Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

«Жасыл ел» маусымы ашылды

Биыл Ақ Жайық өңіріндегі 1175 жас «Жасыл ел» аясында еңбек етпекші. 16-25 жас аралығындағы жастар облыстық барлық ауданын абаттандыруға үлестерін қосады. «Жасылелдіктердің» 70 пайыздайы студенттер.

«Жасыл ел» маусымы ашылды
Фото: Жұбан Мұрат

Бұл туралы БҚО-дағы "Жасыл ел"жастар еңбек жасағының ХVII маусымының ашылу салтанаты кезінде айтылды.Шара кезінде Орал қаласы Деркөл кентінің орталық саябағында жасыл түсті шағын сәулет нысаны – "Жасыл ел" тұғыры ашылды.

Маусымның ашылуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бүгінде «Жасыл ел» бағдарламасы  16 жыл бойы бүкіл республика бойынша табысты іске асып келетінін айтты.

-Тәуелсіздік жылдары ішінде жаңа ұрпақ қалыптасып, ғылым, спорт және басқа да түрлі салаларда дарынды жастар әлемдік белестерге көтерілді. Студенттік шақта өзім де осы жасақ сарбаздарының қатарында болғанымды мақтанышпен айтқым келеді. «Жасыл ел» - халықтың экологиялық мәдениетін дамытатын, елді жасылдандыруға үлес қосып, өскелең ұрпақты еңбекке баулитын үлкен жоба. Жыл өткен сайын біздің өңірде де «жасылелдіктердің» танымалдылығы артып келеді. Биылғы еңбек маусымында да жасақ қатарына облыстың белсенді жастары қосылды. Жаз мезгілінде жасақ сарбаздары аумақты тазалау, отау, суару, гүл отырғызу, шөп шабу сияқты жұмыс түрлерін орындайды. Олардың әрқайсысы еңбексүйгіштігімен,  жауапкершілігімен көзге түсіп, жоғары нәтижеге қол жеткізері сөзсіз. Қазақстанның болашағы еліміздің жас азаматтарының қолында. Бұл бағдарлама еліміздің болашақта гүлденуіне жауапты болатын жас азаматтарының жаңа буынын тәрбиелеуге де бағытталған, - деді Бақытжан Нарымбетов.

Шара барысында жасақпен бірлесіп жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойған кәсіпкерлерге, құрылыс компанияларына, аудан әкімдіктеріне және оқу орындарға ризашылық білдірілді.

«Жасыл ел» облыстық штабының басшысы Аслан Тапишевтің айтуынша, биыл жасақ жұмысында жаңалық көп. Өткен жылы «жасылелдіктер» тек бір ауданда бақша егуге көмектессе, биыл үш-төрт ауданда осындай істер атқарылмақшы.

 

Жұбан МҰРАТ,

Батыс Қазақстан облысы