Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қазақстан халқының 53 пайызы ғана қазақша сөйлеп, жаза алады - сенатор

Оның айтуынша, бүгінгі күні қазақ халқы саны жағынан өсіп, 80% пайызға жақындаған.

Қазақстан халқының 53 пайызы ғана қазақша сөйлеп, жаза алады - сенатор
фото: ашық дереккөз

Қазақстанда халықтың 53 пайызы ғана қазақша сөйлеп жаза алады. Бұл туралы Алтынбек Нұхұлы айтты деп хабарлайды Paryz.kz, BAQ.KZ-ке сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, биыл Тіл комитеті Мәдениет және спорт министрлігінен Білім және ғылым министрлігіне ауысқан. Осы комитетке бөлінген қаржы көлемі 2020 жылы 719 млн болса, 2021 жылы 35 пайызға азайған. 

Бұл тіл мәселесінің өзектілігіне сай деп айта алмаймыз. Мемлекет басшысы «Ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деген болатын. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде, дегенмен, проблемалық мәселелер шаш етектен. Әлеуметтік зерттеулер бойынша еліміздің азаматтарының 53% пайызы ғана қазақша еркін сөйлеп, жаза алады. Ал енді қалғаны 30 жылда 30 ауыз сөз үйренбесе, тіпті, ниеттенбесе, оған кім кінәлі? Ел Президенті алдымен ниет болуы керек деді. Сондықтан қажеттілік туғызатын тетік керек, - деді Сенат отырысында депутат Алтынбек Нұхұлы.

Оның айтуынша, кешіккен сайын салдары да жойқын бола береді.

Оның айқын дәлелінің біреуі мынадай: Құнанбай заманындағы құнарлы тілден айрылудың алдындамыз. Енді Абайдың тілінен ада, Мұхтардың тілінен махұрым болмақпыз ба?! Бүгінгі шұбарлана бастаған дүбәра тіліміз қазақтығымызға сын екенін қашан түсінеміз?!  Депутат болған Айталы ағамыз айта-айта аялдады, шын жанашыр Шерхан ағамыз шырылдап шерменде боп өтті. «Бір кем дүниесін бір артық дүние жасайтын уақыт келмеді ме?!» деген сауал сұранып-ақ тұр, - деді депутат.

Оның айтуынша, бүгінгі күні қазақ халқы саны жағынан өсіп, 80% пайызға жақындаған.

Мұның нақты жауабын алдағы жалпы халықтық санақ көрсетеді. Соған сәйкес еліміздің әр азаматы қайда барса да, алдынан қазақ тіліне деген қажеттілік шығуы тиіс. Сонда ғана қазақ тілін еліміздегі қарым-қатынас тіліне айналдырамыз. Сөзімді аяқтай келе айтарым, қазіргі балаларды смартфон, әлеуметтік желілер (ютуб) қатты әсер етіп, тәрбиелеп жатыр. Ана тілін үйренбек түгілі жөргектегі балалардың тілі басқа тілде шыға бастады. Бұл – ұлт қауіпсіздігі үшін аса қауіпті, - деді сенатор.