Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Нұрайым отбасынан қалай айрылды?

Өткен жолғы материалда Нұрайымның бала-шағасынан, күйеуінен қалай айрылғандығын айтып беру туралы сұрақ қойылған еді. Сұхбат сол жерден әрі қарай жалғасады.

Нұрайым отбасынан қалай айрылды?
Фото: Ernur.kz

 -  Нұрайым, балаларыңыз, күйеуіңіз қалай қайтыс болды? Айтып бере аласыз ба?  

- Ең бірінші үлкен ұлым Рушат қаза болды. 2017 жылы жазда Раккуды қоршауға алғанда қатты жараланды. Бомбадан алған жарақаты тым ауыр болыпты. Былайымша айтқанда, өмір сүруге еш үміт қалмаған. Оның өлімі жөнінде үш күннен кейін ғана хабардар етті. Жарты жылдан кейін, яғни, 2017 жылы 31 желтоқсанда күйеуім қаза тапты. Ол он сегіз қазақ амирлармен бірге бір үйде жиналыс жасап отырған жерінде бомба түскен. Ешқайсысы тірі қалмапты. 

 - Ол жақта қазақ амирлар көп болды ма?

- Ол жерде мергендердің амиры, шекара күзетінің амиры, жесірлермен жұмыс істейтін амирлар деген сияқты болып кете береді.  Амирлар көп болатын. Осылардың бәрінің үстінен қарайтын Абу Файза деген амир Шымкенттің тумасы еді. 

Сирияда әлемнің барлық түкпірінен ақ, қара, сары адамдар – француздар, индонезиялықтар, қырғыздар, қазақтар – бәрі болды. Кім жоқ десеңізші?! Барлығы ол жерде халифат болады деп  естіп, хижра жасауға келген.

- Шамамен қазақ жамағатының саны қанша еді?

- Дәл айта алмаймын. Әйтеуір бүгін 300 адам келді, бүгін 400 адам келді, оларды араластыру керек  дегенді естіп қалатынбыз. Бастапқыда келіп жатқан адам легі көп болды. Орын болмай, сыймай жататын. Амирлар күнде кешке жиналып, ағымдағы мәселелерді  талқылайтын. 

Сол уақытта әйелдер мен балаларды басқа жаққа көшіруді ұйғарыпты. Күрдтердің айтуынша бір-ақ шақырым қалған. Жедел кету керек болды. Күйеуім келіп: Нұр, заттарыңды жина, бүгін сендерді көшіреміз»-деді. Мен: «Жақсы, өзің қайда боласың?»-дедім. Күйеуім маған мұңлы көзбен қарап: «Білмеймін. Ертең қайда, тіпті, қазір қайда боларымды білмеймін...» деп кетіп қалды. Біз жиналып жаттық. Он минут өтер-өтпесте үйімізге жақын жерден сұмдық жарылыстың қатты дауысы естілді. Мен балаларымды ұстап бөлмеден атып шықтым. Үйде күйеу балам Азамат бар еді. Оған мен: Не істейміз? Бомбалау басылғанша ашық жерге шығамыз ба?» деп едім, ол маған: «Жоқ, осы жерден қозғалмай отырыңдар! Қазір одан да үлкен жарылыстар болуы мүмкін. Шығуға болмайды!» деді. Мен түпкі бөлмеге барып, терезеден қарасам, біздің амирдің үйі жанып жатыр екен. Азаматқа күйеуіммен рация арқылы хабарласуын айттым. Бірақ жауап болмады. Бір бәленің болғанын сездім... 

Айнала әлем тапырақ болып кетті. Әрі-бері жүгірген адамдар. Бізге қарай қан жапқан, жараланған балалар жүгіріп келді. Бәрі жылап жүр. Мен бірден көмектесуге кірісіп кеттім, жараларын таңдым, басына әйнек кірген әйелдің басынан әйнекті алуға тырыстым. Сол кезде еркектердің біреуі маған күйеуімнің қайтыс болғанын айтты. Қарбалас болып жатты. Алғашқыда оның не айтқанын түсінген де жоқпын...

Түн ортасында бізді басқа жаққа көшіріп, бір үйге орналастырып жатқанда күйеуімнің сөмкесі мен заттарын беріп жіберіпті. Сол кезде барып күйеуімнің көз жұмғанын, енді оның ешқашан болмайтынын түсіндім. Түсіндім де көз жасыма ерік бердім. Екі ай жыладым. Күйеуімді ұлым Имран жерледі. Мен жерлеуге барып, оны көргім келген. Балам рұқсат етпеді. Имран маған: «Мама, әкемнің денесі екіге бөлініп кеткен. Ондай сұмдықты қалай көресің? Біз өзіміз жерлейміз»-деді. 

Төрт балам – Имран, Фатима, Омар, кішкентай Рамля және немерем Майсуна 2018 жылы бомбалау кезінде қаза тапты. Жоғарыда айтқанымдай ол кезде біз Кишма деген елдімекенде тұратынбыз. Түнгі сағат үш кезінде біздің үйімізге бомба тастады. Бәрі сол үйіндінің астында қалды. Тірі қалған мен және кішкентай немерем Таймийя. Ол әлі жасқа да толмаған еді. Бомба түскенде, оның ұшқыны Таймийяны көшеге лақтырып жіберіпті. Таймийяны бір жарым айдай көрген жоқпын. Өйткені мен түскен бомбадан сау тамтығым қалмай жараланғанмын, жүре алмайтынмын. Қолым сынған, жағым мен бас сүйегім үгітіліп кеткен. Не шайнай алмаймын, не жұта алмаймын. Аузыма түтікше қойып, сол арқылы тамақтандырды.  

Ашық даладағы госпитальда жаттық. Менің жағыма пластина салу керек болған, бірақ пластина табылмады да жағымды сыммен орап, байлап тастады. Шебер жасағаны сонша, кейіннен Алматыға келгеннен кейін дәрігерлер  таңғалды. Тіпті ештеңеге тиісудің қажеті жоқ деп кеңес берді. Даладағы госпитальдан мені махарға, яғни, әйелдер жатақханасына апарып, күтіп, бақты. Әр апта сайын эвакуация болатын. Эвакуация үйге емес, мешіттерге немесе сол сияқты орындарға жиналып, бірлі жарым күн тамақтанып, тағы да ас-ауқат дайындап  алу үшін болатын. Сөйтіп, көше-көше Багуздан бір-ақ шықтық. Багуз –«Ислам мемлекетінің - халифаттың» соңғы тірегі, ең соңғы елдімекені еді.  Одан әрі баратын жер қалмады. Одан әрі «халифат» жоқ-тын. Біз шөл далада қалдық. Жан-жағымыз тау болатын. Ол таулардан күні-түні снайперлер тоқтаусыз атқылайды. Бізде не су, не тамақ, ештеңе жоқ. Су үшін Ефратқа барамыз. Ол жақтан тірі келсең жақсы. 

Бір күні аяқасты Америка үш күнге жол ашатынын айтты. Кім кеткісі келсе, шықсын, егер шықпаса, аяусыз, тоқтаусыз бомбаланатыны айтылды. Мен немереммен кету керектігін түсіндім. Өйткені маған қарайласатындай ешкімнің зауқы да, жағдайы да жоқ. Мені ешкім масыл қылып жүре алмайды. Мен өзімнің кететінімді амирге айттым. Немереме бір жас екі ай болған. Дорбаға салдым да, қолымдағы гипске қарамастан кеттім.

- Қайда кеттіңіз?

- Біз күрдтермен хабарластық. Олар бізді Аль Хол деп аталатын сирияның босқындар лагеріне алып келді. (Аль Хол лагерінде негізінен әйелдер мен балалар және шетелдік азаматтар тұратын – ред.)

Қызыл крест (Қызыл крест – халықаралық қозғалыс – ред.) бізге барлық жағдайды жасады: дәрігерлер, дәрі-дәрмек, азық-түлік және шүберек палатка берді. Біз сол палаткада тұрдық. Қызыл крест қызметкерлерінің ішінен орысша білетін бір адамды кездестірдім. Мен одан бізге не істейтінін сұрадым. Ол маған бәрі жақсы болатынын, екі айдан кейін өз елімізден келіп, алып кететінін айтты. Ал егер алып кетпесе, онда жаман болады деді. «Екі ай біз сендермен боламыз, бақылау жасаймыз, сосын көреміз, не болатынын...»

- Нұрайым, сіз Сириядан немереңізбен кетуді ұйғарып, Аль Хол деп аталатын босқындар лагеріне тап болыпсыз... Сол кезде  әлем жаңалықтарынан айтылып жатқан зорлық-зомбылық, адам өлтіру сияқты қатігездікпен бетпе-бет кездестіңіз бе?

 - Біз ол жерде көп тұрақтамадық, оның үстіне Қызыл крестің бақылауында болғандықтан, ондай жағдаймен бетпе-бет кездеспедік. Есесіне адам өлімі мен шектен тыс қатігездікті соғыс даласында көрдік. Мысалы біз барған кезде күйеуім алып кеткен  Шаддад деген жерде бастары кесілген сұмдық видеоларды көрдік. Бұл сұмдық қорқынышты, тіпті қарау мүмкін емес. 

- Кімнің бастарын кескен? Ол не видео?

- Смуттардың басын кескен.  Смут дегені – сатқындар, радикалды идеологиядан бас тартып, қашпақ болғандар. Смуттарды аяусыз өлтірді. Елді жинап, бәрінің көзінше бастарын кесіп алды. Істегендерін видеоға түсіріп, бәріне  көрсетті. 

 -Сіз бастарын кесіп жатқанын көзіңізбен көрдіңіз бе?

 -Жоқ, әйелдерге  ол жаққа баруға тиым салынған. Тек ерлер ғана барады. Бізге жаңағы түсірген видеосын көрсетті. 

 - Кінәлілердің басын кесті ме, әлде дарға асты ма?

- Бастарын алды да, дарға да асты және басқаларға көрсету үшін бір күн іліп қойды. Көргендердің үрейін ұшыру үшін осылай істеді. 

- Кімнің үрейін ұшыру үшін?

  - Кәпірлердің, дұшпандардың үрейін ұшырып, қорқыту үшін осылай істейміз дегенді айтатын және олар жасаған қорқынышты істерін хадис-аяттармен ақтап, өздерінің қатігездіктерін бүркемелейтін. Ондағы адамдар  исламнан аса хабары жоқ, діни сауаты төмен болғандықтан, оларға қарсы ештеңе айта алмайтын. Мен күйеуіме олар неге сонша қатігездік танытады?  Біздің дініміз осыншама қатал емес еді ғой...  Ислам мейірімнің, адамгершіліктің діні емес пе деймін... 

- Күйеуіңіз сізді жақсы көрген болар?

 - Иә, жақсы көрді, бірақ ол үш рет үйленді. Маған дейін екі рет үйленген екен. 

-Қазақтан алған ба, әйелді? 

- Иә, өзіміздің жамағаттан. Олар да келді, Қазақстанға. Алғашқы екі әйелімен ажырасты, ал үшіншісімен қайтыс болғанға дейін тұрды. Біз ештеңеге қарамастан бір-бірімізді сүйдік. Көп нәрсеге рұқсат етті. Мені бағалады. Сол себепті де бәрін тастадым да оның артынан кеттім. Ол маған үнемі: «Нұр, шыда! Көпшілкпен бірге бол! Жамағаттан бөлінбе, бірге бол!» дейтін. Шыда! Шыда! Шыда! деумен болды. Ешқашан басқа адамдар туралы жаман сөз айтқан емес. Тек басқаға үйленгені үшін ұрсысатынмын. 

 -Барлық қазақтар бірнеше әйелден алды ма? 

- Бәрі. Бір ғана әйелі бар бірде-бір еркек болған жоқ. Сондықтан ылғи ұрыс-керіс, жанжал, берекесіздік болатын. Ол жерде жалғызбасты сұлу әйелді қараусыз қалдырмайтын. Оның көмекшісі, қамқоршысы  болуын қадағалайтын. Бірақ мұндайды  мен және он пайыз ғана әйел көрген болар. Басқа әйелдердің  қас-қабағына қарағанын көрмедім. Не көп жесір әйел көп. Кім ұнайды, соны алады. Үйленгісі келсе, үйленеді, ажырасқысы келсе, ажырасады. 

- Интернеттегі ақпараттарда Сирияда халал әйел, халал жезөкшелер бар деген шықты. Шынымен сондайлар болды ма? 

 -Жезөкшелік болды. Жергілкті арабтармен ақша, тамақ үшін жезөкшелікпен айналысқандар болды. Оларды ұстап, жазалады, бірақ жезөкшелікпен айналысқан қазақ әйелдер   емес.  Қазақ әйелдер ондайға барған жоқ. Бірақ бірнеше рет күйеуге шығып үлгергендер болды. 

 - Сирияға кеткен әйелдердің Қазақстанға барлығы дерлік күйеусіз келді ме сонда?

 - Өкінішке қарай... Сириядан эвакуацияланған 157 әйелдің бесеуі ғана күйеуімен келді, Қазақстанға. 

- Дінге негізінен діни сауатсыздар, жағдайы жоқтар, білімсіздер, жұмыссыздар, т.с.с. барады деген көзқарас бар. Шынымен солай ма? Сирияға кеткендердің ішінде жоғары білімділері бар ма?

 -Әрине! Анығында барлығы дерлік жоғарғы білімділер дер едім. Мысалы үшін менің екі дипломым бар. Біздің арамызда заңгерлер, психологтар, экономистер, журналистер болды. Сондықтан дінге сауатсыздар, білімсіздер, жағдайы жоқтар барады деген миф. 

 - Нұрайым, сіз қандай көңіл күймен, қандай сезіммен оралдыңыз үйіңізге? 

-Оны сөзбен жеткізе алмаймын. Мен «Жусан-2» операциясымен 2019 жылы мамырда келдім. Шынымды айтсам, алғашқыда елге келуге қорықтық. Бізге: «сендер ИГИЛ құрамындағы террористердің әйелісіңдер. Барғанда сендерді қамайды, түрмеде шірисіңдер»-деді. Соңына дейін күдік-күмәннан арыла алмадық. Қазақстан сөздерінде тұрып, бізбен адамша қарым-қатынас жасайтынына сенбедік. Бірақ біз ойлағандай болмады. Бізді өте жоғары дәрежедегі адамгершілікпен қарсы алды. Алғашқы сәттен-ақ қамқорлыққа алды. Әлі күнге дейін әлеуметтік, құқықтық, психологиялық, моральдық, материалдық, т.т. қандай көмек  қалайсың, сондай қолдау көрсетіп келеді.  Біз үшін оңалту орталықтарын ашып тастады, бізбен психолог, теолог, заңгер сынды мықты мамандар жұмыс істеп жатыр. Шағым жасау – күнә. Кез келген өтінішіміз жерде қалып жатқан жоқ. Айтамыз орындайды. Ешкім біздің Cирияға кеткенімізді бетімізге баспайды. Қай кезде де бізбен сыпайы сөйлеседі. Ең үлкен проблема, ол – бізбен байланысты өлім фактісінің тіркелгендігі, яғни, соғыс алаңында күйеулеріміздің, қамқоршыларымыздың қайтыс болғандығы. Түсінемін... 

Қазақстанға оралғаныма  өте қуаныштымын. Қазақстан – менің күйеуімнің Отаны, менің балаларымның Отаны. Қазақстан – керемет ел! Мен Ыстықкөлденмін. Қырғызбын. Қазақстанда тұрғаныма 14 жыл болды. Күйеуім Қостанайдан. Ол татар еді. 

Кейде билікті сынап,  анау жоқ, мынау жетіспейді, жағдайымыз нашар, жақсы өмір сүріп жатқан жоқпыз деген сөздерді естігенде: сендер нашар тұрмыстың қандай болатынын білмейсіңдер деймін, іштей. Сіздерде бәрі бар. Ішетін тамақ, киетін киім, істейтін жұмыс бар, демек, ақша да табылады. Сіздерде ұлттар достығы бар. Ұлттар достығы бұл үлкен күш. Барларыңызды бағалап, бір-бірлеріңізді сыйлап, құрметтеңіздер дегім келеді. 

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармаға, мүфтиятқа, имамдарға, қоғамдық ұйымдарға, әрине, осының бәрін біріктіріп отырған Үкіметке үлкен алғыс білдіремін. 

Сирияда төрткүл дүниенің, әлемнің түрлі елдерінен  адамдар болды, бірақ солардың қаншасы өз азаматтарын, әйелдер мен балаларды елдеріне алып кетті екен... Өте аз. Сол аздың алдында бірегей Қазақстан тұр. Бірегей Қазақстан қандай да мақтауға және құрметке лайық! Үлкен адамгершілікке рақмет! 

Уа, Алла! Енді ешқашан азаматтарды террористердің соғыс даласынан елімізге  тасуды басқа сала көрме! Сені пайдаланған, бұл өте қорқынышты...  

                 

                         Қазақшалаған Еділ АНЫҚБАЙ