Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Ешкімді елеңдетпейді": Ертіс өзенінің жағасы қоқыс полигонына айналды

Көктем шыққалы бері Ертіс өзенінің деңгейі көтеріле бастаған.

"Ешкімді елеңдетпейді": Ертіс өзенінің жағасы қоқыс полигонына айналды
Фото: видеодан скриншот

Семейде Ертіс өзенінің жағасы қоқыс төгетін полигонға айналды. Тіпті үйілген тұрмыстық қалдықтар өзенге қосылып, су ластана бастаған деп хабарлады КТК телеарнасына сілтеме жасаған Paryz.kz. 

"Өзеннің жағасы қоқыстан көз ашпай тұр. Ал бұл ешкімді елеңдетпейді. Судың бетінде тұрмыстық қалдықтар қалқып жүр. Бұның соңы экология апатына ұласуы мүмкін. Ресей не Павлодар обылысы біздің билікті сотқа беруі де мүмкін", - дейді Семей қалалық қоғамдық кеңестің өкілі Николай Исаев.

Көктем шыққалы бері Ертіс өзенінің деңгейі көтеріле бастаған. Салдарынан жағада жатқан тұрмыстық қалдық тікелей өзенге қарай кетіп жатыр. Арасында күл-қоқыс та бар. Су бетінде қалқыған пластик құтылардан көз сүрінеді.

Ал жергілікті шенеуніктер өзеннің ластануына саяжай тұрғындары мен өзен жағасына жақын тұратын жұртты кінәлап отыр. Мамандардың мәлімдеуінше, қараша тазалыққа жауапты мекемеге ақша төлегісі келмейтін көрінеді. Сол себепті, тұрмыстағы қоқсықты оңды-солды төгуді әдетке айналдырған дейді атқамінерлер. 

"Шаһардың 70 пайыз тұрғыны ғана тазалыққа жауапты мекемемен келісімшарт жасаған. Қазір барлығын қамтуға кірістік. Жұртқа түсіндіру жұмысын жүргіздік. Ертіс өзенінің жағасы қоқыс төгетін жер емес екенін айттық. Бүгінде өзен жағасын тазарту жұмысы жүргізіліп жатыр", - дейді Семей қаласы ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Руслан Серғазин.