Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Мотоэкипаж, жылжымалы резервуар, ең биік көтергіш: Алматы ТЖ гарнизоны қалай жабдықталған?

Мотоэкипаж құтқарушылары бас-аяғы үш жылда 328 бағытқа шығып, 6 адамның өмірін құтқарып қалған.  

Мотоэкипаж, жылжымалы резервуар, ең биік көтергіш: Алматы ТЖ гарнизоны қалай жабдықталған?
Дереккөз: stan.kz

Қазақстанның төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 26 жылдан астам уақыт өтіп, ширек ғасырда республика бойынша құтқарушылар мен өрт сөндірушілер мыңдаған адамның өмірін құтқарып қалды. Азаматтық қорғаныс органдары қызметкерлері арасында – өрт сөндірушілердің ерен еңбегі қашан да халық назарында болатыны анық. Осы орайда материалдың бүгінгі санын Алматы қаласы төтенше жағдайлар қызметіне арнауды жөн санадық.

         Оңтүстегі мегаполистің төтенше жағдайлар қызметі былтырғы жылы мыңдаған шұғыл дабылдарға барып, қауіпті аймақтан 600-дан астам адамды құтқарған. Оның ішінде шұғыл қоңырауларға барған 500-дан астам оқиғада, құтқарушылар зардап шеккен азаматтарға алғашқы медициналық көмекті көрсеткен. Қаланың төтенше жағдайлар департаменті басшысы, өрт сөндіру қызметінің генерал-майоры Серік Әубәкіровтің айтуынша, шаһарда төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 19 қызмет түрі бар азаматтық қорғау жүйесі құрылып, онда түрлі профильдегі 1,5 мыңнан астам маман жұмыс істейді екен. Сондай-ақ қала тұрғындарын түрлі төтенше жағдайлардан 350-ден астам құтқарушы мен 150 бірліктен тұратын техника құтқаратын көрінеді. «Төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау, өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету біздің департаменттің негізгі жұмысы болып табылады. Бұған қоса біз азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, қаладағы азаматтық қорғау жүйесінің дамуын қамтамасыз ету, өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау, оны тексеру, өрттің алдын алу және сөндіру сынды міндеттерді атқарамыз. Қазіргі таңда біздің департаментте өрт сөндірушілер, сүңгуірлер, альпинистер, кинологтар мен апаттар медицинасы, селден қорғау бойынша мамандар, азаматтық қорғаныс әскери қызметкерлері және өз авиациясымыз бар. Жалпы төтенше жағдай орын алған уақытта қала полициясы, Ұлттық Ұлан, медицина қызметкерлері, коммуналдық және қаланың авариялық қызметімен бірлесе жұмыс істейтінін білесіздер.  Осы орайда республика бойынша Алматы коммуналдық "109- Құтқару қызметі" құрылған жалғыз қала екенін атап өткім келеді»,-деді департамент басшысы Серік Әубәкіров.

         Қаланың төтенше жағдайлар департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, ірі мегаполистегі оқыс оқиғалардың 98%-ы өрт салдарынан туындап жатады екен. Ведомство өкілдері Алматыда жыл сайын 600-ден астам өрт ошағы болады дейді. Өкініштісі тілсіз жау қала экономикасына материалдық шығын ғана келтірмей, онда ондаған адам опат болып жатады. Шаһардың төтенше жағдайлар қызметі департаменттің жабдықтау және дайындық тұрғысынан ел бойынша көш бастап тұрғанын атап өтті. Мәселен қаланың өрт сөндірушілері бір уақытта шаһардың әр жерінде шығатын өртті сөндіре алады екен. Мәселен тек алматылық өрт сөндіру гарнизонында республикадағы ең биік көтергіш (91 метрге дейін көтеріле алады) бар. Құиқарушылар оның көмегімен тіпті 30-қабатта зардап шеккендерді құтқара аламыз дейді. Бұған қоса департамент басшысы барлық аудардардың өрт сөндіру бөлімшелері биіктігі 32 метрді (10 қабат) құрайтын автобаспалдақтармен қамтылғанын мәлім етті.

         Оңтүстік астананың шет аймақтарында тұратын тұрғындар су тапшылығы мәселесімен бетбе-бет келіп жататыны рас. Сол себепті бөлімшеде сыйымдылығы 30 тонна болатын «жылжымалы резервуар" жұмыс істейді екен. Сондай-ақ гарнизон су бүркетін немесе ұсақ дисперсті көлік құралдарымен жабдықталған екен. Тағы бір ескеретін жайт, қаланың кей көшелерінің тарлығына байланысты, Алматыда мотоциклды өрт сөндіру экипажы енгізілген екен. Сондықтан аталған қала құтқару қызметіне мұндай бастаманы енгізген алғашқы қала болып табылады. Департамент өкілдері бүгінде олардың 6-уы қолданыста дейді. Мотоэкипаж құтқарушылары бас-аяғы үш жылда 328 бағытқа шығып, 6 адамның өмірін құтқарып қалған.  

         Шаһар көшелерін су және балшық басудың алдын алу үшін, гарнизон балшық сорғыларымен де жабдықталған. Сол сияқты гарнизон көпфункционалды өрт сөндірудің екі көлігімен көліктерімен толықтырылған. Мұндай көліктер құтқарушыларға өрт сөндірумен қатар, жылу жүйесінде апат болған жағдайда, өртті сөндіргеннен кейін, орташа екі үйді өзінің жылу жүйесіне қосып, бір мезетте балабақша мен шағын мектепке уақытша электр қуатын бере алады екен. Бұл жөнінде Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысы Серік Әубәкіров былай дейді: «Қаламызда күн сайын дайын күйінде тік және көлденең сөндіру жүйелерімен жабдықталған 3-тен 5-ке дейінгі әскери кезекшіліктегі тікұшақтар бар. Соңғы бес жыл ішінде гарнизон 60-тан астам өрт сөндіру және арнайы авариялық-құтқару техникаларымен жабдықталды»,-дейді ведомство басшысы.

         Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан әрі сел жүру қаупі көп болуына орай,  төтенше жағдайлар департаментінің бұл салаға да баса мән беруге жүктейді. Мәселен Алматы тауларда 47 көл бар болса, оның 7-уі "Қазселденқорғау" мекемесінің мұқият қадағалауында екен. Ведомство өкілдері аталған бөлімше жыл сайын таудағы судың толып кетуіне жол бермеуін бақылайтынын атап өтті. Сонымен бірге "Қазселденқорғау" мамандары дренажды арналар тазартып, оларды тереңдетіп, кеңейтеді екен. Олар сондай-ақ, жаз бойы еріген қар суы мөлшерін қадағалап, ағын судың түсу қарқындылығын бақылайтын көрінеді.

Мәселен, тек 2020 жылдың жаз айының басында барлық 7 көлде жалпы көлемі 1,2 миллион текше метр су бар ескерсек, олардың 5 миллион текше метрі тысқа төгілген. Сонымен бірге Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен сел қауіпсіздігі мәселелері жүйелі түрде шешу мақсатында, "Аюсай" және "Ақсай" шатқалдарында селден қорғайтын, сел жүретін бөгеттер тұрғызу қажеттігі туындап отырған көрінеді.

Департамент мамандары үш жыл бойы Үлкен және Кіші Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде сел қаупінің автоматтандырылған мониторингін жүзеге асырған. Осылайша, өткен жылдың тамыз айында Қарғалы шатқалындағы №1 көл бекетінің бақылаушысы су ернеуіндегі өзгерісті таңғы сағат 6-ларда байқаған екен. Бұл дегеніміз көл 7 метрге дейін төмендеп, ол судың қысымымен топырақты бұзып, ернеуінен асатынының басты белгісі еді. Айта кетерлігі, мұндай ағындар жол бойында тастар мен ағаштарды ағызып қана қоймай, оларды жинай отырып, күш алып, оның көлемі 10-20 есеге дейін ұлғаяды екен. Сол сәттен бастап сел шамамен бір-бір жарым сағатта елдімекенге жетеді деп болжанатын көрінеді.

Қуантарлығы бүгінде цифрландыру жүйесі аталмыш салаға да енгізіліп, ол құтқарушылар жұмысын барынша жеңілдетуде екен. Мәселен,
төтенше жағдайлар қызметіндегі бақылау жүйесі қазіргі таңда автоматты режимде онлайн бақылау жасай алады. Оның нәтижесінде әр параметр жазылып, мәліметтер базасына енгізілетін болады. Ал бұл өз кезегінде алдағы уақытта орын алып қалуы мүмкін қауіпті жағдайларды болжауға мүмкіндік береді.

Сол сияқты жүйе төтенше жағдай орын алған уақытта "Қазселденқорғау" мен төтенше жағдай департаментінің диспетчерлік бөліміндегі адамға сигнал береді және ескерту сиреналарын қосу туралы өтініш жасайды. Мамандар аталған бағдарламаны Ақылды қала" жүйесіне қоссақъ, су басуы мүмкін жерлерде электр қуаты мен газды автоматты түрде өшіруге болатынын алға тартып отыр.

Сонымен бірге қалалық төтенше жағдайлар департаменті мамандары сейсмология институтымен бірге жер сілкінісі туралы алдын ала ескерту жүйесін құрудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге кіріскен.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті өкілдері сонымен бірге қалада бір жыл ішінде эпицентрі 500 шақырымға жететін 200-дей жер сілкіністері болып тұратынын атап өтті. Олардың айтуынша егер эпицентрден шыққан әрбір толқын 8 секундта 100 шақырымды қамтиды деп есептелсе, сейсмикалық датчиктерді қаланың айналасына дұрыс орналастыру арқылы жер дүмпулерін жазып, бірнеше ондаған секунд ішінде олардың жақындағанын ескертуге болады екен. Департамент басшысы мұны автоматты режимде "Дәрмен" мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отырғандығын атап өтті. Ол оның көмегімен смартфон арқылы бар-жоғы 30 секунд ішінде 5 баллдық жер сілкінісі болатыны туралы хабарламаны жолдауға болатынын айтады.