Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Титтей қателік үлкен зардапқа әкелуі мүмкін

Ағымдағы жылдың 21 мамыр күні Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Дін мәселелері жөніндегі Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының» мүшелері  «Mobile X» сервитстік компаниясының қызметкерлері және жалға алушылармен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты –  экстремизм мен терроризмнің және теріс діни ағымдар ықпалының алдын алу.

Титтей қателік үлкен зардапқа әкелуі мүмкін

Экстремизм мен терроризм мәселесі немқұрайды  қарайтын жайт емес. Бұл мәселені жіті де қырағы бақылаған абзал.  Әлемді айтпағанда елімізде бірнеше рет адам шығынына  әкелген қанды оқиғалар болды. Жалған діннің жетегіне еріп, Сирия, Ирак секілді елдерге адасып барған жерлестеріміздің  ақпаратынан көпшілік хабардар. Әлі де жайбарақат болуға болмайды. Өйткені экстремизим мен терроризмнің тамыры тереңде жатыр. Осыны жан-жақты зерттеп, түрлі жағдайлардың болу ықтималдығын ескере келе,  мемлекет тарапынан  қауіптің алдын алу шаралары, сақтандыру, түсіндіру, кеңес беру жұмыстары толассыз жүріп жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Ресми ақпараттарға сүйенер болсақ, кейінгі үш жылда діни ағымдардың ықпалымен, экстремизм мен терроризм қаупін төндіруге байланысты шет ел асып, шекара басып, басқа елдерге өтіп жатқан адасқандар мен арандалғандар тіркелмеген екен. Бірақ бұл теріс діни ағымдардың, деструктивті топтардың қаупі сейілді деген сөз емес. Керісінше, пиғылы жаман діни ағымдар әлемді дүрліктірген пандемияны пайдаланып, өз әрекеттерін жүзеге асырып жатқандығын арнайы мамандар айтып отыр. Бүгінгідей технологиялар дамыған  интернет заманында олар мүмкіндікті қалт жібермейтіні анық. Әсіресе, әркімнің қолында жүретін смартфондар арқылы да арандалып қалғандар аз емес.  Кездесу барысында осы жағын ескергендігін естідік.

            Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Дін мәселелері жөніндегі Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының» мүшесі  Ерлан Жұманұлы Матаев та кездесуде осы бағытты қамтыды: «Қазіргі кезде дін мәселесі елімізде өте күрделі, ауқымды тақырыптың бірі болып тұр. Дін мен экстремизм, терроризм байланысты болғаннан кейін ұлттық қауіпсіздік деңгейінде  қаралуда. Енді бұл тақырыптың сіздерге қандай қатысы бар? Сіздерге не үшін келіп отырмыз? Сіздер сауда жасау кезінде көп азаматтармен кездесесіздер. Оның үстіне ұялы телефон сататындардың басым көпшілігі дін ұстанушылар болып келеді. Сіздер осы азаматтармен немесе басқа кісілермен кездескенде дінге байланысты қандай да бір сұрақ, түсінгілеріңіз келетін  діни жағдайлар болса, кез келген адамнан емес, арнайы мамандарға жүгініп, көкейлеріңіздегі сауалға діни қызметкерлерден жауап алғандарыңыз дұрыс. Сонымен қатар бүгінде бәріміз дерлік әлеуметтік желілерде отырамыз, интернеттен ақпарат аламыз. Сол ақпараттардың сенімді дереккөздерден екендігіне аса мән бергендеріңіз жөн. Қазіргі таңда көптеген теріс діни ағымдар бар. Олар кішкентай ғана қуыста отырып-ақ өздерінің саясатын жүргізіп, қатарын толықтырып жатыр. Сондықтан кез келген ақпаратқа сене беруге болмайды. Ол ақапарттың шын немесе өтірік екенін анықтап алу қажет болып тұр. Қателесу, адасу, арандалу осындай ақпараттардан болып жатқаны бүгінде дәлелденген. Яғни, кез келген ақпаратты арнайы мамандар мен діни қызметкерлерге тексертіп алған абзал.

Өздеріңіз білесіздер, пандемия болғаннан кейін құлшылық, ғибадат орындары жабық. Діни ізденістер интернет арқылы жүруде. Әркім әр жерден іздейді. Сіз болмасаңыз да сіздің туысыңыз, ағайыныңыз, досыңыз, танысыңыз осындай мәселемен кездесуі мүмкін. Бір қарағанда бұл айтып отырғанымыз өте қарапайым нәрсе. Біз осы салада істегеннен кейін көп жағдайда осындай қарапайым нәрселерге мән бермей, көптеген қателікке ұрынғандарды білеміз. Сол себепті де біз сіздерге ескертіп жатырмыз. Немқұрайлы қарамаңыздар. Мысалы үшін, Сирия кеткендер, басқа да экстремистік, террористік пиғылдағы адасушылармен жұмыс жүргіземіз. Солардан сұрағанымызда қателіктің басы осындай қарапайым ғана нәрселерден басталғанын айтады. Базарда, адам көп жүретін жерлерде кездесіп қалып, кетіп қалған қателіктердің зардабын тартып жүргендерді көптеп мысал етуге болады. Қайталап айтамын бұл мәселеге бей-жай қарамаңыздар».

          Кездесу барысында осы бағыттағы әңгімелер айтылып, жиналған жұрт көкейлеріне көп нәрсе түйіп кеткенін олардың сұрақтарынан, ой білдірулерінен байқадық.

           Иә, шындығында халық арасында немқұрайдылық пен бей-жайлық барын да көріп жүрміз. Қателікке ұрынып, арандалатындар тек басқалар, мен емес деп бұрыс ойлайтындар да бар. Бұлай ойлау дұрыс емес. Қауіп пен қатер аяқасты... Шалыс басып, қателікке ұрыну күтпеген жерден болады. Егер бәрі оңай болса, дін мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілмес еді. Сондықтан сақтанайық! Сақ болайық!

Еділ  АНЫҚБАЙ