Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

"Мектеп директоры қысым жасаған": Түркістан облысында оқушы өзіне қол жұмсады

Ол директор қарындасын емтиханнан кейін алып, тағы да қысым көрсетіп, бағасын кемітемін деп қорқытқанын айтады.

"Мектеп директоры қысым жасаған": Түркістан облысында оқушы өзіне қол жұмсады
фото: дереккөз

Әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы мектеп директоры 9-сынып оқушысын өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізді деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Paryz.kz, stan.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Ордабасы ауданының тумасы Нұрдәулет Мықтыбеков есімді тұрғын мектеп директорының қарындасын өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізгені туралы айтып, әділдік сұрады. 

“Құрметті Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, құрметті Бас прокурор Ғизат Нұрдаулетов, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев, Білім министрі Асхат Аймағамбетов, балалар құқығын қорғаушы Аружан Саин. 2021 жылы 2 маусым күні, бір апта бұрын 9-сыныпты бітірген қарындасым Мықтыбек Эльвира өзіне-өзі қол жұмсады.  Қарындасымды өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген және оның өліміне кінәлі бірден бір адам мектеп директоры Стаева Айсара Нуржигитовна деп есептеймін. Эльвира үздік аттестаттан үмітті мектептегі үш оқушының бірі болды. Алайда директор үздік бітіруге барынша кедергі келтіріп, емтиханда қысым көрсеткен”, – дейді Нұрдәулет Мықтыбеков. 

Ол директор қарындасын емтиханнан кейін алып, тағы да қысым көрсетіп, бағасын кемітемін деп қорқытқанын айтады. Көп ұзамай қыз үйінің ауласында өзіне қол жұмсапты. 

“Емтиханда төбесінен төніп тұрып бақылаған. “Сен үшке оқитын оқушысың, сенің бағаңды 10 балл кемітемін" деп оқушылардың көзінше айтқан. Емтиханның соңында жеке алып қалған. Не айтып, не қысым жасағаны белгісіз. Сыртқа шыққанда қарындасым қатты ызаланып, жылап шыққан. Бұған үй іші, мұғалімдер мен сыныптастары да куә. Қалған үздік аттестатқа үміткер оқушыларға қысым көрсетпеген. Олардан ақша алуы да мүмкін. Ауыл арасында ондай әңгіме де бар. Осындай қысымнан кейін бұған дейін беске оқыған қарындасым бір сабақтан төрт шығып, қатты күйзеліске ұшырап, үй ауласында арқанға асылып, көз жұмды”, – дейді ол.

Оқиғаға қатысты Түркістан облыстық Полиция департаментінің басшысы түсініктеме берді. Қазіргі таңда жағдай бақылауға алынған, тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. 

“Аталған жайт бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің білікті тергеушілерімен ҚР ҚК-нің 105-бабы "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде және қажетті деген барлық жан-жақты шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішінде мектеп ұжымынан,  мұғалімдер мен оқушылар арасында жауаптар алынуда. Тиісті сараптамалар да тағайындалды. Істің заң аясында жүргізілуін қадағалауда”, – дейді Түркістан облыстық Полиция департаментінің басшысы Қ.Дальбеков.