Үндеуге қол қойғандар Ақсақалов құқық қорғау органдары мен Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің көмегімен кен орнын және тау-кен байыту кешенін қытайлықтарға сату мақсатында алып қалуға тырысып отыр деп санайды.
209 жұмысшының атынан Президент Әкімшілігінің Басшысы Е.Ж.Қошановтың атына жазылған ресми хатта айтылғандай, үндеуде «Тиолайн» ЖШС – Обухов кен орнының оператор-компаниясының белгілі бір серіктестерінің қызметіне байланысты тау-кен байыту комбинаты айналасындағы шиеленісті жағдайлар баяндалған. Аталған шағым-хат Е.Қошановтан басқа, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен ҚР Кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Р.М.Жүрсіновке де жолданған.
Олар маңызды өнеркәсіпке зиянын тигізіп жатқан істерге Солтүстік Қазақстан облысының әкімі мен ресейлік серіктестерді кінәлап отыр. Жұмыскерлер КБК-ны тоқтату және оны Қытайға сату болжамын болдырмау үшін елорда көшелері мен алаңдарына митингке шығуға дайын отыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Тиолайн» компаниясын қазақстандық кәсіпкер Виктор Долгалев 2004 жылы титан-цирконий кендерін өндіру бизнесін одан әрі ұйымдастыру мақсатында өзінің жеке зауытының негізінде құрған болатын. Бүгінгі күні «Тиолайн» ЖШС – 2006 жылдың 18 қыркүйегінде ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігімен жасалған Обухов кен орнынан титан-цирконий кендерін өндіруге арналған келісімшарттың иесі.
Хатта «ПромАрсенал» ЖШҚ компаниясының өкілдері ретінде Долгалевтің бизнес-жоспарын жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде оған инвестор болған ресейлік серіктестер туралы айтылады. Бұл компания «Тиолайн» ЖШС шеңберінде қазіргі уақытта 50,4% акцияға ие. Инвесторлар ұсынған 5 миллион доллар көлеміндегі инвестицияның орнына Долгалев оларға «Tиолайн» ЖШС-нің тиісті үлесін бөлген. Алайда кейінірек белгілі болғандай, Долгалевтің серіктестері адал жұмыс істеп, кәсіпорынды дамытуға ұмтылған жоқ. Оларды тек бай кен орнынан жеке пайдаларын арттыру үшін басшылық құрамында болу қызықтырған.
Шағым-хатта аталып өткендей, «ПромАрсенал» ЖШҚ жарғылық капиталы небәрі 10 000 рубльді құрайтын бір ғана қызметкері бар «жалған» компания болып шықты.
Жоғарыда аталған компания құрылтайшылары – «Башкирия Содовой Компаниясының» (БСК) бұрынғы акционерлері, Ресей кәсіпкерлері Дмитрий Пяткин мен Александр Фрайман. Былтыр олардың айналасында «БСК» ерекше әрі экологиялық жағынан құнды Башқұрт тауларын иемденбек болғаны туралы жанжал туған болатын.
Кейіннен БСК акцияларының 50%-дан астамына иелік еткен осы және басқа да азаматтар Ресей Федерациясының Президенті В.Путиннің шешімімен акционерлер қатарынан шығарылып, кәсіпорын мемлекет меншігіне алынды. Компанияны мемлекет иелігіне өткізу туралы шешім қабылдауға РФ Президентінің «БСК» салығы қайда кететіндігі және жалпы жеке адамдар 62% мемлекетке тиесілі болған акциялардың бақылау пакетін қалай иемдене алғандығы туралы сұрақтары себеп болған.
Компанияның тапқан ақшасы іс жүзінде дамуға салынбайды, ол өңірде де қалмайды. Жалпы кірісі 2019 жылы 45 миллиард рубль болған компания қаржысының 2,5 миллиарды ғана инвестициялық мақсаттарға кетті. Қалған ақша қайда? Әрине, оффшорларда екені белгілі, - деген болатын В.Путин 2020 жылы осы іске байланысты сөзінде.
Президент Әкімшілігіне үндеуге қол қойғандардың айтуынша, қазіргі уақытта СҚО-да бас инвесторлардың бірі – атышулы ресейлік кәсіпкер Д.Пяткиннің мүддесі үшін «Tиолайн» ЖШС-ын мәжбүрлі түрде банкроттыққа шығару жоспары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, ресейлік олигархтың әрекеттерін жергілікті шенеуніктер тікелей және жанама түрде қолдап отыр. Осылайша, СҚО әкімі Ақсақалов құқық қорғау органдарына «Tиолайн» ЖШС-не қатысты тексерістерді бастауды тапсырды.
Үндеуге қол қойғандар Ақсақалов құқық қорғау органдары мен Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің көмегімен кен орнын және тау-кен байыту кешенін қытайлықтарға сату мақсатында алып қалуға тырысып отыр деп санайды.
СҚО әкімінің не көздегенін болжау қиын емес. Оның мақсаты – кенішті шетелдіктерге (қытайлық компанияларға) немесе үлестес адамдарға, мүмкін болса, шетелдік компанияларда жұмыс істейтін кейбір туыстарына сату, - делінген үндеуде.
Хат авторларының айтуынша, Қ.И.Ақсақалов өзінің қызметтік мүмкіндіктерін асыра пайдаланып, мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпорынға қысым ұйымдастырған: жер қойнауын пайдалану туралы келісімшартты бұзуға қатысты қорқыту қоңыраулары келіп түсіп, құжаттары алынған және т.б. жағдайлар болған.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қазірдің өзінде ЖШС мен КБК ұжымындағы тұрақсыз жағдайға байланысты ауқымды жедел-тергеу шараларын бастап кетті.
Біз сұрақтарға жауап беру және құжаттар ұсыну мәселелерімен айналысуға мәжбүрміз. Өкінішке қарай, кейбір уәкілетті мемлекеттік органдар ҚР Президентінің сөздерін қарама-қайшы түсініп, Бас прокуратураның, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік департаментінің нұсқауын желеу етіп, реформаларды жүзеге асырудағы кедергілерді қолдан жасайды. Осы кезде ол тұлғалар жеке жауапкершіліктерін ұмытып отыр. Біз мұны бизнес пен уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы қатынастардың мүлдем дұрыс емес түрі деп санаймыз! Біз өз міндеттемелерімізді орындауды және мемлекеттік ұйымдардан келетін қысымды тоқтатуын талап етіп бірнеше рет ұсыныс жібердік. БІРАҚ БІЗДІ ЕШКІМ ЕСТІМЕЙДІ! - деп мәлімдейді хат авторлары.
Сонымен қатар, шағым-хатта 2017 жылы өндірістің жоспарланған көлемін жылына 650 000 м3 көлеміне асыра көтеру үшін жер қойнауын пайдалану келісімшартына түзетулер енгізілгені туралы көрсетілген. Бұған қоса, уәкілетті орган өндірістің артық бағаланған көлемінің экономикалық негізділігінің расталуын тексермеген. Үндеуде айтылғандай, бұл істі РФ құрылтайшылары мен СҚО әкімі ЖШС-ын банкроттыққа ұшырату мақсатында әдейі жасаған, оның нәтижесінде КБК қызметі тоқтатылады. Кәсіпорын банкроттыққа ұшыраған және таратылған жағдайда міндеттемелер бойынша төлемдердің қалдық құны мардымсыз болады немесе мүлдем төленбейді.
Үндеу авторлары ел үшін осындай қиын кезеңде бюджет негізінен табиғи ресурстарды экспорттау мен сатудың есебінен толықтырылатындығына, бұл сәйкесінше шетелдік валютаның келуіне әкелетіндігіне ерекше назар аударады. Кәсіпорын тоқтап қалған жағдайда 209 отбасы күнкөріссіз қалады. Рас, жұмысшыларға аймақтағы ең жоғары жалақы төленеді, алайда, бұл кәсіпорын – аймақтағы жалғыз табыс көзі, сонымен бірге жұмыс орнының мұнда жүйелі маңызы бар.
Біз бірнеше рет мемлекеттік органдардан еңбек ұжымы мен мемлекет тарапынан болып жатқан жағдайға араласуларын сұрадық. Бірақ «тыңдаушы» мемлекет ҚР Президентінің мемлекеттік органдардың шенеуніктерінің қызметтік міндеттерін орындау жауапкершілігі туралы Үкімін орындай ма? Біз барлық шегерімдер бойынша өз міндеттемелерімізді орындауға дайынбыз және оны жалғастыра береміз, бұл туралы біз бірнеше рет Бас прокуратура, ҚР ИИДМ, ҚР ҚМ уәкілетті мемлекеттік органдарына айтқанбыз, - делінген хатта.
Үндеу авторлары одан әрі жемісті жұмыс жасау үшін кәсіпорынды СҚО әкімінің, қауіпсіздік қызметкерлерінің және басқалардың қысымынан қорғауды талап етеді. Үндеу авторларының екінші негізгі мақсаты – өндірістің тоқтап қалуына, жұмыс орындарының жабылуына, бюджетке салық түсімдерінің төмендеуіне және аймақтағы әлеуметтік шиеленіске әкеп соқтыратын лицензияның күшін жою және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың тоқтатылуына жол бермеуді сұрау. Сондай-ақ, авторлар Е.Қошанов арнайы жүйенің Жұмыс бағдарламасын нақты көрсеткіштер мен мүмкіндіктерге сәйкес келтіру, банкроттыққа әкеліп соқтыратын қасақана әрекеттерді түзету бойынша нұсқаулар беруге көмектеседі деп үміттенеді. Атап айтқанда, салық берешегін бөліп төлеуге рұқсат берсе дейді. Қазіргі уақытта кәсіпорынның қарызы 150 миллион теңгені құрайды екен. Оның 40 млн теңгесі қазірдің өзінде жеке қаражат есебінен төленген.
Қалыптасқан жағдай шешілмесе, 209 адамнан тұратын КБК ұжымы ҚР Президенті – Мемлекет басшысына, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасына тікелей жүгінуге мәжбүр болады. Нұр-Сұлтанға келіп, ашынған жандар КБК тоқтауына жол бермеу, қазақстандық жер қойнауын КБК-ға, оның 209 қызметкеріне беру мақсатында аштық жариялап, елорда көшелері мен алаңдарына шығады!
Біз Қазақстан Президентінің ОТАНЫМЫЗДЫҢ барша халқының өсіп-өркендеуіне бағытталған бағдарын басшылыққа ала отырып, маңызды мемлекеттік міндеттерді одан әрі де орындауға дайынбыз! Біз сіздің бұл өтінішті объективті түрде қарайтындығыңызға сенеміз, - деп түйіндеді өтініш авторлары.