Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Қазақстандықтар қандай бағдарламалар арқылы жұмысқа тұра алады?

2019 Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 449 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның ішінде  85%-ы немесе 383 мың адам тұрақты жұмысқа тұрған.

Қазақстандықтар қандай бағдарламалар арқылы жұмысқа тұра алады?
Дереккөз: ult.kz

2020 жылы әлемде пандемияның кесірінен көптеген елдердің экономикалық жағдайы күрт төмендеп, жер жаһанда жұмыссыздар саны өскен еді. Қазақстанда былтырғы жылдың тек бірінші тоқсанында 8,8 млн жұмыспен қамтылып, бұл былтырғы жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 0,7% - ға артық көрсеткіш болатын. Ресми мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында елдегі жұмыссыздар саны 442,4 мың адамды құраған. Жалпы ел Үкіметі былтыр Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейін 5%-дан асырмай, ел экономикасының тұрақты дамуын сақтап қалған еді. Бұл ретте Қазақстан ЭЫДҰ елдері арасында жұмыссыздық деңгейін Канада (5,7%), Франция (8,5%), Дания (5,1%), Италия (10%), Швеция (6,8%) және т. б. мемлекеттерге қарағанда төмен деңгейде сақтай алды. Республика бойынша жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде? Жалпы жұмысы жоқ азаматтар қандай бағдарламалар арқылы жұмысқа тұра алады? Материалдың бүгінгі тақырыбын аталған мәселеге арнауды жөн көрдік.

Жұмыспен қамтуды көздейтін қандай мемлекеттік бағдарламаларды білеміз?

Елімізде жұмыссыздық деңгейін 5%-дан асырмау үшін, көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұдан Қазақстан билігі халықты жұмыспен қамту саласын қашан да басты назарда ұстайтынын аңғаруға болады.  Бұған дәлел мемлекетте бүгінде еңбек нарығын дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы болып отыр. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» мен  Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы қазіргі таңда өз тиімділігін көрсетті. Мәселен, тек 2019 Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 449 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның ішінде  85%-ы немесе 383 мың адам тұрақты жұмысқа тұрған.

Қуантарлығы, аталған мемлекеттік қолдау шаралары Қазақстанды 2019 жылы бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде "Еңбек нарығы" санатында 30-шы орыннан 25-ші орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Еңбекақыны төлеу және өнімділік, ішкі жұмыс күшінің ұтқырлығы, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу саясаты, қызметкерлердің құқықтары және т.б. индикаторлары бойынша Қазақстан біршама оң нәтижеге қол жеткізген.

Covid-19 Қазақстанның еңбек нарығына қалай әсер етті?

         Өткен жылы дүниежүзінде Covid-19 пандемиясының өршуіне байланысты әлемдік еңбек нарығы, оның ішінде көптеген елдердің экономикасы орасан зор шығындарға ұшырады. БАҚ беттеріндегі мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылдың сәуір айында әлемде шамамен амен 3,3 миллиард адам жұмыссыз қалған. Бұл жалпы жұмыс күшінің 81%-ын құрайтын көрсеткіш екен. Қазақстанға келер болсақ, 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты 4,2 млн қазақстандық азамат уақытша жұмыссыз қалған еді. Аталған мәселесі шешу үшін, республикада әлемнің көптеген елдерінде сияқты жұмыссыздықтың алдын алу шаралары қолға алынды. Солардың бірі - "Жұмыспен қамтудың жол картасы" болды. Карта аясында 6,5 мыңнан астам жоба ұсынылып, 255 мың жаңа жұмыс орны құрылған еді.

"Жұмыспен қамтудың жол картасы" шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың басты шарты ол – отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерін кем дегенде 90%-ын қолдануды қамтамасыз ету болып табылады және жұмысқа алынатын азаматтардың кемінде 50%-ы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалданатындығы болып саналады. Осылайша былтырғы жылдың тек алғашқы жарты жылдығында өңірлерде 6295 жоба бойынша жұмыс басталып, оларда 148 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан деректерге сәйкес, оның ішінде 77 мың адам халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа тұрған.

Жұмыспен қамту бойынша көп бастап тұрған қай қала?

2020 жылы республикадағы жұмыспен қамту орталықтары арасында ең жоғары нәтиже көрсеткен орталық - Алматы қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы болды. Оған дәлел, өткен жылдың тек бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мегаполисте тұрақты жұмыс орнына 3,3 мың адам орналастырылған. Ал елордасы Нұр-Сұлтанда бұл уақыт аралығында бар-жоғы 651 адам жұмыс тапқан. Сол сияқты Алматыда 2020 жылдың 15-ші тамызына дейінгі аралықта 23 017 тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Бұдан бөлек уақытша жұмыс орындарына 12 158 азамат жолданса, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына - 1088 адам, қоғамдық жұмыстарға - 10 385 адам жөнелтілген.

Республика бойынша "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында да жаңа жұмыс орны ең көп ашылған қала – Алматы қаласы болды. Мұнда 2020 жылдың соңына дейін 26 мың жұмыс орны ашылған. Сонымен бірге инженерлік-көлік инфрақұрылымын, ТКШ желілерін кеңейту және жаңғырту, аумақтарды абаттандыру және т.б. мақсатта 2020 жылдың 15-ші тамызына дейінгі көрсеткіш бойынша қалада 208 жоба іске қосылып, 16 350 жұмыс орны құрылған. Ал жұмыспен қамту орталықтары арқылы 8 300 адам жұмысқа тұрған. Бағдарлама бойынша азаматтар 85-120 мың теңге арасында жалақы алған. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, жыл соңына дейін аталмыш бағдарлама бойынша 2045 жаңа, тұрақты жұмыс орны құрылған.

Десе де жұмыспен қамтылғандар арасындағы едәуір айырмашылықты өңірлердегі халық санының айырмашылығымен де байланыстырған жөн.

Оңтүстік астанада сонымен қатар жастарды жұмысқа тұруға ынталандыру үшін, өзге де мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мәселен 2020 жылғы 20-шы тамыздағы дерек бойынша "Еңбек", «Бизнестің жол картасы», «Даму», «АӨК», Almaty Business сынды мемлекеттік бағдарламалары аясында жыл соңына дейін 67,5 мыңнан астам жаңа, оның ішінде 27,3 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған екен. Шаһарда жұмыспен қамтудың тағы тағы бір таптырмайтын шарасы - жаппай кәсіпкерлікті қолдау шеңберіндегі мемлекеттік гранттар болып табылады. Осылайша былтырғы жылдың алғашқы тек 8 айында 1,3 мың алматылық азаматқа 725,6 млн теңгенің гранты берілген көрінеді. Аталған шаралардың әрқайсысы халық саны көп саналатын оңтүстік мегаполистің тұрғындарын жұмыспен қамту ісіне оң әсерін тигізетіні анық. Республикаға келер болсақ, былтыр жыл соңына дейін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1,2 млн адамды қамту жоспарланған көрінеді. Оның ішінде ел тұрғындарының басым көпшілігін "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын" іске асыру шеңберінде — 600 мың адам, "жұмыспен қамтудың жол картасы" бойынша — 255 мың адам, басқа мемлекеттік бағдарламалар ("Нұрлы Жол", "Нұрлы Жер", "ИИДМБ","БЖК 2020-2025" және т.б.) бойынша — 364 мың адам қамтылады деп күтілген.