Сатып алушылармен бетпе-бет кездеспес үшін есірткіні халық көп жүретін орындарда, орталық саябақтарда, тіпті, балалар алаңдарына да қалдырып кетіп отырған.
Нұр-Сұлтанда қаладағы элиталы тұрғын үй кешенінің пәтерінде жоғары білімі бар биотехнолог маман есіркі жасап, сатқан деп хабарлайды Paryz.kz.
Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, 27 жастағы азамат зертханада "Мефедрон" және "Амфетамин" синтетикалық есірткілерін дайындаған.
Есірткі зертханасы элиталы тұрғын үй кешендерінің бірінде жалдамалы пәтерде орналасқан. Күдікті өзі дайындаған есірткіні интернет-дүкені арқылы сатып келген.
27 жастағы жоғары білімді биотехнологтың үйін тінту кезінде синтетикалық есірткі дайындау формуласы жазылған дәптер, электронды таразы, психоактивті заттар өндіруге арналған химиялық компоненттер, колбалар, қаптауға арналған полиэтиленді қалташалар, дербес компьютер (сол арқылы есірткіні сатқан), сонымен қатар салмағы 10 грамнан асатын дайын "синтетика" табылып, тәркіленді, - делінген хабарламада.
Күдікті есірткіні өзінің интернет-дүкені арқылы сатқан. Сатып алушылармен бетпе-бет кездеспес үшін есірткіні халық көп жүретін орындарда, орталық саябақтарда, тіпті, балалар алаңдарына да қалдырып кетіп отырған.
Елордадағы қалалық саябақтардың бірінде жедел тергеу шараларын өткізу барысында жігіт полицейлерге есірткі жасырған құпия орындарын көрсетті.
Операция нәтижесінде синтетикалық есірткінің бір реттік 60 дозасы заңсыз айналымнан алынды.
Полиция департаментінің ақпаратынша, қазір ұсталған азамат қамауда отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-тармағы ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бойынша айып тағылды. Бұл бапта мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.