрайтындары бар. Иіс сүттен байқалмағанымен, қаймағында өзгеше дәмнің болуымен білінеді. Әкелген сүтті сеператордан тартамыз. Қаймағынан ажыратылған соң суы тез бөлінуі үшін жеңіл қайнатып, әбден сорыққанша сүземіз. Содан кейін құрт жасауға кірісеміз. Бастапқыда тек құрт жасадым. Қазір басқа да сүт өнімдері бар, – деді Альфия ханым.
Иә, сүтті құртқа айналдыру үшін бірқатар ережелер мен тәртіпті оның ішінде уақытты сақтау керек. Бұл ретте бес қыз тәрибелеп, өсіріп отырған отбасы перзенттерінен қолғабыс көріп отыр. Сабақтарынан қолдары қалт еткенде қыздар ата-аналарына көмектеседі. Аналары тұзын қосып, дәмін келтіріп, дайындап берген сүзбені бірі өлшеп, екіншісі пішінін келтіріп дөңгелетіп шығады. Әр құрт 70 грамның мөлшерінде болады екен.
Айта кетейік, Альфия апамыздың аппақ құрттары оралдықтардың ғана емес, Атырау, Ақтау халқының ерекше сұранысында. Сондай-ақ өзіміздің өңірдегі ауылдардың да тұрғындары тапсырыспен сүзбе, май сұратып жатқанын құлағымыз шалды. Әрине, таң қалғанымызды жасыруға болмас. Өйткені ауылда отырып, табиғи сүт өнімін қаладан алдырту алаңдатпай қоймады...
Десек те, ең бастысы адал жолмен, таза еңбекпен ырыс-несібесін тауып отырған қарапайым отбасының ісіне береке тіледік.
Томирис СҰЛТАН