Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Өткен жылы елімізде жәрдемақыға бюджеттен қанша қаражат бөлінді?

Осылайша жыл соңында республика бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 525 мың адамды құрады.

Өткен жылы елімізде жәрдемақыға бюджеттен қанша қаражат бөлінді?
Дереккөз: zakon.kz

Қазақстанда асыраушысынан айырылған азаматтар мен мүгедектігі бар жандар, сондай-ақ тұрақты жұмыс орны мен табысы жоқ азаматтар мемлекеттен жәрдемақы ала алады. 2020 жылы осы мақсатта бюджеттен қанша қаражат бөлінді. Бүгінгі материалда осы сұраққа жауап іздейтін боламыз. 

         Елімізде азаматтарға берілетін материалдық көмектің екі түрі бар. Олардың біріншісі  әлеуметтік төлемдер болса, екіншісі мемлекеттік жәрдемақылар. Ескере кетерлігі, әлеуметтік төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленеді және ол ресми табысы бар азаматтарға ғана беріледі.  Ал ресми табысы жоқ ел тұрғындары өмірлік жағдайына байланысты мемлекеттік бюджеттен жәрдемақы алуға құқылы болады. Олардың арасында ең жиі кездесетін жәрдемақы түрлері сәби 1 жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы, көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін жәрдемақы, мүгедектегі бар жандарға берілетін жәрдемақы болып табылады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жылы мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушыларға 366 миллиард теңгеден астам қаржы төленген.

Республикада мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы мүмкіндігі шектеулі жандардың мүгедектіктің қай тобына жатуына және ең төменгі күнкөріс деңгейіне тікелей байланысты болады. Былтырғы жылы бірінші сәуірден бастап өткен жылдың соңына дейін жәрдемақының бұл түрі 32 668 теңгені құрады. Сәйкесінше түрлі топтағы мүгедектерге берілетін жәрдемақы мөлшері келесідегідей болды:

  • он алты жасқа дейінгі, барлық топтағы мүгедек балалар 2020 жылдың басым бөлігінде ай сайын 1,4 көлемдегі ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 45 736 теңге алып отырды.
  • бірінші топтың бала кезінен бастап мүгедектер және 16 жастан асқан мүгедек балалар 1,92 көлемдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 62 723 теңге, екінші топтағы мүгедек балалар – 1,59 көлемдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 51 943 теңге, сондай-ақ үшінші топтағы мүгедек балалар – ай сайын 1,2 көлемдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 39 202 теңге алды.
  • ал бірінші топтағы ересек мүгедектер 1,92 көлемдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 62 723 теңгені, екінші топтағы ересек мүгедек жандар – 1,53 көлемдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 49 983 теңге, үшінші топтағы ересектер – 1,04 көлемдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 33 975 теңге алды.

Осылайша жыл соңында республика бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 525 мың адамды құрады. Ал жыл бойы оларға республикалық бюджет есебінен 291 миллиард теңгеден астам қаржы төленді.

Сол сияқты асыраушысынан айырылған отбасы мүшелері де мемлекеттен жәрдемақы ала алады. Мұндай жәрдемақыны алушылардың қатарына балалар ғана емес, сонымен бірге қайтыс болған адам заң жүзінде асырып отырған ата-аналары, ерлі-зайыптылар немесе басқа да жақын туыстар кіруі мүмкін. Бұл ретте мемлекеттік жәрдемақының мөлшері асыраушысы қайтыс болған отбасында қанша адам болуына байланысты болады. Сондай-ақ мұндай жанұядағы әрбір жанға ортақ тек бір жәрдемақы беріледі. Материалдық көмектің бұл түрі де ең төменгі күнкөріс деңгейіне тікелей байланысты болып отыр. Сол себепті былтырғы жылдың сәуір айында елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты, аталған төлемақының да құны тиісінше өзгерді. Төменде осы жайлы дәлірек айтатын боламыз:

  • асырауында бір ғана адам болған жағдайда оған 0,86 ең төменгі күнкөріс деңгейі төленеді, өткен жылы бұл көрсеткіш 28 095 теңге болды.
  • егер асыраушысы қайтыс болған отбасында екі адам қолдаусыз қалса, оларға өткен жылы 1,49 көлемдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 48 676 теңге төленді.
  • үш адам қалған жағдайда – 1,85 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 60 436 теңге берілді.
  • төрт адам қалған жағдайда – 1,96 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 64 030 теңге төленді.
  • бес адам қалған жағдайда – 2,03 ең төменгі күнкөріс деңгейі  немесе 66 317 теңге берілді.
  • алты және одан да көп адам қалған уақытта – 2,11 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 68 930 теңге төленді.

2020 жылдың соңындағы мәліметтерге сәйкес асыраушысынан айрылу жағдайымен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 166 мың адамды құрады. Оларға бір жыл ішінде жалпы құны 75 миллиард теңгені құрайтын жәрдемақы мөлшері төленді.

2021 жылдың басынан бастап аталған жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 5% - ға ұлғаюына байланысты, тиісінше 5%-ға артты. Ал балалары бар отбасыларға арналған мемлекеттік бюджеттен берілетін жәрдемақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейіне емес, айлық есептік көрсеткішке байланысты екені баршаға мәлім. Сол себепті олар айлық есептік көрсеткіштің мөлшері сияқты 5% - ға өсті.