Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Қазақстанда жастар саясаты саласында қандай жобалар жүзеге асырылмақ?

Қасым-Жомарт Тоқаев сонадай-ақ аталған мақаласында азаттық жылдары дүниеге келіп, әрі танылып үлгермеген дарынды жастарды қолдау мақсатында "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын тағайындауды ұсынған болатын.

Қазақстанда жастар саясаты саласында қандай жобалар жүзеге асырылмақ?
Дереккөз: stan.kz

Биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, елімізде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылмақ. Айта кетерлігі, мұндай бастамалар еліміздің жастар саясаты саласына да қатысты болып отыр. Дәлірек айтсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, республикада дарынды жастарды қолдауға арналған "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын тағайындауды ұсынылып отыр. Бұл жөнінде Президент биыл қаңтар айында «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында жариялаған болатын. Бүгінгі мақалада елімізде осы және алдағы жылдары жастар саясаты саласында оларды қолдауға арналған жобаларды жариялайтын боламыз.

         Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарын қолдау жөнінде өзінің "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" мақаласында кеңінен тоқталған болатын. Онда Президент өзінің де шетелде білім алғанын, алайда ел-жер көріп, тәжірибе жинаған соң, туған жеріне қайтып оралғанын атап өткен. «Халқымыз "Атың барда жер таны, желіп жүріп" дейді. Кезінде Елбасы бозбала шағында Украинаға аттанып, еңбек, білім және әкімшілік дағдыларына ие болды. Мен де білім қуып Мәскеуге сапар шектім, өзге мемлекеттерде жұмыс істедім. Біздің талай замандастарымыз бүгінгі жастар сияқты алыс шетелдерге бара алмаса да, Кеңес Одағының түрлі қалаларында білім алды. Бірақ, басым көпшілігі тамырынан ажырап, ол жақта біржола қалып қойған жоқ. Елге келіп, еңбек етті. Сондықтан жырақта жүрген жастарымыздан айырылып қаламыз деп уайымдаудың жөні жоқ. Біздің міндетіміз – олардың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіріп, қай жерде жүрсе де туған елдің игілігіне қызмет етуге жұмылдыру. Мысалы, әлемнің ең дамыған елдерінде өз кәсіптерін бастаған және алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүрген азаматтарымыздың осындағы замандастарымен байланысын нығайтып, тәлімгерлік етуіне жағдай жасауымыз керек»,-деп жазды Президент.

         Қасым-Жомарт Тоқаев сонадай-ақ аталған мақаласында азаттық жылдары дүниеге келіп, әрі танылып үлгермеген дарынды жастарды қолдау мақсатында "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын тағайындауды ұсынған болатын. "Жас келсе – іске" дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында "Тәуелсіздік ұрпақтары" атты грант тағайындауды ұсынамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

         Мемлекет басшысының бұл бастамасы тәуелсіздікпен түйдей құрбы жастар тарапынан да үлкен қолдауға ие болады. Nur Otan партиясының қоғамдық саясат институтының сарапшысы, журналистика саласындағы PhD Мариямгүл Құсайынова Президент осы игі бастамасы арқылы, жастарға тәуелсіздіктің қалай келгенін тағы бір мәрте еске салды дейді. "Мен үшін Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде ел Президентінің жастардың көзқарасын түсініп, қабылдап, олардың ұстанымын "мүлде басқа дүниетаным мен өмір салты"деп әділ сипаттауы өте маңызды. Бірақ бұл ретте, қандай ілгері, өршіл және білімді жас ұрпақ болса да, біз бүгін бостандық пен бейбітшілікке ие болған тарихты, оқиғаларды, адамдарды білу және бағалау маңызды", - деп өз ойымен бөлісті Мариямгүл Құсайынова.

         Сондай-ақ жас маман аталған грант ел ішіндегі талантты, алайда танылып үлгермеген жастардың бағын ашатынына мол септігін тигізетінін атап өтті. "Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранттарын тағайындау туралы ұсынысын уақытылы әрі қажетті деп санаймын. Мәдениет пен спорт өкілдерінен айырмашылығы, олардың есімдері мен жетістіктері әрдайым естіліп, медиа арқылы таратылады, ал ғылымда жүрген жастардың жеңістері мен жетістіктері көбінесе кадрдан тыс қалып жатады. Президенттік кадрлық резерв, ғылыми зерттеулерге гранттар, сыйлықтар және басқа да осындай бастамалар сияқты жобалар жас таланттардың әлеуетін дамытуға ықпал етіп, әлемге жаңа есімдерді ашатынына сенімдімін", - деді маман.

Сонымен бірге еліміздің жастар саясаты саласында да тәуелсіздік ұрпақтарын қолдауға және жастарды жаппай қолдауға қатысты алдағы жылдары бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Дәлірек айтқанда, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021-2023 жылдарға арналған жастарды жан-жақты қолдаудың жобаларымен таныстырған болатын. Мақаланың қорытында бөлімінде назарларыңызға аталған басматаларды ұсынуды жөн көрдік.

  1. "Түркітілдес елдердің жастар көшбасшылары мен белсенділерінің" «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» халықаралық жастар саммитін өткізу (ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жоспар).
  2. «Zeren-2021. Тәуелсіздік Ұрпақтары» білім беру жастар лагерін ұйымдастыру (ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу бойынша жоспар).
  3. "Кәсіптік бағдарлау жұмысына, жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы хабардар етуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру" (жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар).
  4. Жастарға гранттар бөлу жөніндегі "Дарынды жастар" пилоттық жобасын іске асыру  (жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар).
  5. Мемлекеттік жастар саясаты шараларын ақпараттық-талдамалық сүйемелдеу (жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар).
  6. Инклюзивті қоғамды құруға және дамытуға бағытталған жастар бастамаларын қолдау (жастарды қолдаудың кешенді жоспары).
  7. Жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізу (жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар).
  8. Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру жөніндегі іс – шаралар кешенін жүргізу (жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар).
  9. Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру (жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар).
  10.  Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыру (жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар).
  11. Шетелде тұратын және оқитын қазақстандық жастарды шоғырландыру бойынша жобаларды іске асыру (жастарды қолдаудың кешенді жоспары).
  12. Жастардың белсенді азаматтық ұстанымын, сыни ойлау дағдыларын, басқалардың пікіріне төзімділікті қалыптастыру (жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар).
  13. Жастардың психикалық денсаулығына ықпал ететін жобаларды іске асыру – (жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар). Ведомствода Қаржы министрлігі ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген "ақылды ұрпақ" форумын ұйымдастыру және өткізу шығындарын қолдамағанын қосты.