Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Зайырлылық – реттеуші принцип

Жуырда Алматы қаласы Дін істері  жөніндегі басқармасының «Дін  Алматы»  инстаграм  парақшасында «ҚР Зайырлылық принциптерінің жүзеге асырылу принциптері» тақырыбы жан-жақты сөз болды. Зайырлылық – әр қырынан жиі талқыланатын күрделі тақырып. Күрделі болғандықтан да ел арасында түсініспеушіліктер туындап жатады. Мемлекет мүмкіндігінше еліміздің әрбір мүшесіне зайырлылық принциптерін толық түсіндіруге тырысуда.

Зайырлылық – реттеуші принцип
Фото: Elorda.info

Шындап келгенде дін мәселелері бойынша сөз ететін тақырып өте  көп. Бірақ сол тақырыптардың дені зайырлылық принциптеріне тіреледі.  Осы тұсқа келгенде, әсіресе, жастар тарапынан зайырлылықты бұрыс ұғатындар кездесетіні рас. Кез келген кішкентай ғана бұрыс нәрсе үлкен қиындықтар туғызуы мүмкін.  Оны біз осы заманда көріп те, біліп те, оқып та, естіп те жүрміз.  Сондықтан  қандай да қиындықтықтың алдын алу, түсінісбеушілікті болдырмау біздің елдік мүддеміз, ұлттық мақсатымыз.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, заманымыз бейбіт болу үшін ел жастары білімді де сауатты, бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Қазақстан сияқты байтақ  жері, қазба-байлық кені бар елге сырттан көз сүзген дұшпан ниеттілер аз емес. Олардың ойлағаны елдің ішіне іріткі тастау, тыныштығын бұзу. Мемлекет пен қоғамның, қоғам мен адамның арасына от салу.  Әрине, біз бұл пікірді ойдан құрап, аспаннан алып отырған жоқпыз. Арнайы мамандар мен ғалымдардың зерттеуіне сүйеніп айтып отырмыз. Деструктивті топтар негізінен іріткіні мемлекеттің құрылымына күмән тудырудан бастайды. Исламның атын жамылған бұзық ниеттілер зайырлы мемлекеттің принциптерін дінге қайшы қояды. Сенім иесін құранды  бұрмалау мен өтірік діни уағыздар айту арқылы мемлекеттің құрылымына қарсы үгіттейді. Бір қарағанда зайырлылық принциптері дінге қайшы, ұстанушыға кедергі келтіретіндей болып көрінуі ықтимал. Өйткені теріс діннің идеологтары өтіріктің қисынын келтіріп соғады. Естіген адам қалай сеніп қалғанын аңғармай қалады екен. Өте сақ та, мұқият болу керек. Яғни, сақ болу, мұқият болу дегеніміз – зайырлылықтың принциптерін толық білу керек деген сөз. Ойдан құрап, ауадан алған әңгімеге еріп кетудің еш қажеті жоқ. Мәселен, зайырлылық сөзінің мағыналық жағынан бастайтын болсақ, бұл сөздің мәнінің өзі сізге біршама ой салады. Зайырлылық – «ашық», «айқын», «сыртқы» дегенді білдіреді. Араб тілінің «захири» сөзінен енген. Зайырлы ұғымы латын тіліндегі  «laicus» («лайцизим»), «saecularis» («секуляризация»)  сөздерінен бастау алады. «Саясаттың  діннен оқшаулануы, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы» деген мағына береді. Зайырлы қоғамның маңызды сипаттық ерекшеліктерінің бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әртүрлі азаматтардың бір мемлекет ішінде өмір сүруі. Көріп отырғаныңыздай зайырлылық  негізінен біріктіруіші фактор. Түрлі сенімдегі адамдарды ортақ тіршілікке жетелейтін принцип.

Біз зайырлы мемлекеттілікке аяқ астынан келе қалған жоқпыз. Тарихқа қарадық, өткенімізді зерттедік, жан-жағымызды бағамдадық дегендей. Тәуелсіздік алғаннан кейін қандай жолмен жүреміз, нендей принциптерді ұстанамыз деген сұраққа ел ағалары, зиялы қауым, лауазымды тұлғалар көп ойланған-ды. Сөйтіп Конституциямызға  Қазақстан  өзін демократиялық зайырлы, әлеуметтік-құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады деп жазды. Міне, тәуелсіздік алған отыз жылда біз зайырлы демократиялық-құқықтық-әлеуемттік мемлекет болып қалыптасып келеміз. Бүгінде Қазақстанды әлем таниды. Даму қарқыны ТМД бойынша алдыңғы орында, көпвекторлы саясат ұстанады. Ешқандай мемлекетпен жаулығы жоқ. Барлық елдермен бірдей тату. Елі ішінде 130-дан астам этностар мен диаспоралар өмір сүреді. Бұларға да мемлекетті құраушы қазақ ұлты шетқақпай көрсетіп, түрткілеп отырған жоқ. Бәрінің құқығы бірдей, әлеуметтік мәселелері тең қаралады. Қарап отырсаңыз небәрі отыз жыл ғана болған Қазақстанның жетістігі өте көп. Бұл жетістіктер осы зайырлылық принциптерінің нәтижесінде болып жатуы әбден мүмкін.  Осыны көре алмайтындар небір елбұзар әрекеттер ойлап табуда. Діни экстремизм мен тероризм дегеннің түбінде осы елдің тыныштығын бұзу жатыр. 

           Ендігі кезекті Алматы қласы Түсіндіру тобының  мүшесі, Phd  доктор Алмасбек  Дүйсенбекұлы Шағырбайға берейік: «Біздің кейбір жастарымыз зайырлылық дегенді дінге қарсы немесе атеистік көзқарас деп ұғып, ұрандап, қатты қателеседі,  айыптауларын айтады. Зайырлылық ешкімнің ұлтына, діни сеніміне қарамастан, түрлі көзқарастағы, діні жоқ адамның да, атеистің де, т.б. түрлі адамдардың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі. Осыны біз зайырлы қоғам деп атаймыз, бір сөзбен қарапайым тілде айтқанда. Зайырлылық ұғымының ауқымы кең. Ол ауқымға адамның гуманистік құндылықтары, наным-сенімдері, ар-ождан бостандықтары кіреді. Зайырлылық діни танымдарды, құндылықтарды  мойындамауды  немесе олардың мемлекет пен қоғам арасындағы рөлі мен маңызын,  қарым-қатынас барысын кемсітуді білдірмейді. Мемлекеттің зайырлы сипаты дінді теріске шығармайды. Зайырлылық осы түрліліктің құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді»

Иә, зайырлылық реттеуші принцип. Зайырлы принциптер болмаса, бейбіт заманның, тыныш қоғамның болуы мүмкін еместігіне күн сайын көз жеткізіп келеміз. Тек бұл принципті дұрыс ұстану керек. Адамдар арасындағы діни сенім мен көзқарастарға байланысты Батыс елі зайырлы қоғамға ертерек ұмтылды, бірақ ол зайырлылық шығыста жоқ дегенді білдірмейді. Кейбір елдерде зайырлылық принциптері араласып, миласып кеткен дейді ғалым. Діни сенімді Қытай сияқты күшпен басуды жөн көретін мемлекеттер бар дейді. Міне, осындай зерттеулер нәтижесінде ғалымдар Қазақстанды зайырлылық принципін өз жөнімен ұстанып келе жатқан дамушы мемлекетке жатқызып отыр. Барлық азаматтардың діни сеніміне қол сұқпайды, көзқарастарына түсністікпен қарайды, т.б. Тіпті шет ел асып, теріс діни топтың айтағына ілесіп кеткендердің өзіне кешіріммен қарап отыр. Сол себепті Қазақстан сияқты бейбіт елдің қадірін білген дұрыс. Исламның атын жамылған теріс пиғылдылардың арбауына түсуден абай болыңыздар. Сақтықта қорлық жоқ. Сақ болайық! Сақтанайық! 

                                   Еділ   АНЫҚБАЙ