Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Сот шешіміне наразылар Бас прокуратура алдында флешмоб өткізді

Ақпан айында наразы топ Ақордаға барып, "әділетсіз сот шешіміне шағымданып", "Қазақстаннан әділдік таппаса, шетелден көмек сұрайтынын" мәлімдеген.

Сот шешіміне наразылар Бас прокуратура алдында флешмоб өткізді
фото: ашық дереккөз

28 маусымда Нұр-Сұлтанда сот шешіміне наразы 30-дан астам адам Бас прокуратура алдына барып, ара қашықтық сақтап қаз-қатар тізіліп тұрып, флешмоб өткізді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ондаған адам шағымдарына "реакция білдірмеген" Бас прокуратураның "үнсіздігіне" осылайша "жауап қайтарғысы келетінін" айтты деп жазды "Азаттық радиосы". 

Олардың қолында жалаушалар, "президент, көмектес" деген жазуы бар қағаздар болды. Ары-бері өткен көліктердің кейбірі оларға сигнал беріп, қолдау білдірді.

Өткен бейсенбі күні депутат Қожахметов бізді сұхбатқа шақырған. Біз ол кісілерге талаптарымызды айттық. Яғни, жоғарғы сот төрағасы мен бас прокурор қабылдасын дедік. Кездесуде прокуратурадан – бір адам, Жоғарғы сот тарабынан екі судья қатысып отырды. Депутаттар тарабынан қажетті мәлімдемелер жолданды. Ертесінде, жұма күні Жоғарғы соттан хабарласып, бізге кездесу форматы жөнінде сұрақ қойды. Ал Бас прокуратура әлі күнге дейін үнсіз. Олардан ешкім шыққан жоқ. Сол себепті мәселеге назар аударту үшін бас прокуратура ғимаратына келдік, – дейді Дауытбек Молдабеков Азаттық тілшісіне.

Бас прокуратура алдында тұрған сот шешіміне наразы азаматтардың флешмобын бақылап тұрған полиция қызметкері және әкімдік өкілі. 28 маусым 2021 жыл.

Оның айтуынша, дүйсенбі күні таңертең оларға жергілікті әкімдік өкілі келіп, шараның заңсыз екенін айтып, ескертіп кеткен.

Оқиға орнында бірнеше полиция қызметкері жүрді. Бірақ шараның өтуіне кедергі жасамады.

Өздерін "Заң үшін!" атты бастама тобының өкілдеріміз деп атаған ондаған адамның Нұр-Сұлтандағы құзырлы органдардың кеңсесіне барып жүргеніне бір аптадан асқан. Олар сот үкімдері мен шешімдерін қайта қарау бойынша комиссия құруды сұрап отыр. Бұған дейін наразы топ үкімет ғимараты жанындағы "Нұрлы жол" бульварында да қонып шыққан. Олардың айтуынша, билік әзірге комиссия құру жөнінде ештеңе айтпаған.

28 маусымда түстен кейін Азаттық тілшісі бас прокуратураның баспасөз қызметіне хабарласқан еді. Бас прокурордың аға көмекшісі Дархан Дүйсенбай "баспасөз қызметіне ол жайлы [наразылық] ешкім хабарлаған жоқ, бізде арыз-шағымдарды қарастыратын тиісті бөлімшелер бар ғой" деді. Ол ақпарат бойынша сәлден соң хабарласуды сұрады.

Ақпан айында наразы топ Ақордаға барып, "әділетсіз сот шешіміне шағымданып", "Қазақстаннан әділдік таппаса, шетелден көмек сұрайтынын" мәлімдеген.