Орал қаласында Дина Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебі бар. Оның негізі 1934 жылы қаланған. 1955 жылы мектепке дәулескер күйші, сазгер әжеміздің есімі берілді. 1700 бала тәлім алатын өнер ұясында таяуда мұражай ашылды.
-Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай саз мектебінде мұражайдың ашылуы — шаһардағы елеулі күннің бірі ретінде тарихта қалады деп ойлаймын. Әрі ел тарихында, күй өнері саласында есімі қастерлі, аңыз адамға айналған Дина әжемізге көрсетілген құрметтің бір белгісі. Игі бастамалар көбейе түссін, тарихымызға қатталар тағылымды дүниелер қатары арта берсін, — деді мұражайдың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.
Мұражайдың лентасын қию рәсімі саз мектебін 30 жылдай басқарған ардагер-ұстаз Владимир Белоконь, белгілі күйші-домбырашы Ермек Қазиев пен қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиевке берілді.
Мұражайда мектеп тарихынан сыр шертетін фотосуреттер, музыкалық аспаптар, кітаптар қойылған. Жалпы, мұнда 250-ге тарта жәдігержинақталған.
Жұбан МҰРАТ,
Орал қаласы