Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Кентте жеміс бағы жайқалады

Жасылелдіктер Орал қаласы Деркөл кентіндегі орталық саябақты жандандыруда. Биыл саябақ 200 жеміс ағашымен толығады.

Кентте  жеміс бағы жайқалады

Елбасымыздың қолдауымен бастау алған «Жасыл ел» бағдарламасы биыл 17-ші мәрте маусымды ашты. Ағымдағы жылы бағдарлама бойынша облысқа 1175 квота қарастырылған. Оның 344 квотасы – қала аумағына, қалған 831 квота өңірдегі 12 ауданға бөлініп отыр. Қазіргі таңда аудандардағы, қала аумағындағы жасақтар қарқынды еңбек етуде.

Өңірдегі «Жасыл ел» жасақтарының пиар-менеджері Аида Ибрагимованың мәліметінше, маусымның алғашқы айында қалада 100 сарбаз абаттандыру жұмыстарын жүргізсе, қазіргі  уақытта 103  жас бағдарлама негізінде шаһарды көгалдандыруға үлес қосуда. Олар Зашаған, Деркөл кенті мен қала көшелерінде, саябақтар мен тынымбақтарда еңбек етеді.

Былтыр «Жасыл ел» сарбаздары Деркөл кентіндегі саябақты жандандыруды қолға алған болатын. Қураған және құлаған ағаштар мен қоқыс қалдықтары жиналды. Саябақ аумағындағы ойын құрылғылары сырланып, ағаш түптері әктеліп, эстетикалық күйі қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ Жасыл ел» деп аталатын жеміс бағын отырғызды. Облыстық штабтың бұл саябақты жандандыру бағытындағы алдағы жоспарлары да ауқымды. Осы ретте саябақ орталығына орнатылған «Жасыл ел» шағын сәулеттік тұғыры – мәңгілік көгалдандырудың бейнесі, бірліктің символы ретінде қабылданады. Яғни, бұл саябақты көркейте түсуде «жасылелдіктер» өз ықыластарын танытуда.

 Сарбаздардың келуімен кентте тазалық орнап, орталық саябаққа жан бітті десек болады. Өткен аптада саябақтан бөлек, кент көшелерін тазалап, 80-ге жуық қап қоқыс шығарса, осы аптада 100-ге жуық қап қоқыс жиналды. Сенімгерлік басқару жүйесі бойынша Деркөл кентінің орталық саябағы «Жасыл ел» жасақтарына берілген болатын. Алдағы уақытта еңбекқор сарбаздарымызбен бірге бұл саябақты жастардың ордасына, тұрғындарға жайлы мекенге айналдыруды жоспарлап отырмыз, – деді А.Ибрагимова.

Биыл саябаққа 200 жеміс ағашы түптендірілмек. Ал қала бойынша көшелер мен саябақтарға, тынымбақтарға 50 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр.

Томирис СҰЛТАН

Аида ОРАЗОВА, «Жасыл ел» сарбазы:

  – М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың филология факультетінде 3-курста оқимын. «Жасыл елге» 2020 жылы шілде айында бірінші рет сарбаз болып келдім. Биыл – екінші жыл. Қазір қалалық мәдениет және демалыс саябағында арамшөптерден тазарту, қоқыстарды жинау, гүлдерге күтім жасау және басқа да жұмыстармен айналысамыз. Түрлі акциялар ұйымдастырылып, өз арамызда  спорттық жарыстар өткізіледі. Мен үшін «Жасыл ел» – достықтың, адал еңбектің, жақсы ортаның мекені.