Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін елімізде қандай шаралар қолға алынуда?

Мысалы осы жылдары өрт техникасымен және құтқару жабдығымен жарақтану көрсеткіштері іс жүзінде 50%-ға дейін ұлғайтылды.

Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін елімізде қандай шаралар қолға алынуда?
Дереккөз: liter.kz

Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар қызметі елде өз жұмысын бастағалы бері талай табиғи апаттардан адамдар құтқарылып, құтқарушылар мыңдаған адамның өмірін өлімнен арашалап қалған еді. Төтенше жағдайларда жанын шүберекке түйіп, сан түрлі қауіп-қатерге бел буатын құтқарушылардың күнделікті жұмыс күні қалай өтеді? Елімізде биыл жыл басынан бастап орын алған төтенше жағдайлардың саны қанша? Қазақстан құтқару қызметінің тарихы неден басталады? Осы және өзге сұрақтардың жауабын табу үшін, ширек ғасырдан астам тарихы бар тәуелсіз Қазақстан құтқару қызметінің тарихы мен бүгініне аз-кем шолу жасауды жөн көрдік.

Құтқарушы деген кім?

         Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған анықтамаға сәйкес, құтқарушы дегеніміз – бұл ең алдымен адамдарды көмекке және құтқару ісінде өз өмірін қатерге тігуге әзір, төзімді, батыл, психологиялық тұрғыдан тұрақты, қазіргі жағдайды бірден бағалай білуге және оған сәйкес әрекет етуге, команда құрамында жұмыс істеуге қабілетті адам. Ал құтқарушы мамандығы - еліміздегі ең жас, ең қаһарман және қазақстандық қоғамда керемет танымалдыққа ие болып, өзінің қажеттілігін дәлелдей алатын мамандық болып табылады. Бүгінгі таңда «құтқарушы» мамандығы қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болатын мамандықтардың бірі екені сөзсіз. Осы орайда құтқарушылардың ерліктері назардан тыс қалмайтынын, ел билігі оларды мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапаттайтынын атап өткен жөн.

Қазақстанның құтқару қызметі қашан құрылды?

         Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет мемлекеттік деңгейдегі құтқару органы 1995 жылы құрылды. Ол жөнінде министрліктің баспасөз қызметі былай дейді: «Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының құрылымын жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 1995 жылғы 19 қазандағы №2541 жарлығымен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және елдің азаматтық қорғанысы саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган ретінде Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды». Әр жылдары түрлі министрліктің құрамында болып келген комитетке, былтырдан бастап қайтадан министрлік құзыреті беріліп, оның министрі Юрий Ильин болып сайланды.

         Жыл сайын қазанның 19-ында құтқарушылар күнін атап өтетін мереке иелері, аталған күннің шығу тарихын былай деп еске алады: «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің құрылған күні азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі – Құтқарушы күні болып табылады. 2020 жылғы 19 қазанда азаматтық қорғау органдарына 25 жыл толды. Ширек ғасырда елдің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда: заңнаманы қабылдау, төтенше жағдайлардан қорғау үшін жаңа объектілер салу, құтқару және өрт сөндіру техникасы мен жабдықтарын сатып алу, Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру, қызмет өткеру жағдайларын жақсарту, кәсіби кадрларды даярлау, өрт сөндіру-құтқару спорты мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту», - дейді ведомство өкілдері.

«ТЖ қызметіне 26 жыл»: Статистика не дейді?

         Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің басты міндеті - төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою болып табылады. Бүгінде төтенше жағдайлар қызметі құрамында өрт сөндірушілер, құтқарушылар, кинологтар, дәрігерлер, психологтар, ұшқыштар бар. Олар орын алған төтенше жағдайларды жойып, өрт сөндіреді, адамдар мен мүлікті түрлі табиғи және техногендік апаттардан құтқарады.

         Былтыр төтенше жағдай қызметіне 25 жыл толуына орай ведомство өкілдері бірқатар қызық деректермен бөлісті. Мәселен, төтенше жағдай қызметі жұмыс істеген 1995-2020 жылдар аралығында төтенше жағдайлар мен өрттерді жоюға 1 млн 353 мыңнан астам оқиға орнына бару ісі тіркелген. Осылайша құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің кәсібилігі мен жеделдігінің арқасында 374 мыңнан астам адам құтқарылған. Сол сияқты 334 мыңнан астам азамат төтенше жағдай аймағынан эвакуацияланып, 55 мыңнан астам зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсетілген.

         Жалпы республика бойынша жыл сайын орта есеппен 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ тіркеледі. Оның ішінде 15 мыңы тек өрт жағдайлары болып табылады. Сол сияқты құтқарушылар ТЖ аймағынан 8 мың азаматты құтқарып, 20 мыңнан астам адамды қауіпті аймақтан эвакуациялаған. Ал, 4,5 мың зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілген.

      Сонымен бірге министрлік таратқан мәліметке сәйкес, 2020 жылдың басынан бастап құтқару бөлімшелері өрттерге және апаттық-құтқару жұмыстарына 53 мың шығу жұмысын жүзеге асырған. Олардан 11 мың адам құтқарылған. Жалпы ТЖ аймағынан 14 мыңға жуық адам эвакуацияланып, 3 мың зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілген екен.

         Сол сияқты мемлекет тарапынан өрт-құтқару бөлімшелерінің инфрақұрылымын жаңарту бойынша да біршама іс-шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауының арқасында соңғы 15 жылда мемлекет бойынша құтқару қызметтері үшін 31 объект салынған. Оның ішінде 23 өрт сөндіру депосы және 8 құтқару станциясы бар екен.

         Бұдан бөлек бюджеттің әр түрлі деңгейлерінен қаржыландыруға көшумен материалдық-техникалық жарақтандыру ісіне де көптеп көңіл бөлінді. Мысалы осы жылдары өрт техникасымен және құтқару жабдығымен жарақтану көрсеткіштері іс жүзінде 50%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ жарақтандыруды арттыру бойынша тиісті жол картасы қабылданған-ды. Нәтижесінде 1,5 мыңнан астам түрлі техника мен 20 мыңнан астам өрт-құтқару жабдығы мен жарақтары сатып алынды.

ТЖ туралы тұрғындарға қалай хабарланады?

Өрт сөндіру және адамдарды құтқару бойынша инновациялық технологиялары бар өрт сөндіру-құтқару техникасы мен жабдықтары қабылданған болатын. Сонымен қатар төтенше жағдайлар қызметін цифрландыру жұмыстары да қолға алынуда. Мысалы Қазақстанда төтенше жағдайларды хабарлаудың мемлекеттік жүйесі бар. Ол республикада бар байланыс және ескерту құралдарының барлық түрлерін қолдануды қамтиды. ТЖ министрлігі өкілдерінің айтуынша, ол ең алдымен, әрбір облыстық және аудандық орталықтарда орналасқан электр дабылдары іске қосылумен басталады екен.

Бұл ретте министрлік алдағы 3 жылда Қазақстан аймақтары дауыстап хабарлау құралдарымен толығымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.  Сондай-ақ, халыққа барлық қолда бар теледидар, радиоарналар бойынша және смс-хабарламалар жіберу арқылы хабар беру үшін, радио- телебайланыс құралдарын пайдалану жолы да жалғастырыла бермек.

«Darmen» қосымшасы жайлы не білеміз?

Қазақстанда төтенше жағдайлардың барлық түрлері туралы уақтылы ақпарат алуға мүмкіндік беретін Darmen қосымшасы іске қосылды. Мамандар заманауи қосымшаны әзірлеу үшін, Жапония мен АҚШ-тағы мобильді қосымшалар арқылы халықты хабардар ету тәжірибесі зерттелгенін алға тартады.

Мамандар оның жұмыс істеу принципін келесідегідей түсіндірді: «Әзірге қалалық ТЖД "Қазгидромет" қызметінен және Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициядан жедел мәліметтер алғаннан кейін хабарлама қалыптастырады. Бұдан әрі ТЖД жедел кезекшісі жүйеге деректерді енгізеді, ол дереу PUSH-хабарлама қосымшасын пайдаланушыларға жібереді. Бүгінде мобильдік қосымша тәжірибелік пайдаланудан өтті және бұрын қолданылған SMS-хабарламамен салыстырғанда хабарламаларды жедел жеткізуде өз тиімділігін көрсетті. Біздің қосымша әзірше бірнеше секунд ішінде Алматы аумағында ТЖ (соның ішінде дауылды ескертулер) қаупі мен туындауы туралы халықты жаппай хабардар етуге мүмкіндік береді. Бұдан әрі жер сілкінісі туралы ерте хабарлау жүйесін енгізу кезінде аталған қосымша алдағы жер сілкінісі туралы хабарлайтын болады», - деп атап өтті ведомствода.

Қазіргі таңда мобильдік қосымшаны Android және IOS операциялық жүйесінің базасында смартфондар мен планшеттердің барлық иелеріне қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүктеуге болады, қазіргі уақытта оны 2 мыңға жуық желі пайдаланушылары жүктеп алды. Қосымшаны App Store, Play Market ұялы телефондарына арналған қосымшалар дүкендерінен "Darmen" атауын енгізу арқылы жүктеуге болады. Жоба авторлары - Smart Almaty тұжырымдамасын іске асыру аясында қосымшаны әзірлеуші "I2NIK" ЖШС болып табылады.

Бүгінде аталған қосымшаға 200 мыңнан астам адам тіркелген. Егер төтенше жағдай орын алса, төтенше жағдай аймағында Төтенше жағдайлар министрлігінің де, Ішкі істер министрлігінің де бөлімшелері жұмыс істейтін көрінеді.

Азаматтық қорғау органдары қызметінің 2021 жылдың 1 тоқсанындағы нәтижелері

  • 2021 жылдың 1 тоқсанында 2 990 төтенше жағдайлар мен табиғи апаттар тіркелген;
  • олардың ішінде техногендік сипаттағы ТЖ-дан 81 980 адам зардап шегіп, 812 адам қаза тапқан;
  • оқыс оқиғалардан болған материалдық шығын 593 миллион 52 мың теңгені құраған;
  • "112" шұғыл қызмет телефондарына азаматтардан 1 748 610, "101" пультіне 445 020 қоңырау түскен.
  • төтенше оқиғаларды жою үшін өрт сөндіру қызметі, жедел-құтқару және ТЖ басқа да бөлімшелері 12 920 шығуды жүзеге асырып, олардан 4 244 адам құтқарылған;
  • сол сияқт ТЖ аймағынан 5 658 адам эвакуацияланып, 745 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілген;
  • өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметтері дабыл бойынша 11 672 рет жолға шыққан;
  • ал шұғыл ден қою бригадалары 1 203 рет жолға шығып, 657 зардап шегушіге медициналық көмек көрсеткен, сондай-ақ, 245 адам ауруханаға жатқызылып, ТЖ аймағынан 315 адам эвакуацияланған.
  • оның ішінде трассалық медициналық-құтқару пункттерінің күшімен 267 шығу, оның ішінде ЖКО – ға – 201, 433 зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді, 211 адам емдеу ұйымдарына жатқызылып, 275 адам эвакуацияланған;
  • ТЖМ авиациясы санитариялық авиация желісі бойынша 172 ұшып шығу жасады, бұл ретте 169 пациент тасымалданған.

Кімдермен мақтанамыз?

Азаматтық қорғау органдарының старшинасы Рүстем Ержанов қызметтік борышын адал атқарып жүрген мамандардың бірі. Өз ісін шын ниетпен әрі сүйіп істейтін ол, осы ерлігімен жас мамандарға үлгі болады дейді. Рүстем Ержанов 22 жылдық қызметі ішінде өзін тәртіпті, лауазымдық міндеттерін орындауда жауапты қызметкер ретінде көрсете білген.

Айта кету керек, Рүстем Сапарұлы – сүйікті жар және үш баланың әкесі. Өрт сөндірушінің туыстары мен жақындары оның қызметтік табысын мақтан етеді. Құтқарушы I, II, III дәрежелі "Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін" медальдарымен, III дәрежелі "Құтқарушы" төсбелгісімен, сондай-ақ өртке қарсы қызметтің 100 жылдығы мерейтойлық медалімен марапатталған. Қазір Рүстем Сапарұлы өзінің еңбек тәжірибесін тәлімгері бола отырып, қызметке жаңадан келген жас қызметкерлерге бағыт-бағдар берумен айналысады.