Прямая трансляция

Астана

Астана

15°C

Барлық амалды қолданып, қарабет атанбауға тырысуда - Байбектің заңгері Мамайдың соттағы іс-әрекеті туралы

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қарсы берген талап-арызы бойынша сот отырысын4 маусымға жоспарланған. Бұл туралы Байбектің ресми өкілі Айжан Тәшенова бүгін Facebook парақшасында хабарлады.

Барлық амалды қолданып, қарабет атанбауға тырысуда - Байбектің заңгері Мамайдың соттағы іс-әрекеті туралы

А.Тәшенова Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның журналистік зерттеу жариялағанына елу күн өтсе де сотқа өз айыптаулары бойынша әлі дәлелдер ұсынбағанын алға тартқан.

Адвокат «Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның «журналистік зерттеуі» шыққаннан бері 50 күн өткенін, ал сотқа нақты талап арыз берілген күннен бері 33 күн өткенін ерекше атап өткім келеді. Осы кезең ішінде олар әртүрлі youtube-арналарға 12 видео және 4 сұхбат жариялап, онда «көптеген материалдар мен дәлелдемелер бар» дегенді қайталап айтудан танбады» - деп жазған.

Сондай-ақ заңгер жауап беруші тараптың сот отырыстарындағы іс-әрекеттеріне де сипаттама берген. 

«Жауапкерлер «өз абыройларын» қандай да болсын тәсілмен сақтау үшін жанталаса ілік іздеу арқылы сот процесін арзан қойылымға айналдырмақ болып, өздерін әділетсіз сот төрелігінің құрбаны етіп көрсетуге тырысып отыр. Бұған қоса олардың адвокаттары қисынсыз және мүлдем орынсыз талаптар қойып, талқылауды тақырыптан басқа жаққа бұрып, түрлі жолмен конструктивті пікірсайыстан қашып бағуда.Соттың түсіндірме-хат жолдауына да тап осы жәйт себеп болды деп ойлаймын. Онда тараптардың процестік міндеттері және оны орындамаудан туындайтын салдарлар егжей-тегжейлі көрсетілген»- дейді Айжан Тәшенова.

Байбектің сот процессіндегі ресми өкілі сот тағайындаған Алматы қаласы бойынша Сот сараптамасы институтыныңтәуелсіз психологиялық-филологиялық сараптамасы қорытындысының көшірмесін қолына алып танысқанын және ол талап қоюшы тарап бұрын ұсынған жеке сараптаманың тұжырымдарын растайтынын мәлімдеген. Аталған екі сараптама нәтижелерімен әркім таныса алуы үшін олардың мәтіндерін өз жазбасына қоса тіркеп отырғанын тілге тиек етіпті.

Естеріңізде болса биылғы сәуір айының басында азаматтық белсенділер Жанболат Мамай мен оның жұбайы Инга Иманбаева YouTube каналында және әлеуметтік желілерде таратқан видеолары арқылы Байбекке қатысты түрлі айыптаулар жариялаған. Байбек өзіне тағылған айыптауларға қатысты сұхбат жариялап, оларды шындыққа жанаспайды деп мәлімдеген. Артынша Б.Байбек өзінің ар-намысын қорғау үшін отбасылы белсенділерді сотқа берген. Белгілі болғандай, кезекті сот отырысы Алматыда 4 маусымда өтеді.