Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Жамбыл облысында зауыт басшысы мен жұмысшылар арасында дау туды

Бірақ жалақысын даулаған жандар қол қусырып отырмайды. Олар прокуратура мен еңбек инспекциясына шағым түсіргелі жатыр. 

Жамбыл облысында зауыт басшысы мен жұмысшылар арасында дау туды
фото: видеодан скриншот

Жамбыл облысында шағал тас өндіретін зауыт басшысы мен қызметкерлері қырықпышақ болып жатыр. Себебі жұмысшыларға жалақы дер уағында берілмеген деп хабарлады Paryz.kz, NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Құрылысшылардың айтуынша, кәсіпкер жұмысын істетіп, көк тиын төлемеген. Бұл әркетін "басталған істі аяғына жеткізбедіңдер" деп түсіндірген. Ал наразы топ оның уәжі орынсыз дейді.

Күннің аптап ыстығы бұларға түк емес. Күнде зауытқа келіп, жалақысын даулайды. Наразы топтың сөзінше, кәсіпорынның құрылысын жүргізген 100-ден аса адамға бірнеше айдан бері еңбекақы берілмеген. Бүгін фирманың алдына бар болғаны 15 адам жиналды. Оларға  кәсіпкер 1 жарым миллион қарыз екен.

"Ешқандай жасалмаған.  Айт, демалыс күндері де жұмыс істедік. Демалыс жоқ. Зауытты бітіріңдер, өздерің жұмыс істейсіңдер деген. Мақұл дедік. Енді аяғы мынау болды. Айлық жоқ", - дейді жұмысшы Әлім Маратов.

Шағал тас өндіретін зауттың құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған. Жұмысшыларға алғашқы айларда жалақы толық беріліп, сәуір мен мамыр айының ақшасы төленбеген. Оның себебін сұраса, кәсіпорын басшысы сан сылтау айтып, өздерін айыптайды. 

"Бізге айтып жатқаны, заттар ұрланып жатыр. Бізге қағазбен ештеме өткізілмеген. Көрмеген темірлерді мойнымызға іліп, ақша бермеудің амалын жасап жатыр", - дейді жұмысшы Қуаныш Бұралқиев.

Ал фирма директоры 100-ден аса адам айлық алмады деген бекер дейді. Оның сөзінше, тек 15 жұмысшымен келіспеушілік туған. Оған өздері кінәлі екен. Яғни олар қиыршық тас уататын қондырғыны дұрыс орнатпаған. Ал келісім бойынша тек жұмыс біткенде ғана ақша төленеді. Бұлар шаруаны аяқтамай, тайып тұрыпты. Сондықтан көк тиын берілмейді деп кесіп айтты. 

"Осы күнге дейін істеген тірліктері оңбай жатыр. Біресе дәнекерлеу, біресе лента түсіп қалады. Роликтер мүлдем орнында тұрмайды. Келісімшарт бойынша олар өз жұмысын толық аяқтаған жоқ", - дейді фирма директоры Майра Молдабаева.

Кәсіпорын басшысы ойын түсінікті жеткізді. Ол тас уатқыш қондырғы іске қосылғанда ғана жалақы төлеймін дейді. Ал жұмысшылар зауыт директоры еңбекақыны бермеу үшін әдейі қондырғыны өшірді деген сенімде. Қос тараптың тартысы ұзаққа созылатын түрі бар. Бірақ жалақысын даулаған жандар қол қусырып отырмайды. Олар прокуратура мен еңбек инспекциясына шағым түсіргелі жатыр.