Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Шымкентте бір мектепте екі директор: ата-аналар шу шығарды

Мектепте ақша жинау, кәсіподақ қаржысын жымқыру, 600 тонна көмір сату сияқты дерекпен іс қозғалған экс-директордың тергелуі әлі аяқталмағанын айтады ата-аналар. Ал аппеляциядан ұтып шыққанын естіп, аң-таң болдық деп отыр.

Шымкентте бір мектепте екі директор: ата-аналар шу шығарды
фото: видеодан скриншот

Шымкенттегі 125-мектепте бір жыл бұрын сыбайластық бойынша үстінен іс қозғалған директоры өз орнына қайта жайғасқан. Ал ата-аналар істі болған мектеп басшысының қайтадан орнына келгеніне қарсылық білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz, "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Оқушылар мен мұғалімдерден сан сылтаумен ақша жинап, кәсіподақ қаражатын жымқырып, тонналап көмір сатты деп айыпталған директордың ісін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әлі тергеп жатыр дейді көпшілік.

Бірақ осыған қарамастан, аппеляциялық соттан ұтып шықтым деген басшы өз орнына қайта тағайындалғанын айтады. Экс-директордың қайта тағайындалуына Қайнарбұлақ жұрты қарсы. Қит етсе оқушылар мен мұғалімдерден ақша жинауға құмар басшы бұған дейін, тіпті, үздік шәкірттердің қызыл дипломын да саудаға салғанын айтады.

“100 мың сұрады. Кейіннен мейлі, әйелің осы жерде істегеннен кейін өзіміз ғой деп 50 мың деді. Мен оған немді беремін. Оның мектептен алып жатқаны аз ба еді. Мейлі, мақұл деп қойдық. Қызыма қызыл емес, көк диплом берді”, – дейді ата-аналардың бірі Құралбек Әбілдаев.

“Мен өз құлағыммен естігем. Қарапайым пол жуатын қызметкердің өзінен 150 мың теңге сұраған. 150 мың теңгені маған бересің, соның өзінде маған ұнасаң істейсің. Маған ұнамасаң, бір теуіп қуамын деген”, – дейді тағы бір ата-ана Айжан Изатуллаева. 

Мектепте ақша жинау, кәсіподақ қаржысын жымқыру, 600 тонна көмір сату сияқты дерекпен іс қозғалған экс-директордың тергелуі әлі аяқталмағанын айтады ата-аналар. Ал аппеляциядан ұтып шыққанын естіп, аң-таң болдық деп отыр.

“Егер ол ақталып шықса, конкурсқа түссін, бос мектепке барсын. Бұл мектепте ол ешкімге керек емес”, – дейді Қайнарбұлақ тұрғын алабының төрайымы Ақмарал Өмірзақова. 

Директордың айтуынша, былтыр істі болып, артынша өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш берген. Алайда, араға аз уақыт салып, директорлық қызметіне оралу үшін сотқа арызданыпты. Алғашқы сатыда талабы қанағаттандырылмаған ол, аппеляцияда ұтқанын айтады. Ал қызметке алу үшін ақша сұрады, аттестатты саудаға салды деген ақпараттар жалған дейді.

“Иә, мен қызметтен кету туралы өтініш жазғаным рас. Одан кейін мен өз өтінішімді қайтадан қайтарып алуға арнайы хат жаздым. Ол хатты алдым. Сөйтіп, құзырлы органдарға жолдадым. Міне, соттан кеше 2-сі күні жеңіп шықтым”, –дейді 125-мектептің директоры Әсет Сатыбалдиев. 

Білім басқармасы жаңа директордың үстінен кассациялық шағым түсіргенін айтады. Бір қызығы, бұған дейін 6 ай басқарған директор да жұмыстан босату бұйрығына қол қоймастан, еңбекке жарамсыз деп танылып, емделуге кетіпті.