Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Ел рәміздеріне құрмет зор

Қазақстанның  халықаралық деңгейдегі жоғары беделі еліміздің мемлекеттік рәміздеріне аса құрметпен қарауды талап етеді. Мұны әрбір отандасымыз жақсы түсінуі керек.

Ел рәміздеріне құрмет зор
Фото: Жұбан Мұрат

Дәл осылай деп Оралдағы Тұңғыш Президент алаңында ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай өткен мерекелік іс-шарада Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев айтты.

Мерекелік іс-шара әскери қарауылдың Көк байрағымызды құрметпен алып келуімен,әскери оркестрдің Әнұранымызды орындауымен басталды.

 –1992 жылы 4 маусымда Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері бекітілді. Сол себепті бұл күн Мемлекеттік рәміздер күні ретінде ел тарихында мәңгі қалды. Мемлекеттік  рәміздер  –  елдігіміздің, мемлекеттігіміздің белгісі,  ұлттық сана-сезім мен отансүйгіштіктің символы. Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлтын, салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», – деген болатын. Біздің  мемлекеттік рәміздеріміздің тарихы тереңнен сыр тартып, бүгінгі азат елдің асқақ келбетін айшықтайды, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Салтанатты шара барысында адал еңбегімен, ерлік істерімен көзге түскен құқық қорғау саласының бірнеше қызметкері марапаттады. Олардың қатарында ҚР Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінің рота командирінің орынбасары, лейтенант Нұрсұлтан  Жүсіпов бар. Ол Орал қаласында қоғамдық тіртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында қылмыскерлерді ұстап, дер кезінде қоғамдық  ортадан оқшауландырған. Осы ерлігі елеусіз қалмай, әскери бөлім басшылығы оны марапатқа лайық деп тапқан. Әскери салада жұмыс істеп келе жатқанына бес жыл болған ол алдағы уақытта да Отан үшін адал ниетпен қызмет етуді міндет санайды.

Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың орындауындағы патриоттық әндермен қорытындыланды.

 

Жұбан МҰРАТ,

Батыс Қазақстан облысы