Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Кәсіпкер-оқушылар сынға түсті

Оралда 10-сынып оқушылары арасындағы «Мен – болашақ кәсіпкермін» атты облыстық бизнес-жоба байқауы өтті. Онда аудандық және қалалық кезеңдерде жеңіп шыққан 25 үміткер бақ сынады. Байқау БҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы әйелдер кеңесінің бастамасымен облыстық білім беру басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.    

Кәсіпкер-оқушылар сынға түсті
Фото: Жұбан Мұрат

Мамыр айында бастау алған алғашқы байқауға ұсынылған жобалардың бағыттары сан алуан. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы саласына қатысты, компьютерлік орталық ашу, үйде жұмыс істеу, кондитерлік өнімдер, онлайн сауда және басқа да бағыттардағы жобалар ұсынылды.

 -Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – балалардың кәсіпкерлік ойлау жүйесі мен өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру, қазіргі заман талаптарына сай болашақта дербес әрекеттерге қажетті дағдылардың тәжірибелік базасын қалыптастыру. Сонымен қатар болашақ кәсіпкерлердің жаңа бизнес-жобаларының табысты бастауына ықпал етпекпіз.   Жобаларды ұйымдастыру комитеті және әділ қазылар алқасының құрамы таразылайды, - деді облыстық әйелдер кеңесінің мүшесі, Орал қаласындағы №36 мектептің директоры Әзима Ғұбашева.

Айта кетейік, қазылар алқасының құрамына білім беру, кәсіпкерлік, мемлекеттік құрылым салаларының өкілдері, мәслихат депутаттары енген. Солардың бірі БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов жас буынды мектеп қабырғасынан кәсіпкерлік саласына   бағыттау жұмыстарының қолға алынғанын, байқауда жобаның өзектілігі мен жаңашылдығына, әлеуметтік маңыздылығына, жоба қорғаушының кәсіпкерлік дағдыларының деңгейіне қарай бағаланатынын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға басымдық беріледі. Сол себепті «Кәсіпкерлік негіздері» атты пән мектептен бастап жоғары оқу орнына дейінгі барлық білім беру сатысында оқытылуы керек» деген болатын. Соған орай 2019 жылдан бері қарай 10-11-сыныптарға таңдау пәні ретінде  «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілгені де белігілі.

Қазылар алқасының шешімімен байқау қорытындысында Тасқала ауданының Шежін мектебінің оқушылары Рысбек Халенов пен Алмат Жұмағалиев үздік болды. Ақсай қаласындағы №6 мектеп-лицейдің шәкірті Гаухар Жұмағұловаға екінші орын бұйырды. Ал оралдық кәсіпкер-оқушылар: №37 мектептен Аружан Мұхамбетова, А. Тайманов атындағы мектеп-гимназиясындағы Әбілқайыр Бисенғалиев пен Асылхан Ғиният, дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектебінің шәкірті Ляйсан Сағитова алғашқы үштікті түйіндеді.

 

Жұбан МҰРАТ,

Батыс Қазақстан облысы