Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

«Тату көршілер»

Елорда күні мерекесіне орай Орал қаласындағы Астана шағын ауданының №9 және №4көпқабатты үйлердің тұрғындары дәл осындай атаумен спартакиада ұйымдастырды.

«Тату көршілер»

Онда ата-аналар өздерінің балаларымен сынға түсті. Тоғыз кезеңнен тұрған сайыста қос команда эстафеталық және интеллектуалдық ойындар бойынша жарысты. Осы шағын аудандағы көрші үйлердің тұрғындарынан жасақталған әділқазылар алқасының шешімен балалар командасы үздік деп танылды.

-Сайыстың «Тату көршілер» деп аталуының өзі бір ғанибет. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөз қалдырған ата-бабаларымыз көршінің ала жібін аттамай, сыйласып өтуге тырысқан. Ал қазір көп қабатты үйлердің тұрғындары көршілерімен сыйласпақ түгілі, оларды танымайды. Осындай іс-шаралар көршілердің арасын жақындата түсері сөзсіз. Ал сайысқа келетін болсақ, қос команда да осал еместігін көрсетті. Сөздің шыны керек, эстафеталық жарыстар ата-аналарға қиындау соғатын шығар деп ойлаған едік. Дегенмен де олардың жедел қимылдарын, ептіліктерін, жеңіске деген талпыныстарын көрген кезде риза болдық. Олардан тәлім-тәрбие алған балалар да осал болмайтыны анық. Сөйтіп сайыс соңындабалалар ата-анасынан оза туған перзенттер екенін дәлелдеді,-дейді әділқазылар алқасының төрағасы болған Орал қалалық АХАТ бөлімінің басшысы Талғат Қайрекеев.

Айта кетейік, түрлі спорттық, өнер үйірмелеріне барып жүрген №9 үйдің балалары осы іс-шара барысында өнерлерін ортаға салып, сайыскерлерге дем беріп отырды.

Спорттық шара соңында командаларға арнайы дипломдар мен есткелік сыйлықтар табысталды.

 

Мәди ЫҚЫЛАС

 

Ақгүл ЖӘРДЕМҚЫЗЫ, мұғалім:

-Біз Астана шағын ауданы тұрғындары болғаннан кейін елорда күнін елеусіз қалдырғымыз келген жоқ. Соған орай көршілермен ақылдаса келе осындай спартакиада өткізуді шештік. Бұл «Менің отбасым және спорт» атты жобасыаясында ұйымдастырды.

«Тіл-көз – тасқа», біздің №9 үйдің тұрғындарының ынтымақтастығы жақсы. Біз бірігіп Рамазан айында ауызашар, Құрбан айтта құрбан шалу рәсімдерін өткіземіз. Өмір болғаннан кейін орын алатын түрлі қуаныш пен қайғылы жайттарда да бірге жүреміз. Бүгінгі спорттық шара да ауызбірліктің арқасында жоғары деңгейде өтті.

 

Әлихан МЕҢДІҒАЛИ, 9-сынып оқушысы:

-Көршілері арасында сайыс болатынын, әке-аналарымызбен жарысатынымызды естігенде қобалжығанымыз рас. Дегенмен бәрі сәтті өтті. Үлкендердің спорттық сайысқа белсенді түрде қатысуы бізді қанаттандырды. Ата-анамыздың сөздері де, істері де – бізге үлгі-өнеге. Салауатты өмір салтын ұстануды осылайша іспен көрсеткендері үшін ризамыз. Спартакиадада кейбір көрші балалармен жақынырақ танысып, достастық. Алдағы уақытта да осындай жарыстар болып тұрса екен дейміз.

ЖҰБАН МҰРАТ