Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

"Жанболат Мамайдың "қожайындары" одан екінші Қосанов жасамақшы" – саясаттанушы

Ислам Кураевтың пікірінше, Мамайдың өзін тым агрессивті ұстауы, Байбекті дәлелсіз айыптауы – оның саяси капитал жинауына жасалып жатқан әрекет.

"Жанболат Мамайдың "қожайындары" одан екінші Қосанов жасамақшы" – саясаттанушы

Қазақстандық саясаттанушы Ислам Кураев белсенді Жанболат Мамайдың артында үлкен саяси күштердің тұрғанын тұспалдайды. Ал, Мамайдың өзі осы жағдайды пайдаланып саяси ұпай және материалдың пайда табуды көздейді дейді ол.

Еске салайық, күні кеше Жанболат Мамай мен әйелі Инга Иманбайға қатысты Бауыржан Байбектің түсірген талап-арызы бойынша қозғалған азаматтық істің соталды дайындығы өтуі тиіс болатын. Алайда, ерлі-зайыптылар мен олар жалдаған адвокаттар іс құжаттарымен әлі таныспағанын және дәлел жинап үлгермегенін айтып, соталды дайындық кейінге шегерілді.

Ислам Кураевтың пікірінше, Мамайдың өзін тым агрессивті ұстауы, Байбекті дәлелсіз айыптауы – оның саяси капитал жинауына жасалып жатқан әрекет. Осылайша ол көптің алдында ұпай жинап, тіпті материалдық пайдаға кенелуді көздейді.

«Жалпы, Мамай қандай ақшаға күн көріп жүр деген сұрақ жиі мазалайды. Әріптестерім мен ұзын құлақтың айтуынша, соңғы уақытта Мамай материалдық мәселесін шетелдік демеушілердің көмегімен шешуге тырысып жүр. Ол түрлі шетелдік қор өкілдерімен, елшілермен келіссөздер жүргізіп жүр дегенді де естимін. Бірақ, мұндай «инвесторлардың» көздегені әдетте біреу ғана – құқық, бостандық, демократия және кейде саяси тұрақсыздық. Яғни, Мамайдың қазіргі «қамқоршылары» шетелде емес, өзіміздің саяси элитаның ішінде секілді.

Менің ойымша, Мамаймен болып жатқан қазіргі оқиғаның бәрі одан құрбан жасаудың әрекеті ғана. Содан кейін ол нағыз оппозиционерге айналып, саясаткерлер онымен есептесуге мәжбүр болады.

Бұл политтехнологтардың бір оқпен екі қоянды атып алуға бағытталған жоспарына ұқсайды. Біріншісі – Байбек пен онымен болып жатқан оқиғалар. Байбектің сотқа арыз беруі де сол политтехнологтармен алдын ала ойластырылғаны белгілі. Бірақ, Байбек қазір жағдайдың тұтқыны болса да, оның сотқа шағымдануы өте дұрыс қадам болды», - деп жазды саясаттанушы өзінің Facebook-парақшасында.

Ал, екінші «қоян» Мамай «қамқоршылары» құрған сценарий дейді ол. Оның пікірінше, осы жағдайлардың артында тұрғандардың басты мақсаты – елде оппозициялық лидерлердің пайда болуына жол бермеу. Олар Мамай секілді адамдарды пайдаланып, шын мықтылардың жолын кеседі деп есептейді Кураев.

«Жағдайға одан әрі тереңірек үңілсек, оппозициялық идеялардың тууына, күштердің бірігуіне жол бермейтін тапсырманың орындалып жатқанын аңғаруға болады. Бұл сөзге дәлел ретінде Мамайдан «екінші Қосанов» жасап жатқанын айтар едім. Яғни, аренаға оппозициялық маргиналдарды шығарып жатыр. Ал, олар оппозиционер дегеннің ақылды, білімді болуы керегін түсінбейді. Сондықтан біз қазір оппозициялық күштердің арасындағы араздықты көріп отырмыз. Олар бір-бірін түтіп-жеуге дайын. Мәселен, демпартияның Достияров деген өкілі Ержан Тұрғымбайды, Мұхтар Әблязовты және Серікжан Біләшты қаралайды. Оның сөзінше, Ержан Тұрғымбай – өтірікші және шетел агенті. Ал, соңғы екеуі құрметке лайықты емес азаматтар.

Мамайды оппозиция көшбасшысы етуге тырысып жатқанын тағы бірнеше жайттан аңғаруға болады. Мысалы, демпартия көшбасшысы өзге оппозиционерлерге оңды-солды ұрынып, соқтығып жүр. Ол ОСДП жақтасы Балташ Тұрсымбаевты мәңгүрт, екіжүзді деп айыптаса, экономист Петр Своикті шовинист дейді. Ал, Мұхтар Әблязов оның пікірінше «нағыз нандон».

Осылайша, Мамайды біреулердің үлкен бір жобаға дайындап жатқанына күмәнім жоқ. Бірақ, Мамай өз «қамқоршыларының» негізгі мақсатын білмейтін секілді. Әзірге ол бір ғана тапсырманы орындап жатыр – елде жағдай қаншалықты қиын болса, соншалықты тиімді. Мамай өз қызметінің ақысы ретінде материалдық қажеттілігін шешіп жатыр деген де болжамым бар, яғни демалу, үй-жай сатып алу, балаларын шетелдік элиталы мектептерде оқыту секілді», - дейді саясаттанушы И.Кураев.

Оның пікірінше, Мамайдың артында тұрған политтехнологтар елдегі жағдайды бақылауда ұстап қана қоймай, оппоненттері арасындағы проблеманы Мамай секілділердің қолымен шешеді. Яғни, оппозицияның көзін жоймайды, керісінше оны пайдаланады, басқарады.

«Мұндай саяси ойындарда қара пиар жиі қолданылады. Мамайдың Байбектің миллиардтары туралы жариялаған видеоматериалы осындай әдіс. Ондағы деректерді Мамай анонимді телеграм-каналдардан алған және қазір енді өз сөзін өзі дәлелдей алмай жүр. Мәселен, Инга Иманбайдың адвокаты А.Түсіпова дәлел құжаттарын жинауды енді ғана бастағандарын айтып, сот отырысын кейінге қалдыруын сұрады. Демек, Мамай мен Иманбай Байбек туралы дәлелсіз мәліметтерді алдымен жариялап алып, енді оған дәлел іздеп жүр ғой?! Ал, Байбектің заңгері аталған видеороликте айтылған айыптың бәрі жалған және жала екенін дәлелдейтін құжаттарды сотқа тапсыруға дайын екенін мәлімдеп отыр», - деп жазды Кураев.

Оның айтуынша, Мамайдың артында тұрған политтехнологтар Байбектің сотқа шағымдануын, ар-намысын заң аясында қорғауын күтпеген. Яғни, олар Байбекті өзге саясаткерлер секілді үнсіз қалады деп ойлаған болуы мүмкін. Бірақ, олай болмай шықты...