Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Биыл Қазақстанда 27 мың жұмыс орны құрылады

Қазақстанда 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы аясында биылғы жылы 27 мың жұмыс орнын, оның ішінде 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруды жоспарлауда.

Биыл Қазақстанда 27 мың жұмыс орны құрылады
Дереккөз: stan.kz

Халықты жұмыспен қамту мәселесі кез келген елдің экономикасындағы басты мәселелердің бірі екені айдан анық. Қазақстан билігі де аталған мәселеге баса назар аударып, республикадағы жұмыссыздықтың алдын алу шараларын және ел азаматтарын жұмыспен қамтудың тиімді жолдарын қолға алуда. Материалдың бүгінгі санында осы тақырыпта ой өрбітетін боламыз.

         Қазақстанда 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы аясында биылғы жылы 27 мың жұмыс орнын, оның ішінде 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруды жоспарлауда. Бұл жөнінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері былай дейді: "Мемлекет басшысы 2021 жылы "Жұмыспен қамтудың жол картасын" жүзеге асыруды жалғастыруды тапсырды. Осылайша бағдарламаны жүзеге асыру тәжірибесі ескеріле отырып, оны одан ары іске асыру тетіктері қайта қаралды. Атап айтқанда, жол картасына құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін әлеуметтік-мәдени, инженерлік-көліктік, өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін салу және реконструкциялау жөніндегі жобаларды ғана енгізе отырып, инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу критерийлері қайта қаралды". Сонымен бірге осы бағытта бөлінген қаражаттың бір бөлігі тұрақты жұмыс орындарын құратын кәсіпкерлік субъектілері үшін микрокредит беруге бағытталатыны белгілі болды. Сондай-ақ биылғы жылы бағдарламадан өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес келмейтін, одан әрі даму әлеуеті жоқ жобалар алып тасталды. Бұған қоса экономикалық белсенді халық санына қарай өңірлер бөлінісінде қаржыландыру лимиттері де айқындалды.

"2020 жылдың 28 желтоқсан айында Үкімет жанындағы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында жалпы саны 331-ді құрайтын инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі бекітілді. Осы жобалар аясында 27 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда, оның ішінде 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құрылады деп күтіліп отыр", - дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері.

         Ведомство өкілдерінің айтуынша, биылғы жылы жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы COVID-19 пандемиясының таралуы жағдайында халықты қолдау және экономиканы тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар түрінде әзірленген.

         Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, жалпы бағдарлама аясында 6,7 мыңнан астам жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 1 триллоин теңгеге жуық қаражат бөлінген. Оның ішінде 6 мың жоба бойынша жұмыстар аяқталса, 700 жоба бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Аталған жобаларда шамамен 239 мың адам жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 120, 2 мың азамат немесе адамдардың 50,3%-ы халықты жұмыспен қамту орталықтары бойынша жұмысқа тұрған.

         Сондай-ақ министрлік жұмыспен қамтылғандардың 47,2 мыңы немесе 39,3%-ы – жастар, 7,9 мыңы – аз қамтылғандар, 2,3 мыңы – мүгедектігі бар азаматтар екенін мәлімдеді. Халықты жұмысқа орналастыру бойынша көш бастап тұрған облыстарға келер болсақ, олардың қатарында Түркістан облысы (25,7 мың), Шығыс Қазақстан облысы (20,9 мың), Жамбыл  облысы (20,0 мың), Алматы облысы (19,4 мың) мен Алматы (21,3 мың) қаласына тиесілі болып тұр.

         Ал жұмыспен қамту көрсеткіштері бойынша артта қалған өңірлерге Маңғыстау облысы (57,2%), Қызылорда облысы (55,6%) және Павлодар (54,4%) облыстары жатқызылып отыр.

Бүгінде аталған бағдарлама аясында республика бойынша жұмысқа орналасқан азаматтардың орташа жалақы мөлшері 89,6 мың теңгені құрап отыр.

Айта кетерлігі, естеріңізде болса, былтырғы жылы 29 қазанда өткен "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының VII съезі барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламаның бірінші кезеңін жүзеге асыру барысында, Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық Банк жол берген кемшіліктерді ескере отырып, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мерзімін 2021 жылға ұзартуды тапсырған еді.

         Республика бойынша сонымен бірге жұмыссыздық деңгейін 4,9%-дан асырмаудың кешенді жобалара қолға алынуда. Оған дәлел еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкеновтың Үкімет алдында есеп берген сәтіндегі маңызды мәліметтерді ұсынуы болып отыр. «2020 жылы "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына 649 мың адам қатысты. Оның ішінде жұмыссыз жастар қатысушылардың үштен бір бөлігін (32%) немесе 211 мың адамды, әйел адамдар 277 мың немесе 43%-ды құрады. Жалпы бағдарлама бойынша барлығы 437 мың адам жұмысқа орналастырылып, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 319 мың адам немесе олардың 73%-ы жұмыспен қамтылды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 210 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оқытумен (қысқа мерзімді курстар, ТжКБ, "Бастау Бизнес") 70 мыңнан астам адам, оның ішінде "Бастау Бизнес" жобасымен бойынша кәсіпкерлік негіздеріне – 33 мыңнан астам адам қамтылды. 12,7 мың жеңілдетілген микрокредиттер және түрлі бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 44,9 мың қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілді. Оның ішінде 1,4 мың микрокредит көп балалы және аз қамтылған отбасыларға табысталды. Бұл ретте мұндай шағын несиені алушылар 13,7 мың қосымша жұмыс орнын ашқанына тоқталып өткім келеді. Сонымен бірге еліміздің солтүстік өңірлеріне 5,8 мың адам қоныс аударып, оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы 2,5 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды", – деп мәлімдеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов.

         Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, жұмыспен қамтуға қатысты өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамаларды іске асыру аясында 559 мың жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 386 мың жұмыс орны тұрақты болып саналады. Осылайша жалпы жыл қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен 1,4 миллионнан астам адам қамтылып, оның ішінде 783 мың адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылған. Нәтижесінде 2020 жылдың 4 тоқсанының қорытындысы бойынша елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құраған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдегі жұмыссыздық мәселесінің алдын алу және оны барынша азайту көрсеткішіне қол жеткізу үшін бірқатар іс-шараларды қолға алуды тапсырған болатын. Солардың бірі – Президенттің  Үкіметке 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялауды қамтамасыз ету туралы тапсырмасы еді. Осы бастама шеңберінде "Nur Otan" партиясының сайлауалды тұғырнамасында көзделген бастамалар ескерілетіп, оған сәйкес 2021-2025 жылдар аралығында шамамен 1,8 миллион жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті өңірлерде жұмыспен қамту карталарын әзірлеуді тапсырды.

"Біздің ойымызша, мұндай жұмыс карталары өңірлерді дамыту бағдарламалары мен Ұлттық жобаларда айғақталған, экономикалық мамандану мен перспективалы салаларды ескеруі тиіс. Біз экономика министрлігіне өңірлік карталардың құрылымы бойынша ұсыныстарды жолдадық. Әкімдер оларды бекіткеннен кейін, ұсыныстар жұмыс орындарын құруды мониторингтеу жөніндегі ақпараттық жүйеге енгізілуі тиіс", – деп түсіндірді Серік Шапкенов.

Сонымен бірге министрлік басшысы 2021 жылға жоспарланған халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін міндеттер мен индикаторларды атап өтті. Оған сәйкес, ең алдымен, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 700 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр. Нақтырақ айтатын болсақ:

  • "Бастау Бизнес" жобасы аясында 30 мың адам оқытылатын болады, оның ішінде 6 мың жас азамат аталған жоба шеңберінде оқудан өтеді деп жоспарланып отыр;
  • электрондық еңбек биржасы арқылы 5 мың жұмыссыз азамат жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қажетті мамандықтарға оқытылатын болады.

Жастарды жұмыспен қамтамасыз ету бағытына келер болсақ:

  • "Алғашқы жұмыс орным" жобасы аясында 1,5 мың жас азаматты жұмыспен қамтамасыз ету;
  • 10 мың мемлекеттік грант беру жоспарлануда.

Сондай-ақ әлеуметтік осал топтар да мемлекет және министрлік назарынан тыс қалмайды. Мәселен биылғы жылы ата-анасы жоқ, жетімдер үйлерінің түлектерінің кемінде 85%-ын өңірлердегі жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа тұрғызу жоспарланып отыр. Сол сияқты еңбекке қабілетті жастағы мүгедек азаматтардың жұмыспен қамтылу үлесі 24%-ға дейін артпақ.

Жоғарыда атап өткеніміздей, бірнеше жылдан астам уақыт бойы өзінің тиімділігін көрсетіп келе жатқан Жұмыспен қамтудың жол картасын мемлекеттік бағдарламасы да одан ары табысты түрде жүзеге асырылатын болады. Осылайша тек 2021 жылы 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашатын 331 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында жоба сәтті аяқталса да, тұрақты жұмыс орнын сақтайтын 10 мыңнан азамат жұмыспен қамтамасыз етілмек.

Қорытындылай келе нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін "Еңбек" ұлттық жобасы төмендегі бағыттар бойынша жүзеге асырылмақ:

  • қолда бар құралдар арқылы халықтың мақсатты топтарын жұмыспен қамтамасыз етуге барынша қолдау көрсету;
  • жұмыс орнында оқыту және онлайн оқыту арқылы экономика талаптарына сәйкес еңбек ресурстарының дағдыларын дамыту;
  • өңірлік экономикада басты кооперациялар мен өндірістік тізбектерді дамыту үшін шағын кредит беру арқылы жеке секторда жұмыс орындарын құруды қолдау.

Осы аталған кешенді бағдарламалардың барлығы еліміздегі жұмыссыздық деңгейін 4,9%-дан асырмауға және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеуге барынша мүмкіндік береді деген сенімдеміз. Себебі қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды жаңғырту арқылы, оларды жұмыспен қамтамасыз етудің ұлттық жоспарларына айналдыру алдағы уақытта бұрынғысынша өз тиімділігін көрсетіп, республикадағы жұмыссыздық деңгейін тұрақты түрде сақтап қалуға зор ықпал етпек.