Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Елімізде балалардың терезеден құлап түсіп, мерт болған жағдайлары көбейген

Қазақстанның төтенше жағдайлар қызметі мәлімдегендей, 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында балалардың терезеден құлап кету оқиғалары ең көп тіркелген өңірлердің қатарында Қарағанды облысы - 13 жағдай, екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы – 12, Батыс Қазақстан облысы – 6 және Алматы – 5 оқиға деп танылған.

Елімізде балалардың терезеден құлап түсіп, мерт болған жағдайлары көбейген
Дереккөз: liter.kz

Қар кетіп, жаз шығысымен қазақстандық құтқарушылардың да жұмысы қыза түспек. Соңғы жылдары әсіресе биіктен құлап түсіп, мерт болатын балалардың саны артқан. Қазақстан Республикасы төтеше жағдайлар министрлігі өткен жылдың тек шілде айында терезеден 20 сәби құлап түскенін мәлімдейді. Жалпы былтырғы жылдың басынан бастап осындай 64 жағдай тіркелген. Олардың арасында бес бүлдіршін оқиға орнында қайтыс болса, 59-ы ауруханаға жеткізілген. Өкініштісі балалардың кейбірі оқыс оқиға салдарынан өмір бойына мүгедек болып қалып жатады. Материалдың бүгінгі тақырыбын осындай оқыс жағдайлардың басы-қасында жүріп, көптеген балалардың өмірін арашалап алып қалатын құтқарушылардың қызметіне арнамақпыз.

         Қазақстанның төтенше жағдайлар қызметі мәлімдегендей, 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында балалардың терезеден құлап кету оқиғалары ең көп тіркелген өңірлердің қатарында Қарағанды облысы - 13 жағдай, екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы – 12, Батыс Қазақстан облысы – 6 және Алматы – 5 оқиға деп танылған. Өкініштісі бүлдіршіндердің терезеден құлап кету оқиғалары жыл санап артып келеді. Осылайша республика бойынша тек 2019 жылы осындай 100-ден астам жазатайым оқиға тіркелген.

         Балаларды құтқару операцияларына қатысатын елордалық құтқарушы Марат Сыздықов 20 жылдан астам уақыт бойы осы салада қызмет етіп жүр. Ол былтыр осындай  оқыс оқиға орнына келіп, бала өлімінің куәсі болдым дейді.

         «Біздің штабқа қоңырау келіп түсіп, оқыс оқиға орын алған жерге ұшып жетуге тура келді. Баланы құтқаруға тез жетсек те, ол оқиға орнында тіл тартпай кетіпті. Мен осы оқиғаны басымнан кешіргеннен кейін, көпке дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Себебі менің өзімде де балалар бар, сондықтан қашан да олардың аман жүруін тілейтін едім. Осындай сәттерде олардың ата-аналарына өте қиын болатынын түсінемін. Өкініштісі ата-аналар кейде салғырттыққа салынып, балаларын жалғыз өздерін қалдырып кетіп жатады. Біз ондайға жол бермеуіміз керек", - дейді Марат Сыздықов.

         Қайғылы жағдай былтыр Алматы қаласында да орын алған еді. Үш жасар қыз бала ас үйде жалғыз ойнап жүріп, көп қабатты үйдің алтыншы қабатынан, биіктіктен құлап түскен болатын. Оқыс оқиға Түрксіб ауданы Жас Қанат шағын ауданында болған. 18 маусымда бүлдіршін төрт жасқа толуы керек еді дейді мамандар. Өлім жедел медициналық көмек келгенге дейін болған.

         Балаларына жөнді қарамау салдарынан, терезеден құлап кету сынды қайғылы жағдайлар болғанда, олардың ата-аналары  ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін дейді адвокат Максим Мостович. "Егер анасы мен әкесінің іс - әрекетінде олардың баласын қадағаламайтындығы байқалса, қамқоршылық органының немесе прокуратураның бастамасы бойынша олар ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін", - дейді маман. Сондай-ақ ол мұндай жағдайларда ата-аналарға немесе балабақша тәрбиешілеріне 2000 АЕК (5 556 000 теңге) көлемінде айыппұл салынуы немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не екі жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айырылуы жазасы берілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша соңғы шешім сотта қалады екен. "Егер бала қайтыс болса, онда адам үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады", - деді ол.

         Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар қызметі соңғы жылдары аталған деректердің көбеюіне байланысты, алаңдатушылық білдіріп, ата-аналарға қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануды сұрайды. Осыған орай мамандар балаларды қорғаудың төмендегі нұсқаларын назарларыңызға ұсынады:

  • егер үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмау қажет, өйткені оларды терезе алдында тіпті бір секундқа қалдырудың өзі оқыс оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін;
  • терезенің тиісті қорғанысынсыз москит торларын пайдалануға болмайды – себебі балалар оларға сүйенуді ұнатады, москит торын сенімді тірек ретінде қабылдап, онымен бірге құлап кетеді;
  • терезелерге баланың өздігінен терезені ашуына кедергі келтіретін қауіпсіздік құлыптарын орнатқан абзал;
  • баланы қараусыз қалдырмау керек, әсіресе терезелер мен шыны есіктердің жанында ойнауға жол бермеу қажет;
  • бала терезеге көтерілмеуі үшін жиһазды терезелердің жанына қоюға болмайды;
  • балалардың төсекке немесе терезелердің жанында орналасқан басқа жиһаздарға секіруіне жол бермеу керек;
  • үйді тазалау уақытында заттарды балконға немесе ішкі жылтыратылған есіктердің жанына қоюға болмайды, өйткені бала сүрініп, өзіне зақым келтіруі мүмкін;
  • балаларға қауіпсіздік сабақтарын үйрету маңызды, сондай-ақ жасы үлкен балаларға кіші балаларды қарауға үйреткен жөн;
  • балалар бөлмесіне арналған терезелерге аксессуарларды мұқият таңдау керек. Атап айтқанда, күннен қорғайтын перделер мен роликті жалюзи - ілулі сымдар мен тізбектерсіз болуы керек.
  • терезелердің астына жасыл шөптерді отырғызған жөн, әсіресе егер сіз жеке үйде тұрсаңыз, бала терезеден құлаған жағдайда ол қонуды жұмсарта алады.

Десе де елімізде биіктен құлап түскен балалардың жерде қағып алған, мың жағдайдың ішінен бір рет кездесетін қуанышты оқиғалар болды. Мысалы былтырғы жылы дәл осындай жағдай Қостанай облысының Жітіқара ауданында орын алған еді. Онда 18 жастағы студент терезеден құлап түскен баланы өз қолымен қағып алған болатын. Темірлан Әбдіғалиев есімді тұрғын баланы терезеде көріп қалып, жалма-жан оны құтқаруға тысқа шығады. Айтуынша 3-4 жас шамасындағы бала тыстағы терезеге шығып кеткен. Студентті көрген бүлдіршін 3 қабаттан жерге қарай ылдилай түскен. Дәл сол сәтте мен оны қағып алдым дейді Темірлан Әбдіғалиев.

Жергілікті полицейлер кейін 18 жастағы қала тұрғынын батырлығы әрі жедел әрекеті үшін алғыс хатпен марапаттаған болатын.

Құтқарушылар өкінішке орай оқыс оқиғалардың соңы көп жағдайда  бұлай аяқтала бермейді деп дабыл қағуда. Олар күн жылынып, жаз мезгілі басталған сәттен үйдегі баласы бар отбасыларды барынша сақ болуға шақырып отыр.

«Бастысы қайда шықсаңыз да, балаларды үйде жалғыз қалдырмаңыздар. Егер сақтық шараларына бір мезет ден қойсаңыз, қайғылы жағдайдың орын алуына жол бермей, керісінше оның алдын ала аласыздар»,-дейді мамандар.