Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

"Күн сайын 50-60 теңге қоса ма": елімізде ұнның бағасы да қымбаттап шыға келді

Қазақстан қамбаларында 18 млн тоннадан астам астық қоры бар екенін ескерсек, бұл қымбатшылық қисынға келмейді.

"Күн сайын 50-60 теңге қоса ма": елімізде ұнның бағасы да қымбаттап шыға келді
фото: ашық дереккөз

Елімізде ұн бағасы 15 пайызға қымбаттаған. Оның келісі кей өңірлерде 360 теңгеге жетті. Соның салдарынан нан өнімдерінің бағасы да шарықтап бара жатыр. Қымбатшылық қыспаққа алды деген қараша бидай ұнын қабымен алуды ұмыттық деп қынжылады деп хабарлайды Paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық ұн өндірісінің көлемі ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті екенін жеткізді. Алайда бағаны ауыздықтауға оның септігі тимей тұр. Елімізде ұнның құны да өзге азық-түліктен қалыспай күннен-күнге қымбаттап жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда ұн бағасы15 пайызға бір-ақ көтерілген. Бұл өз кезегінде нан өнімдерінің бағасына да тікелей әсер етеді. Мәселен, Алматыда ең арзанының келісі 215 теңгеге жетті. Жоғарғы сұрыпты ұн бағасы тіпті 300 теңгеге дейін барады.

"Ұнның өзі қазір 10 мың теңгеге жетті. Бұрын дүкеннен 7 мыңға алатынбыз. Қазір қабы 3-4 мыңға қымбаттап кетті. Бидай өзімізде егіледі. Білмеймін енді. Әр дастарқанда тұратын тағам. Бәрі қымбаттады деп қымбаттата бергеннің қажеті жоқ", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Самат Қабылбеков.

Республика бойынша ең қымбат ұн - Нұр-Сұлтан қаласында. Бас қалада ұнның келісі орташа 340-360 теңгеден сатылып жатыр. Елордалықтар қымбат бағаға көнуден басқа амал жоқ дейді. Таразда жұрт ұнды қабымен алуды ұмыттық деп отыр. Қымбатшылық қыспаққа алды деген жамбылдықтар ең қажетті әрі сұранысқа ие отандық өнімнің құны ай сайын көз алдымызда құбылады деп аң-таң.

"Бұрын мен қабымен алатынмын. Қазір осылай келімен алуға мәжбүрмін. Өткен айда ұн 700 теңге тұрған. Қазір мың теңге деп тұр. Күн сайын 50-60 теңге қоса ма, түсінбедім", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Ғабит Ұлынбеков.

Астықтың отаны саналатын солтүстік өңірлердің өзінде бірінші сұрыпты ұнның келісі 144, жоғарғы сұрыпты 180 теңгеге қымбаттапты. Баға көтерілгелі көкшетаулық кәсіпкер Бибігүл Нұрышеваның кірісінен шығысы көбейген. Ол өнімдерін тек ұннан жасайды. Самса, бәліш пісіріп нәпақа табатын келіншек астықты өңірде ұнның шарықтауы ақылға қонымсыз деп күрсінеді.

"Ұн қатты қымбаттап кетті. Май да қымбаттады. Біз істейтін тағамның бәрі майға қуырылады, ұннан жасалады. Чебурек 150 теңге болған, қазір - 220 теңге.Бұл сұмдық қой! Өз бидайымыз бар, өзіміздің май шығаратын зауытымыз бар", - дейді кәсіпкер Бибігүл Нұрышева.

Жыл басынан бері Қазақстанда 1,1 млн тонна ұн өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамалы аз. Отандық ұн өндірушілердің экспорт көлемі де бірден 20 пайызға азайыпты. Қазақстанда диірмендер саны да азайып жатыр. Бәсекелестікке төтеп бере алмай, шағын компаниялар ғана емес, ірі өндіріс ошақтары да жұмысын тоқтатуға мәжбүр.

Сарапшылар бағаның өсуіне ұн өндірсінің төмендеуі себеп деп отыр. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр жиналған астық ішкі сұранысты қамтуға жетеді деп сендірді.

Қазақстан қамбаларында 18 млн тоннадан астам астық қоры бар екенін ескерсек, бұл қымбатшылық қисынға келмейді.