Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Даниал Ахметовты сынап жүрген блогер ұсталды

Ол сыни постарын Instagram желісіндегі парақшасында жариялайтын. Кейін бұл парақша бұғатталған. 10 маусымда ол xaxa_semey2 парақшасын ашқан.

Даниал Ахметовты сынап жүрген блогер ұсталды
фото: ашық дереккөз

Семейде полиция блогер, Instagram желісіндегі "xaxa_semey" парақшасының иесі Офелия Гусейнованың ұсталғаны хабарланды. Бұл туралы жергілікті кәсіпкер Айдос Серікқалиұлы айтты деп хабарлайды "Азаттық радиосы".

"Ол маған хабарласып, полиция үйіне келіп, қолын қайырып, еденге жатқызғанын айтты, тез келуімді сұрады. Досымды жіберген едім, полиция мен деп шатастырып, досымды да ұстаған", - дейді Серікқалиұлы.

Азаттық тілшісі Офелия Гусейновамен байланыса алмады.

Полиция блогердің ұсталғанын растамады, жоққа шығармады да. Облыстық Полиция департаменті "тергеу басқармасы "Фирма Азия" компаниясының шағымынан соң Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша жалған ақпарат тарату фактісін тексеріп жатыр" деді.

Департамент тергеу сотының шешімімен Семейде тінту және тергеу шаралары жүріп жатқанын мәлімдеді. Блогердің "Фирма Азияның" шағымына қандай қатысы барын полициядағылар айтпады.

"Фирма Азиядан" комментарий алу мүмкін болмады. Хатшы "объектілерге шығып кеткенін" айтты.

"Фирма Азия" — Семейдегі құрылыс және жол жөндеу бойынша ірі компаниялардың бірі. Бұл компанияға облыстық мәслихаттың депутаты Әсемхан Дускужановтың әйелі Сәуле Дускужанова иелік етеді.

Блогер Офелия Гусейнова облыс әкімі Даниал Ахметовты жиі сынап жүреді. Ол сыни постарын Instagram желісіндегі парақшасында жариялайтын. Кейін бұл парақша бұғатталған. 10 маусымда ол xaxa_semey2 парақшасын ашқан. 2021 жылы сәуірде ол жергілікті кәсіпкерлердің дөңгелек үстеліне қатысқан. Бұл жиында қатысушылар облыс әкімдігіне сын айтқан еді.