Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Ауылдың адамы болсын": Ақмола облысының тұрғындары ауданнан тағайындалған әкімге қарсы шықты

Өкілеттілігі аяқталуға жақын қалғанда Оразақ әкімі Нұрлан Қасымбековтің жұмыстан кетуін жергілікті шенеуніктер әдейі жасалған әрекет деп санамайды...

"Ауылдың адамы болсын": Ақмола облысының тұрғындары ауданнан тағайындалған әкімге қарсы шықты
фото: видеодан скриншот

Ауыл әкімдерін халық сайлайды деп отырғанда, Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Оразақ ауылына әкімді аудан басшысы тағайындамақ. Тіпті халыққа өз кандидаттарын таныстырып та қойыпты. Бірақ оразақтықтар әкімнің адамын басшы қылып қоймаймыз, өз арамызда да әкім болуға лайық азаматтар бар деп қарсы болып отыр деп хабарлайды Paryz.kz, 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

Ал аудан шенеуніктері сайлау туралы заң әлі күшіне енбегенін, сондықтан біздің әрекетіміз заңды деп отырған көрінеді. 

Оразақтықтардың айтуынша, Целиноград ауданының әкімі өз аумағына әмірін жүргізуге әбден үйреніп алған секілді. Осыдан 1 ай бұрын ауылдың әкімін жұмыстан кетіріп, енді 9 маусымда өздері басқа әкімді тағайындамақ екен. Бірақ жиналғандар "олардың адамына сенбейміз, әкімді халық ішінен сайлайміз" деп отыр.

"Біз өзіміздің елдің, осы елде туып-өскен адамды сайлағымыз келеді. Ауылдың азаматы әкім болсын. Ауылда тұратын азаматтар сайлансын. Бізге халықтың, елдің қамын ойлайтын адам керек. Бізге анау аудандық әкімдіктің қолшоқпары болған әкім бес тиынға да керегі жоқ", – дейді Оразақ ауылының тұрғыны Серікбай Жаналинов. 

Халық қазіргі әкімдері Нұрлан Қасымбековтің де өз еркімен кеткеніне сенбейді. Сайлау туралы заң күшіне енбей тұрып әкім-қаралар өз адамдарын қойып үлгеруі үшін әдейі істеп отыр дейді. Ал ауысып келе беретін әкімдердің жұмысты жарытып істеп жатқандары жоқ дейді халық. Мәселен, қайта іске қосамыз деген 28 нысан 30 жылдан бері қаңырап бос тұр, көшелері ойдым-ойдым, мал жаятын жерлер жеке шаруаларға өтіп кеткен. Тұрақты жұмыс та жоқ. 

"Елдің жері ғой бұл. Сондай келеңсіз жағдайларға жаның ашиды енді. Не істейсің? Ызаң келеді шынын айтқанда. Халықпен ақылдаспай беріп жіберген, аудан айтты, болды, солай болады деп айтқан", – деді Ақсақалдар алқасының төрағасы Асылбек Рамазанұлы.

Өкілеттілігі аяқталуға жақын қалғанда Оразақ әкімі Нұрлан Қасымбековтің жұмыстан кетуін жергілікті шенеуніктер әдейі жасалған әрекет деп санамайды. Әкім өзі кетті, енді 1 ай ішінде ол орынға жаңа әкімді тағайындауымыз керек деп түсіндірген жауаптылар дәл сұхбат жазарда күні кеше сайлауға түсейін деп отырған үш кандидат та өз еріктерімен бас тартқанын айтты.

Енді амал жоқ, жаңа заң бойынша тамыздан кейін Оразақта сайлау өткізбек.