Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Маңғыстау жылқылары қоқыс жағалап жүр

Маңғыстаудағы қуаңшылықтың зардабын тартып отырған халыққа алаңдаған желі қолданушылары жағдайға немқұрайлы қарамауға үндейді.

Маңғыстау жылқылары қоқыс жағалап жүр
фото: дереккөз

Маңғыстау облысында азық іздеп, қоқыс жағалаған аш жылқылардың суреті тарады. Желі қолданушылары мұндай көріністі қарау жүрекке ауыр тигендерін айтуда деп хабарлады Paryz.kz, NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Драматург Сая Қасымбек жариялаған жылқылардың фотосы көпті алаңдатып қойды.

"Алла-ай, ең асылымызды қорлағанымыз қалай?! Маңғыстаудың жылқысы қоқыс жеп жүр. Әкем: "Жылқы - суды тұнығынан ішеді. Жуындыға тұмсық тықпайтын тек жылқы ғана!", - деп отырушы еді. Мына фотоны көріп, тектімізді қор қылғанымыздың шексіздігіне ішім удай ашып кетті-ау?! Кеңес өкіметін жамандаймыз. Бірақ ол кезеңде мынадай масқараға жол бермеді. Отыз жылда жеткен жеріміз осы болғаны ма?", - дейді жазба авторы Сая Қасымбек.

Желі қолданушылары қазақта киелі саналатын жылқы малының осындай күйге түскеніне сенбейтіндерін жарыса жазуда.

"Мына көрініске қарау қандай ауыр еді ,киелі ер қанаты деген текті жылқымыздың мына шарасыз күйі көңілді ауыртады екен! Адамдарда мейірім азайып, малдан береке кетті деген осы болар! Өкінішті!", - деп жазды Фарида Баракова есімді желі қолданушысы.

Маңғыстаудағы қуаңшылықтың зардабын тартып отырған халыққа алаңдаған желі қолданушылары жағдайға немқұрайлы қарамауға үндейді.

"Обал ай, жылқы жарықтық осындай күйге түскені өте қиын жағдай екен! Анам "жылқы - малдың аққуы" деуші еді, ХХІ ғасырдағы шөпті таңдап жеп, тұнық суды ғана ішер жылқымыздың жағдайы мынандай. Бұл нені көрсетеді, тұлпарымыздың түрі адам шошырлық, басқа мал қандай десеңізші?", - деп жазды олар.