Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Қазақстанда жыл сайын 15 мыңға жуық өрт ошағы сөндіріледі

Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 13 615 жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, салынған ақшалай өндіріп алу сомасы 116 млн. теңгеден асты. 

Қазақстанда жыл сайын 15 мыңға жуық өрт ошағы сөндіріледі
Дереккөз: liter.kz

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, елімізде тек былтырғы жылы 2019 жылмен салыстырғанда өрт саны біршама артқан. Атап айтқанда, 2020 жылы республикада 13 933 өрт тіркеліп, олардың салдарынан туындаған материалдық шығын 3,4 миллиард теңгеден асқан. Өкініштісі өткен жылы тілсіз жау кесірінен 389 адам қаза тауып, елдің 363 тұрғыны түрлі дәрежедегі жарақат алған. Өрт сөндіру саласындағы өзге де тың ақпаратты аталған мақалада біле боласыздар.

         Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, елде өрт ошақтарының басым көпшілігі жекеменшік секторда орын алады екен. Ведомство өкілдерінің айтуынша, былтырғы жылы өрттен қаза тапқандар саны 2%-ға артса, улы газдан зардап шеккендер саны біршама азайған екен. «2020 жылдың тек желтоқсан айының алғашқы аптасында ел бойынша 293 өрт ошағы тіркеліп, оларда 19 адам мерт болды. Сондай-ақ 47 азамат ауруханада ем алып шықты. Біздегі қолдағы бар мәліметтерге сай, республикада жыл сайын 15 мыңнан астам өрт ошақтары тіркеледі. Өкініштісі олардың дені, нақтырақ айтсақ, 65-67%-ы жекеменшік тұрғын-үй секторында болады»,-дейді министрлік өкілдері.

         Сондай-ақ ведомство өкілдері елдегі төтенше жағдайлардың басым көпшілігі – өрт жағдайлары екенін жасырмайды. «Оның негізгі себептері – жекеменшік секторда, яғни жеке тұрғын-үйлерде газ-баллон және пеш жабдықтарын дұрыс қолданбаудан болып отыр. Біз аталған мәселенің алдын алу үшін, зейнеткерлер, мүгедектер мен көп балалы аналар, халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын жеке сектордың 118 мыңнан астам үйін есепке алып, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өрт сөндіру қызметі мамандары осы үйлерге бірнеше рет барып, рейдтік іс-шараларды да өткізген еді. Өкініштісі тұрғындар рейдтер барысында анықталып жататын кемшіліктерді жасырғысы келіп тұрады. Азаматтарға мұндай әрекетке барудың соңы қайғылы жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін екендігін қайталар айтқымыз келеді. Жалпы өрттің алдын алу үшін, министрлік бастамасымен, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен табиғи газ, улы түтіннен болатын түрлі мақсаттағы датчиктерді орнату жұмысы жүргізілуде. Бұған дәлел тек өткен жылы осындай 120 мыңнан астам датчиктің құрылуы болып отыр»,-дейді сала мамандары.

         Сонымен бірге төтенше жағдайлар министрлігі жекеменшік тұрғын-үй секторы тұрғындарына өрт қауіпсіздігін түсіндіру жұмыстары былтырғы жылдың барлық қыс айларында жүргізілетінін мәлімдеген еді. Айта кетерлігі, тек былтырғы жылы осындай рейдтік шаралар республика бойынша жекеменшік секторда тұратын 2 миллионнан астам азаматты қамтып, 1,2 миллион үйде өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтар өткізілген болатын.

         Министрлік өкілдері сондай-ақ тұрғындарды газ баллонын пайдаланған уақытта аса сақ болуға шақырып отыр. Себебі былтыр, естеріңізде болса, 21-ші қарашада Нұр-Сұлтандағы дәмханалардың бірінде төтенше жағдай орын алып, газ баллонының жарылуы салдарынан оқиға орнында екі адам қайтыс болған еді. Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының сөзінше аталған дәмханадан тағы осындай 35 бірдей газ баллоны табылған. Сарапшылар елордада мұндай қайғылы жағдайдың орын алуы – газ баллонын пайдалануға қатысты ережелерді сақталмауынан, өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуынан екенін алға тартуда. Өкініштісі осы сынды газ баллонын дұрыс пайдаланбау салдарынан болған жарылыстардан тұрғындар ешқандай сабақ алатын емес дейді төтенше жағдай министрі Юрий Ильин. «Біз қанша рет азаматтарға ескерсек те, осы оқиғадан кейін дәл осындай жағдай бір аптадан соң Талдықорған қаласында болды. Егер оқиғаны тарқатып айтар болсақ, аязды күні жеке-тұрғын үйі бар азамат 5 литрлік газ баллонын үйге кіргізіп, үй ішін жылытпақ болады. Алайда газ баллоны жарылып, оқиға орнында төтенше жағдай орын алды. Өкініштісі бұл жағдайда да адам шығыны болды. Жарылыстан үй иесі қайтыс болып, оның ұлы мен үйге келген қонақтар зардап шекті. Сондай-ақ азаматтың үйі пайдалануға жарамсыз болып, олар далада қалды. Сол себепті тағы да қайталап айтамын, газ баллондарын пайдаланған уақытта барлық сақтық шараларын ұстансаңыздар екен. Қарапайым ережелерді сақтамаудың кесірінен осындай қайғылы жағдайлар көптеп орын алып жатыр. Біз ондайға жол бермеуіміз керек»,-деді төтенше жағдай министрі Юрий Ильин.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин сонымен бірге «тамақтану орындары мен теміржол пойыздарында газ баллондарын пайдалануға кезең-кезеңімен тыйым салынуы мүмкін бе?» деген сауалға жауап берді.  Ол өз кезегінде ТЖМ бөлімшелері жоғары қауіпі бар нысандарға ғана тексеріс жүргізетінін атап өтті. «Бұл – өнеркәсіптік  кәсіпорындар, адамдар көп жиналатын объектілер. Кафе мен мейрамхана бизнесі ҚР ТЖМ юрисдикциясына кірмейді. Үкіметтің тиісті қаулысы бар, ол жергілікті атқарушы органдарды газ-баллон жабдықтарын пайдалану бойынша кафелер мен мейрамханалардағы жағдайға мониторинг жүргізуге тиіс газды-техникалық инспекцияны құруға міндеттейді. Бұған да бизнеспен айналысатын азаматтар назар аударса екен дегім келеді. Газ баллон жабдығын дұрыс пайдалану үшін мемлекеттің ғана емес, ең алдымен азаматтардың да, кәсіпкерлердің де, дәмханаға келетін адамдардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілігі болуы тиіс»,-деді төтенше жағдайлар министрі.

         Жалпы министрлік жоғарыдағыдай оқыс оқиғаларға жол бермес үшін, төмендегі қарапайым ережелерді сақтауды сұрайды:

  1. жоқ дегенде үш айда бір рет мұржаларды уақытылы тазалап отыр керек;
  2. өлшемі кемінде 50-ден 70 см-ге дейінгі металл бұйымнан жасалған табақтың құрылғысы міндетті түрде болуы керек;
  3. жанғыш сұйықтықтарды пайдаланбау және жылыту құрылғыларын жаппау керек;
  4. пеш пен ашық оттың жанында газ баллондарын сақтамау қажет, сондай-ақ түнгі ұйқы алдында және үйден кетер уақытта газ жабдығының вентильдерін міндетті тексеру керек.
  5. балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау қажет.

Сонымен қатар министрлік өкілдері пешті жағу барысында қауіпсіздік ережелерін бұзған үй иелері қандай жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. «Заң бойынша біз азаматтарымыздың тұрғын үйіне қол сұға алмайтындықтан, ондай азаматтарға қатысты қандай да бір әкімшілік шаралар қабылдай алмаймыз. Бірақ біз азаматтарға берген ұсыныстар кемшіліктерді жойып қана қоймай, оларға қауіпсіз жағдайда өмір сүруге мүмкіндік береді. Бүгінде бізде әкімдіктер есебінен 120 мыңнан астам датчиктерді орнаттық. Әрине бұл мәселені мүлтіксіз шешпейді, бірақ болашақта кейбір үй иеліктеріндегі аз қамтылған жандар мен зейнеткерлер үшін, жергілікті бюджет қаражаты есебінен электр жабдықтарын ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Себебі қазір электр сымдарының ақауынан қайғылы салдарға әкеліп соқтырып жатқан өрт оқиғасы көп», — деді Юрий Ильин.

Мақала соңында, министрдің былтырғы жылы есептік кездесуінде берген тың мәліметтерді назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік: 

  • өрт сөндіру, қызметінің бөлімшелері өртке және авариялық-құтқару жұмыстарына 61 252 рет шықты, 980 мың адам құтқарылды, 16 757 адам эвакуацияланды.
  • аумақтық бөлімшелермен 21 542 тексеру жүргізілді, оның ішінде ерекше тәртіп бойынша 13 053 тексеріс, 68 347 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу анықталды.
  • өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 13 615 жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, салынған ақшалай өндіріп алу сомасы 116 млн. теңгеден асты. 

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің биылғы есептік кездесуі мамыр айының 21-інде өтеді деп жоспарланып отыр.