Оралдық оқушылардың жазғы демалыстарының қызықты да мазмұнды өтуі қалалық білім беру бөлімінің басты назарында.
Шаһардағы мектептерде 50 мыңдай оқушы білім алуда. Карантиндік шектеулерге байланысты олардың жартысынан астамы ғана лагерьлермен қамтылды. Мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлер санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің зерделеуінен кейін жұмыстарын бастады. Барлық қала мектептерінде тамақтануы ұйымдастырылмаған мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс жасап, 26 мыңнан астам оқушы қамтылды. Демалушы балғындардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы тақырыптық жоспар дайындалды. Балалар түрлі шараларға қатысып, қаладағы ескірткіштерге, мұражайларға, зообаққа барып, танымдарын кеңейтті.
Ал қала сыртындағы жобалық қуаты 200 орындық «Атамекен» лагері санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты 50 пайыздық толымдылықпен жұмыс жасауда. Мұнда үш айлық каникул кезеңінде 7 ауысыммен әлеуметтік жағынан аз қорғалған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және 50 пайыздық жеңілдікпен дарынды 707 оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланған болатын. Бүгінде үш ауысым бойынша 206 бала демалып үлгерді. Әр күні ұйымдастырылған шараларға балалар аса қызығушылықпен қатысып, белсенділік танытты. Шатыр құруды, туристік құрал-жабдықтармен жұмыстануды, бағдарлауды үйренді.
Күні бүгінде түрлі конкурс, байқаулардың жеңімпаздары болған 21 оқушы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалыстарын өткізіп келді. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан 120 оқушының Бурабай шипажай аумағындағы «Лесная сказка» республикалық лагерінде үш ауысымдағы демалысы ұйымдастырылған.
Бұдан бөлек қала аумағында мектептен тыс жұмыс орталығы, Оқушылар сарайы оқушылардың бос уақытын қамтумен қатар, білімдерін жетілдіру мақсатында жұмыстануда. Бұл екі қосымша білім беру ұйымында қазіргі уақытта 15 интеллектуалдық үйірме бар, жалпы 5 700 оқушы қатысып жүр. Сонымен қатар осы ұйымдарда спорттық секциялар, дебаттық мектептер, «Жас ұлан», «Жас қыран» көшбасшылар мектебі жоспарлы жұмыстарын жалғастыруда. Бұл секция-мектептерде 2200 оқушы қамтылған.
Томирис СҰЛТАН