Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы адасқандарға көмек қолын созып,психологиялық қолдау көрсетіп, олардың қатарға қайта қосылуына жәрдем етумен қатар қала тұрғындарын, барша халықты экстремизм мен терроризмнен сақтандырып, қауіптің алдын алуға байланысты көптеген жұмыстар жасауда.
Діни басқарма жалқының жаңылысын жалпыға жеткізу арқылы қателікті қайталамауды қаперге салып отыруды жөн көреді. Осы мақсатпен күйеуінің артынан Сирияға барам деп бала-шаға, немерелерінен айрылып, азап тартып, қиындық көріп, «Жусан» операциясымен елге келген Нұрайым есімді әйелдің басынан кешкендерін қазақшалауды нұсқаған. Әріптесіміз Торғын Нұрсейтіова Нұрайыммен эксклюзивті сұхбат жүргізіп, оны zakon.kz сайтында жариялаған еді. Сол сұхбаттың қазақша нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мархабат!
- Нұрайым, Сирияға қалай кетіп қалдыңыз? Ол жаққа балаларыңызды не үшін апардыңыз? Осының анық-қанығын өз аузыңыздан естісек бола ма екен?
- Әрине, болады. Сирияда менің күйеуім, бес балам және немерем қайтыс болды. Жуырда Еуроодақ менің келісіміммен видеоматериал түсірді, енді сіздерге сұхбат бермекпін. Ондағы мақсат басқалар менің басымнан кешкенімдікөрсін, әрбір ана ойлансын, мен сияқты қателік жібермесін дегендік.
Сирияға мен 2014 жылы тамызда төрт баламмен кеттім, тағы біреуін сол жерде босандым. Ал 2019 жылы жалғыз немерммен оралдым. Бұл өте қайғылы жағдай. Алла мұндайды ешкімнің басына бермесін. Бізді үйімізге «Жусан» операциясы арқылы алып келген мемлекетке алғысым шексіз.
Сирияға 2013 жылы қыркүйекте кетіп қалған күйеуім – Зинурдың артынан бардым. Ол маған Сирияға баратынын айтқан жоқ. Бішкекке барып, екеуімізге көлік сатып аламын деген. Есіңізде ме, ол уақытта Қырғызстанда көлік Қазақстанға қарағанда екі есе арзан еді ғой.
Біз Қаскелеңде жер үй жалдап тұратынбыз. Мен үй шаруасымен айналысатынмын. Таңертең күйеуім Бішкекке кету керек-тін. Таңертең күйеуім менімен қоштасып, қақпадан шығып кете алмай жүрді. Қақпаға жақындап барып, ойланып тұрып қалады. Қайта келеді де мені құшақтайды, қайта барады, қайта келеді. Осылай бірнеше рет қайталады. Мен: «неге әрі-бері сенделіп жүрсің, барсайшы енді» деймін шыдай алмай. Оның Сирияға кетпек болғанын мен қайдан білейін...
Сонымен кетті. Еш хабар-ошар жоқ. Шамамен бір айдан кейін ғой деймін, хабарласты: «Нұрайым, мен Сириядамын. Сен осы жаққа келуің керек. Бұл жерде халифат. Құдайға сенетіндер осы жақта өмір сүруі керек»-деді.
Неге екенін сол кезде мұсылман емес елдерде, Қазақстанда көпшілік халық мұсылман болса да, мұсылмандарға қысым жасалады деген үгіт-насихат жүргізілді.
- Ондай үгіт-насихатты жүргізген кім?
- Саид Бурятский деген және т.б. интернеттегі араб идеологтары. «Мен үшін сендерді қудалайды, қысым жасайды. Ең дұрысы осы жаққа келгенің» деп күйеуім де айтып қоймады.
Біздің алты баламыз болған. Бес ұл, бір қыз. Ең үлкен ұлымыз жиырмадан асып кеткен, ал ең кішісі жетіде еді.
- Сізге балалармен Сирияға бару қорқынышты болған жоқ па?
- Әрине, кетер алдында мен көп ойландым. Бір діни әдебиеттен оқығаным бар еді. Ол кітапта соғыс болып жатқан жерге әйелдер мен балаларды апаруға болмайды дегендей жазылған. Осы оқығанымды алға тартып күйеуімнен сұрағанмын. Ал ол: «Бұл халифат. Түркиядан Иракқа дейінгі жерлер халифаттың иелігінде. Әлі талай жер халифаттың иелігіне өтеді. Осындай қасиетті жиһад жүріп жатқан кезде әр мұсылман сол жерге баруға тиіс және сол жерде тұруға, өмір сүруге міндетті. Ол мұсылманның парызы» деді және әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі қаралғандығы, оған кепілдік бар екенін айтты. Мен оған сендім.
Бір жағынан біздің жеке үйіміз болған жоқ. Балаларды асырау үшін ертеден қара кешке дейін жұмыс істеуге тура келетін. Өте қиын болды. Осыны білетін күйеуім: «Ол жақта қиналып не істейсің? Одан да осында кел! Бұл жақта саған үлкен коттедж береді. Жұмыс істемейсің. Ештеңеге мұқтаж болмайсың. Тек қана балаларыңа қарап, құлшылығыңды жасап, өмір сүресің» деді. Мен баруға келістім.
- Күйеуіңіз бұрын қайда жұмыс істеп еді?
- Жас кезінде полицияда қызмет еткен. Полициядан күзетке ауысты.
Кейіннен мебель жасайтын жеке цех аштық та кәсіпкер болды.
Сирияда ол полицияда істегені үшін, әсіресе, совет армиясында әскерде болғаны үшін жақсы бағаланды. Ол жақта қару ата алатын, оны жөндей алатындар жоғары бағаланады екен.
- Сіз Сирияға төрт баламмен кеттім дейсіз. Екеуі осында қалды ма?
- Иә, мен өзіммен кәмлетке толмағандарды ғана алып кеттім. Үлкен ұлдар осында қалды. Осылай қылғаным үшін Аллаға мыңда бір шүкір етемін.
Содан біз Бішкек арқылы Стамбулға ұштық. Стамбулда бір адамдар күтіп алып, Газиантеп аталатын қалаға апарып, қауіпсіз үйге орналастырды. Газиантеп Түркияның оңтүстігінде. Ол жерден Сирияға автобуспен апарды. Он алты сағат жүріп бардық. Шекарада түріктің шығарып салушылары көмектесіп, 3-тамыз күні Сирияның жеріне табан тіредік. Бізді әскери форма киген арабтар күтіп алып, алғашқыда Жераблус деген қалаға апарды, кейіннен Раккуға бардық. Көп ұзамай, күйеуім келіп, бізді Шаддадқа алып кетті. Шаддад бұл Сирия мен Ирактың ортасындағы күрдтер мен сириялықтар тұратын қала.
- Шаддадта біз бір жарым жыл тұрдық. Кейіннен үздіксіз бомбалап, жан-жақтан қоршай бастаған соң, бізді Ирактың Раву қаласына алып кетті. Өйткені Ирак өте жақын болатын. Бастапқыда бұл жерде тыныш болды, бірақ коалиция құрылғаннан кейін бомбалау басталды. Өте қиын болды. Жарты жылдан кейін бізді қайтадан Сирияға алып келді. Тоқтаусыз бомбалаудан қашып, біресе ана қалаға, біресе мына қалаға бас сауғалап жүрдік. Сирияны түгелімен Башар өз қолына алғаннан кейін бізді тағы да Ирактың Кишма деген жеріне орналастырды. Күндіз оқ жауып тұрады, түнде бомбалайды. Америкалықтар: «Біз бомбалай береміз, тоқтамаймыз. Әйелдер мен балалар шығыңдар! Біз сендерге дәрігерлік көмек көрсетеміз, тек өз еріктеріңмен шығыңдар» дейтін.
Бірақ біздің бәріміз күйеуімізбен бірге болуға бел буғанбыз және бұл жердің халифат екендігіне сеніп, шейіт кетуге бекінгенбіз. Сондықтан екшкім америкалықтардың айтқанына шықпады. Бізді жау қолынан өлсек шейіт болатынымызға, Алламен жүздесетінімізге, бірден жұмаққа баратынымызға әбден сендіріп тастаған ғой...
Тура осы кездерде экономикалық блокада басталды. Азық-түлік жолдары кесілді. Өте қиын болды. Бізді күнде бомбалайды. Үйімізге артиллериялық снарядтар бірнеше рет түсті. Үйдің төбесі жоқ, есік-терезеде сау тамтық қалмаған. Біз оларды тек шүберекпен ғана жауып қоятынбыз.
Кімнің ақшасы бар, солар ғана күн көрді. Бір килограмм қант 50 доллар, ал бір мөшек ұн 1000 доллар тұратын.
- Ол жақта ақшасы бар қазақтар болды ма?
- Иә, болды. Кейбреулерге үйлерінен жіберетін, кейбіреулерінде қайтыс болған күйеулерінен қалған ақшалары болды.
- Олар сіздермен бөлісетін бе еді?
- Жоқ. Олар өздеріне ғана сатып алатын. Абу Файза деген амир тірі болғанда ол барлығына бірдей жағдай жасауға тырысатын. Бәріне беретін. Амирларымыз қайтыс болғаннан кейін біз арабтардың қолына қарап қалдық. Олар түк бермейтін. Емшектегі балам бар жесір әйел болғандықтан маған айына бір рет бір қорап құрғақ сүт, жарты қорап құрма беретін. Одан басқа түк бермейді.
- Қайтіп күн көрдіңіздер? Не жедіңіздер?
- Кебек жедік. Жергілікті тұрғындардан сатып аламыз. Оны суға араластырып, қайнатып тамақ қыламыз. Ал кейде таңертең тұман басқан жағдайда снайперлер атуды тоқтататын. Сол кезде балам жазық даладан шөп теріп әкелетін. Біз ол шөпті тұздап, қуырып, кебекке қосып жейтінбіз. Әйтеуір қайтсек те өлместің күнін көрдік. Бәрінен бұрын балаларға обал болды. Балалар кәмпит, пірәндік, пішінәй дегенді ұмытты. Ояна салып: апа, нан бар ма деп жылайтын...
Тірі болған соң, өмір сүріп жүргендеймін... Күлген боламын... Өйткені туыстарым уайымдамасын деймін. Түнімен ұйықтай алмай шығамын. Бір балам елестейді, одан екіншісі... Осылайша күн өтіп жатыр.
- Нұрайым, балаларыңыз, күйеуіңіз қалай қайтыс болды? Айтып бере аласыз ба?
- Ең бірінші үлкен ұлым Рушат қаза болды. 2017 жылы жазда Раккуды қоршауға алғанда қатты жараланды. Бомбадан алған жарақаты тым ауыр болыпты. Былайымша айтқанда өмір сүруге еш үміт қалмаған. Оның өлімі жөнінде үш күннен кейін ғана хабардар етті...
...жалғасы бар...
Қазақшалаған Еділ АНЫҚБАЙ