Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін Ұлттық жоспарда не қарастырылған?

Министрліктің мәлімдеуінше Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар жүзеге асырылмақ.

Мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін Ұлттық жоспарда не қарастырылған?
Дереккөз: KazTag

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар қашан да қолға алынып келеді. Солардың бірі – «2025 жылға арналған мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы» Ұлттық жоспар болып табылады. Осыған орай, назарларыңызға аталған құжат аясында мүгедектерге қандай жеңілдіктер мен мүмкіндіктер ұсынылатынын назарларыңызға ұсынатын боламыз.

         БАҚ беттеріндегі ашық мәліметтерге сәйкес, бүгінде елімізде 705 мыңнан астам мүгедек азамат бар. Олардың ішінде 430 мың адам еңбекке қабілетті жаста болса, 181 мыңы – зейнеткерлік жаста екен. Сондай-ақ оның ішінде 94 мыңы мүгедек балалар екені анықталып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялаған деректер бойынша, былтырғы жылы мүгдектігі бар азаматтардың әлеуметтік төлемдері, оларды оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында ел бюджетінен 448 млрд теңге бөлінген көрінеді. Айта кетерлігі бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12%-ға артық көрсеткіш болып табылады.

         Министрліктің мәлімдеуінше Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар жүзеге асырылмақ. Құжат бойынша онда 7 бағыт болмақ және ол барлығы 64 іс-шара қамтымақ. Дәлірек айтсақ, Ұлттық жоспарда мүгедектіктің алдын алу, олардың білім алуға қолжетімділігін арттыру, мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер мен қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері сынды маңызды бағыттарға баса мән берілетін болады.

         Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі өкілдерінің айтуы бойынша, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттары мен мүмкіндігі шектеулі жандардың  және қоғамның пікірін ескере келе,  2020 жылы мүгедектікті мерзімсіз белгілейтін қайтымсыз анатомиялық дефектілердің түрлері кеңейтілген.

         Сол сияқты оңалту шаралары тиімсіз деп танылған азаматтарға мүгедектік мерзімі 5 жылға дейін ұлғайтылып, балалардың 5 жасқа толғанға дейін немесе 16 жасқа толғанға дейін мүгедек деп танылатын көрсетілімдері кеңейген. Бұл ретте былтырғы жылы республика бойынша алғаш рет электр жетегі бар отандық кресло-арбаларды өндіру жобасы іске қосылғандығын атап өткен жөн. Осылайша мемлекеттік тапсырыс бойынша «Тыныс» АҚ алғашқы отандық электр жетегі бар 1381 кресло-арба шығарып, олардың 817-сі өңірлерге жеткізілген.

         Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсарту үшін, жаңа технологияларды пайдалану жағы да мықтап қолға алынып отыр. Мәселен бүкіл әлемге танымал Amazon және Alibaba сервистерінің жұмыс істеу қағидаттарына сәйкес, былтыр алғаш рет aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылған болатын. Аталған цифрлық жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтарға төмендегідей мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашады:

  • оңалту құралдары мен қызметтерін дербес таңдау құқығы;
  • қызметтерді алу мерзімін 6 айдан 15 күнге дейін қысқарту;
  • бизнес-процестердің ашықтығы мен делдалдық қызметтерді жою;
  • бағаларды біріздендіру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану;
  • оңалту қызметтері мен техникалық құралдарды жеткізушілерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Былтырғы жылдың желтоқсан айындағы көрсеткіштер бойынша аталған порталда оңалту қызметтері мен техникалық құралдарды жеткізушілердің 1157-сі тіркелген. Соған сәйкес 24 мыңнан астам техникалық оңалту құралдары берілген. Портал 2021 жылғы қаңтарынан бастап толығымен іске қосылып, оның қызметтеріне бүгінде 400 мыңнан астам адам жүгінген. Оларға қызметтің 55 түрі бойынша қызмет көрсетілген.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуды көздейтін тағы бір цифрлық жоба — мүгедектікті сырттай белгілеу және проактивті форматта әлеуметтік қызметтер көрсету болып табылады. Естеріңізде болса, қазіргі таңда өтініш берушіге бірнеше түрлі инстанцияларға жүгінуге тура келеді. Осы олқылықтардың орнын жою үшін, биылдан бастап қызметтерді толық автоматтандырудың нәтижесінде өтініш беруші тек тексерілу үшін емхана қызметіне ғана жүгіну мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Қызмет көрсетудің қалған кезеңдері мүгедектікті белгілеуді, жәрдемақылар тағайындауды қоса алғанда, проактивті форматта, кешенді электрондық түрде жүзеге асырылып отыр.

Жауапты министрлік өкілдерінің айтуынша аталған цифрлық жоба мүгедектігі бар азаматтардың қызмет көрсетушімен байланысын болдырмауға мүмкіндік береді және қызмет көрсету уақытын барынша қысқартуға жол ашады. Айта кетерлігі аталған бастаманы толыққанды жүзеге асыру үшін, денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері  мен осыған қатысы бар өзге де мемлекеттік органдардың жүйелерін интеграциялау жұмысы қолға алынды.

Мүгедектігі бар азаматтар жұмыспен қалай қамтылады?

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың экономикалық дербестігі мен оларды сапалы жұмыспен қамту мәселесін қашан да басты назарда ұстайды.

Оған дәлел қазіргі таңда, еңбекке қабілетті жастағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы санының 100 мыңы немесе 23,3%-ы жұмыспен қамтылуында болып отыр. Министрліктің мәлімдеуінше, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 30%-ға дейін арттыру көзделіп отыр.

 Сонымен бірге мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуда "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы белсенді түрде қолға алынуда. Мәселен тек 2020 жылы аталған бағдарлама аясында 13 мың мүгедек азамат жұмысқа орналастырылып, 626 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға 830 өтеусіз грант және 350 микрокредит берілген.

Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кәсіптер атласы әзірленді. Оған сәйкес мүгедек адамдарды сұранысқа ие мамандықтар, оның ішінде IT мамандығы бойынша оқыту жүргізілуде .

Сол сияқты "Даму" қорымен бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуымен "Scale-up" бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын 76 бизнес-жобаға қолдау көрсетілуде.

Бұған қоса мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін шешуде жергілікті әкімдіктер де атсалысып отыр. Мысалы өңірлік және орталық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мүгедек азаматтарды мемлекеттік қызметкерлер қатарына тарту жұмыстары қолға алынуда. Оған дәлел 2020 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша, мемлекеттік қызметке тартылған мүгедек азаматтардың саны 701-ге жеткен. Сондай-ақ олардың арасында 391 адамның Мемлекеттік басқару академиясының онлайн-курстарынан өткені белгілі болды.

Сондай-ақ, биылғы жылдан бастап республиканың барлық аймақтарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында "Ten Qоgam" әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналастыру орталықтары ашылуда. Қазірдің өзінде мұндай орталықтар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ашылған.

Министрлік өкілдері облыстарда мүгедек азаматтарды жұмысқа орналастыру бағытында, белгіленген квоталарды орындау бойынша кәсіпорындармен белсенді жұмыс істеу қажеттігін де атап өтті. Себебі қазіргі күні кәсіпорындардың тек 36%-ы ғана заң талаптарына сай қызмет етуде.

Оңалту жұмыстарында қандай оң өзгерістер бар?

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мәселесі де қашан да өзекті болып қала бермек. Осы орайда мемлекет мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығын оңалту ісіне баса мән беріп отыр. Статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде 40 стационарлық оңалту орталығы жұмыс істейді. Олардың 12-сі былтырғы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында іске қосылған болатын. Қуантарлығы оңалту орталықтарына мұқтаж жандарды олармен қамту көрсеткіші ел бойынша былтыр 47%- ға дейін жеткізілген.

Десе де республика бойынша қосымша оңалту орталықтарын құру мәселесі барын да атап өткен жөн. Мәселен Қазақстан бойынша 5 өңірде стационарлық үлгідегі оңалту орталықтары салынбаған және 3 өңірде оңалту қызметтеріне деген қажеттілік олардың мүмкіндіктерінен асып түсіп отыр. Осыған орай, аталған 8 өңірде алдағы уақытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында стационарлық үлгідегі, 150 орындық жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарлануда. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, осы игі бастама арқылы 2025 жылға қарай оңалту орталықтарына деген қажеттілік 100%-ға орындалмақ.

Әлеуметтік қызметтерді жаңғыртудағы жаңалықтар қандай?

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметтерді жаңғырту жұмыстарын мықтап қолға алуда. Бүгінде мемлекет бойынша медициналық-әлеуметтік мекемелердің жалпы саны 931-ді құрып отыр және олармен 122 мың адам қамтылған. Бұл жөнінде құзырлы министрлік өкілдері былай дейді: "Бүгін біз әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту жөніндегі ұлттық жоспарды және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіру тұжырымдамасын әзірлеудеміз".

Бұған қоса, медициналық-әлеуметтік мекемелерде көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту бойынша қосымша шаралар да жүзеге асырылуда. Әлеуметтік жұмыста негізгі рөл әлеуметтік қызметкерлерге беріледі. Мәселен, ЮНИСЕФ пен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қорының қолдауымен 12 мың әлеуметтік қызметкерді тестілеу және оқыту жұмысы қолға алынды.

Сол сияқты Қазақстан Республикасы Үкіметі әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру мәселесін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, жаңа әлеуметтік қамсыздандыру кодексінде әлеуметтік қызметкердің мәртебесін арттыруға бағытталған нормалар жеке айқындалады деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек Ұлттық Жоспар аясында министрлік азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі. Онда 80-нен астам нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қарастырылған және "Нұр Отан" партиясының сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен әлеуметтік қолдауын қамтамасыз етуге қатысты 10-нан астам тұжырымдамалық толықтырулар бар. Солардың ішінде маңыздыларына тоқталып өтсек:

  • мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квотаны орындамайтын жұмыс берушілерге өтемақы жарналарын төлетуді енгізу;
  • 1-топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы тағайындауды енгізу;
  • 7-ден 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу, жәрдемақы мөлшерін қайта қарау;
  • мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу бойынша бірлесіп жәрдемақы алу құқығын беру;
  • 18 жастан асқан балалар үшін 1-2 топтағы мүгедектік белгіленген кезде тұрғын үй кезегін сақтау және т.б. маңызды әлеуметтік нормалар қарастырылған.

Қазіргі таңда заң жобасы қаралымның барлық сатыларынан өтті және жақын арада Парламентке енгізілмек.

Өңірлер тынысы қалай?

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша қолдау көрсетіп, олардың өмір сүру сапасын арттыруда бірқатар жұмыстарды қолға алып келе жатқан аймақтардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы болып табылады. Өңір әкімі Құмар Ақсақаловтың мәлімдеуінше, бүгінде облыста 26,5 мыңнан астам мүгедек азамат тұрады және олардың ішінде 2 мыңнан астамын балалар құрап отыр. Оның сөзінше облыста осы санатты қолдау бойынша қажетті шаралар қабылдануда. Солардың бірі - кедергісіз орта шеңберінде 1741 нысан мүгедек азаматтардың қажеттіліктеріне орай бейімделіп, олар интерактивті қолжетімділік картасына енгізіліп отыр. Бұл өңір бойынша 100%-дық көрсеткіш дейді әкім. «Қазіргі таңда аймақ бойынша 3,6 мың мүгедек адам жұмысқа тартылды, олардың ішінде 600-і "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтылып отыр. Сол сияқты квота аясында 265 кәсіпорында оларға арналған жұмыс орындары ұйымдастырылды. Облыстағы 6 медициналық-әлеуметтік мекеме мен мүгедектерді оңалту орталықтарында 1600-ден астам адам қызметтің әр түрін алып жатыр. Сол сияқты өңірде "TenQogam" әлеуметтік қызмет көрсету орталығын ашу жоспарланып отыр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша оңалту қызметтеріне және құралдарына мұқтаж азаматтардың 80% - ы онымен қамтамасыз етілмек. Сол сияқты өңірімізде инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап айтқым келеді. Бүгінде СҚО-да бұл бағытта 334 мектепте барлық жағдай жасалған, бұл дегеніміз осы мақсаттағы мектептердің 71%-ы деген сөз. Облыстың барлық аудандарында 1300-ден астам баланы қамтитын 26 арнайы оқу ұйымдары мен 12 инклюзия сыныптары жұмыс істейді. Сол сияқты мүгедектіктің алдын алу үшін және оны бастапқы уақытта анықтау үшін, уақтылы скринингтік тексерулер ұйымдастырылып отырады. Осының нәтижесінде аймақ көлемінде қазіргі күні компьютерлік томографта тексерулер 8 есеге ұлғайтылды. Жалпы, бұл бағытта, яғни мүгедек адамдарды қолдау бойынша жұмыс қатаң бақылауда және ол одан ары өз жалғасын табатын болады", - деп атап өтті өңір әкімі Құмар Ақсақалов.