Экстремизм мен терроризмнің алдын алу, қауіпсіздіктен сақтану үшін мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Мемлекеттік «Жусан» операциясымен ақ жолдан адасып, жат жұртта азап шеккен қаншама жерлесіміз елге оралды. Жұмақты жырақтан іздеген Мүрия Шерібаева (аты-жөні өзгертілген – ред.) өз тағдырына өзі тауқымет арқалатып, адасқан жан.
Мүрияның адасқан айыбын айтып, жазылмаған жарасын тырнайық деген ойдан аулақпыз. Онымен сұхбаттасып, көзімен көргенін, басынан кешкенін көпшілікке жеткізудегі мақсат Мүрияның қателігін өзгелер жасамаса екен, басқалар қайталамаса дегендік. Мүрия да бұл сөзімізді құптайды: «Ол жаққа кеткеніме қатты өкінемін. Адасқанымды түсініп жатырмын. Көзбен көрмеген соң біле бермейсің. Соғысты, ол жердегі жантүршігерлік әрекетті көргенде айтылған әңгіменің, жүргізілген уағыздың жалған екеніне көз жеткізесің. Адасқаныңды, қателескеніңді мойындайсың. Бір шетінен көзбен көргеніміз де дұрыс болған шығар. Көзбен көрмесем, білмес едім. Біз көргенді басқалар көрмей-ақ қойсын. Алданып қалмаңыздар!» - дейді Мүрия.
Бүгінде Мүрияның жасы отыз жетіде. Ол 2008 жылы намаз үйренуді бастапты. Өкініштісі, алғаш намазға ден қойғанда-ақ теріс ағымның тұзағына ілінген. Арбаушы ағым аз ғана уақыттың ішінде басын айналдырып алған. Мүрия күйеуге шыққан кезін есіне алды: «Намазға жығылған соң, бір айдан кейін күйеуге шықтым. Діни білімім болмады. Күйеуге шыққаннан кейін жамағатқа толық кірдім. Бұл жамағатта жақсы адамдар ғана болады деген айтылды. Содан сол жамағаттың айтқанына құлақ астық. Күйеуге де сол жамағаттың айтуы бойынша шықтым. Үш рет жүзбе-жүз кездесіп, төртіншісінде күйеуге шықтым. Исламда жүрек қалауы, махаббат деген жоқ деп сендірді» - дейді, Мүрия. Осы жерде ғұлама Абайға соқпай кеткеніміз жарамас. Абай айтады:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Иә, махаббат өте терең тақырып. Екі жастың ортасында болатын күйдім-сүйдімнен де терең. Барлық нәрсе сүйіспеншілікпен байланысты. Абай осы өлеңінде ең бірінші Алланың адамға, адамның Аллаға деген махаббатын айтып тұр. Алланың мейірімі шексіз. Демек, ислам – мейірім діні. Бұл ең басты махаббат. Екінші адамзаттың бәрін бауырым деп сүй дейді. Міне, нағыз мұсылман барша адамзатты бауырым деуге тиіс. Бауырым деу үшін әр адамға махаббат керек. Кез келген нәрсеге махаббат қажет. Отанға, отбасыңа, ата-анаңа, бала-шағаңа, жарыңа – бәріне. Абай атамыз: «Махаббатсыз дүние дос» деп те айтпайтын ба еді... Сондай-ақ, 38-қара сөзінде: «Махаббат – әуелі адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер бірлән» деп жазды ғой. Яғни, адамның адамшылығы ақыл мен ғылымға тікелей байланысты дегенді айтады. Сондықтан кез келген дінге қатысты нәрсені ақылға салу керек. Егер өз ақылыңыз жетпесе, арнайы мамандардан кеңес алу қажет. Діни уағызды кім көрінгеннен тыңдауға болмайды. Теолог-ғалымдар, дінтанушылар, имамдар, діни қызметкерлер бар. Яғни, ҚМБД-мен хабарласқаныңыз жөн, сондай-ақ, әр облыстың әкімшілігінде, қалаларда Дін істері жөніндегі басқармалар немесе сол басқармалардың жанында «Кеңес беру-Оңалту», дінді зерттеу орталықтарымен байланысқаныңыз абзал. Бұл немқұрайлы қарайтын жайт емес. Осы мақаламызға арқау болып отырған Мүрияның тағдыры сөзімізге дәлел бола алады.
Мүрия отбасын құрып, бала сүйіп, ана бақытын ел қатарлы көретін шағында жат ағымның алдауына түсіп, қиындықты белшесінен басты. Миын дінмен улап, санасын шариғатпен шырмаған жалған исламның өкілдері оны бақытқа емес, батпаққа батырды. Жұмақты жырақтан табуға шақырды. Ақыры адасты, азап шекті. Қаншама уақыты қорлықпен өтті. Өзегін өкініш өртейді. Өкси отырып, өткен өкінішті өмірін еске алды: «Жамағаттың жалған әңгімесіне басымыз айналып қалғанын білген жоқпыз ғой. Басында бақыттың бәрі барған жерімізден табылатындай көрінді. Бізді соған сендірді. Айтқандары қисынды сияқты болатын. Сөйтсек, алдаудың, арбаудың жолы тәтті тіл екен. Ол кезде бұлай ойламадық. Бақытты басқа жақтан табамыз деп ойлап жүрдік. Санамыздың шырмалып, миымыздың уланғаны сонша, кетеміз деп шештік. Кетудің жолын қарастырдық. Егер сол жаққа барсақ, бәрі жақсы болатындай көрінді. Бірақ барғанда қиын болды. Басқа ел, басқа тіл. Ең қиыны осы екен. Тілді білмейсің.
Иә, «Ана тілім – тіршілігімнің айғағы, Тілім барда айтылар сөз ойдағы» деген ғой, ақын Әбділда Тәжібаев. Мүрияның алғашқы қиындықтары өзге елдің тілін білмегеннен басталған. Оған дейін күйеуі уәдені үйіп-төккен екен. Ол мұңая отырып, әңгімесін жалғастырды: «Күйеуім бара жатқанда айтты: Халифатта тұрамыз. Жақсы өмір сүреміз. Барлығы тегін болады. Барлық жағдай жасалады. Баспанамен қамтамасыз етеді. Біз баспанадан қиындық көріп жүргенбіз. Ол кезде Оралда болатынбыз. Оралдың көп жігіттері сол уақытта кетіп жатты. Біз де солармен бірге кеттік. Ағайын-туысқа қарамадық. Солай кете бардық. Қатты өкінемін. Көп нәрсені білдік. Қазір Аллаға шүкір дейміз. Көп нәрсені түсінгеннен кейін қайтқымыз келді ғой. Ол жерде ешқандай да халифат емес. Ол жерде ешқандай Алланың жолы емес. Осының бәрін түсіндік. Түсіндік те өкіндік. Ішіміз күйіп, қайтуға бел будық. Қайтар жол табылмай қиналдық».
Бастарын теріс дінмен шырмаған ағымның идеологтары Мүрияны күйеуімен және сіңілісін жарымен бірге арбап, алдап, Ирак жерінен бір-ақ шығарған. Бұларды Мосул деген қалада қалдырып, сіңілісін Шабдат атты елдімекенге алып кеткен. Елде жүргенде айтылған тегін баспана, ағылған азық-түлік, төленетін ақша дегеніңіздің бәрі өтірік болып шығады. Әпкелі-сіңлілерді екіге бөлген бер жағы екен, келесі кезекте күйеулерінен әйелдерді де бөліп, бөлек жерлерге жатқызған. Өмірі қолына қару ұстамаған күйеулерін соғысқа алып кеткен. Ал Мүрия болса, танымайтын, білмейтін өзі сияқты адасып келген әйелдердің ортасына түседі. Тамақ жоқ, қатаң қадағалау, үркіту қорқыту... Азапты өмір басталады... Күйеулері 2-3 айда келіп тұрады. Кейіннен күйеулерінің қайтыс болғанын айтқан. Видеосын ғана көрсеткен. Азаптың көкесі екі балалы болғаннан кейін басталыпты. Мүриям бұл қорлықты айтуға аузы бармай, біршама уақыт үнсіз егіліп отырып қалды. Мен де қинамадым. Сәл кейінірек бәрін жіпке тізгендей айтып беруге уәде етті. Айтқандарына құлақ аспай, шырылдатып тастап кеткен әке-шешесінен қайта-қайта кешірім сұрай берді. Бізді уайымдағаннан, бізді ойлап қайғырғаннан әкесінің жүрек ауруына шалдыққанын да айтып қалды. Ата-анадан артық қамқор бар ма? Өз баласын өзекке теппей, қазіргі күні қамқорлығына алып отыр екен. Бір үйде он шақты жан күн кешіп жатқан көрінеді. Осындай күйге жеткізген өздері. Алдауға түскендіктен. Көрген азап, шеккен қасіретті еске түсіру, оны айту оңай емес. Мүрияның жағдайы келгенде бұл әңгімені жалғастырамыз деп келістік. Бүгінше осы, қымбатты оқырман. Сақ болайық! Сақтанайық!
(...жалғасы бар...)
Еділ АНЫҚБАЙ