Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Жұлқылайды да, түріме қарайды": Қостанай облысында екі адамды қасқыр талап тастады

Жедел көмекке келген жергілікті тұрғындар қасқырды атып өлтіріпті.

"Жұлқылайды да, түріме қарайды": Қостанай облысында екі адамды қасқыр талап тастады
фото: дереккөз

Тобыл өңірі тұрғындарына қасқырдан қауіп төнді. Аймақтағы Меңдіқара ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында түз тағысы 2 адамды талаған. Ауылға кірген қасқыр алдымен 19 жастағы  жігітке шабуыл жасапты деп хабарлады Paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Одан кейін сиыр саууға шыққан әйелге тап берген. Екеуінің де қол-аяғын тістелеп тастаған. Жедел көмекке келген жергілікті тұрғындар қасқырды атып өлтіріпті.

"Қасқырды атып алып, ел болып, кеше ауданға апарып, тапсырдық. Оны басқа отделенияларда көрген екен. Бірақ енді неше қасқыр деп айту қиын. Мүмкін осы қасқыр бір қасқыр болуы мүмкін", - дейді Қарақоға ауылдық округінің әкімі Тілеуқабыл Дүйсенов.

Айта кетейік, сол күні ауыл ішінде одан басқа тағы бір көкжалды көргендер бар көрінеді. Енді аудандық инспекция мамандары елді-мекен төңірегін тінтіп, түз тағысын іздеуге шыққалы отыр. Дейтұрғанмен, жыртқышқа таланған ауыл адамдарының денсаулығына қауіп жоқ екен. Қазір медициналық көмектен соң, үйге босатылған.

"Айырды секіріп ұшырып жіберді де мені құлатты жерге. Қолымды шайнай бастады. Жұлқылайды да, түріме қарайды. Тағы тістелеп жұлқылайды да, түріме қарайды. Екі қолымды, сосын аяғымды солай етті. Сүйекке зақым келген жоқ. Түнде сол районға барып, уколдар беріп, тікті", - дейді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Бидагүл Елемесова.